- Негізгі бет
- Поэзия
- Шетелдегі қазақ балалары...
Шетелдегі қазақ балалары туралы фильмді көргенде...
Көп пенденің бірі едім еті өлген,
Ғұмыр сүйреп елулерге әкелген.
Бала жайлы бағдарлама көрдім мен
Елге сыймай орын тапқан шетелден.
Бұл фильмде дерсің қандай ғажап бар?
Бұл фильмде дерсің қандай азап бар?
Жат мекенде жаутаңдаған жан-жаққа
Жанарыңа жас толтырар казақ бар.
Бірі сау да, ал біреуі мүгедек,
Бірі ойнайды, біреуі жүр түрегеп.
Журналист қыз баяндайды тарихын
Барған екен бауырлар деп бір елеп.
Қайдан жүрсің кара көзді көкем-ау?
Тілің басқа, түрің таныс бет анау.
Шекарадан шерменде ғып асырып
«Ереағын»- деп ат қояды екен- ау!
Обал-сауап айналайын кімде екен?
Кең жеріңнен бұйырмаған бір мекен.
Сені тапкан адам шіркін жер басып
Айналаға "анамын" деп жүр ме екен?
Сені тастап кеңжағасы жайланған,
Күту емес , құтылуды ойланған.
Сол әкенің тыныш па екен ұйқысы?
Қу нәпсісі көз жасына айналған.
Жастайыңнан біліп өссең өксуді,
Көкірекке қадалмай ма көк сүңгі.
Бізге деген өкпең бе әлде, сағыныш
Сен оранып жата кеттің көк туды.
Айырғанда кіндік кескен жеріңнен,
Қай жыртығым жамалды екен сенімен?
Есейсең де, құрғамапты-ау көз жасың
Өмірге де еңіреумен келіп ең.
Осы ма екен көк тулы елдің толғаны,
Төл баласын шетке асырған қолдағы.
Жаңа ата-анаң еркелетіп жатқанмен
Елестейсің балапандай тордағы.
Көріп тұрып жатқа кеткен баланы,
Қалай жуам көңілдегі наланы?
Қызғыш кұсқа жалғыз калып мұң шаққан
Таусылмап па ед Махамбеттің заманы?!
Бөтен елдің азаматы баптаған,
Тамағы да, тіл- діні де жат саған.
Толмап па еді жұрт сұлаған
Алқа көл болмап па еді, ел шұбырған Ақтабан.
Ана болған, әке болған көлденең,
Тең болдың-ау базардағы төлменен.
Қазақ десе жаутаң-жаутаң карайсың
Сығараңдап есігі ашық бөлмеден.
Қандасым-ау , карашығым қаның бір,
Жат босаға, жапырақтай жаның жүр.
Есейгеңде бәлкім елді табарсың
Саларсың ба, туған жердің әнін бір?
Ана тілге елеңдейсің, тыңдайсың,
Жатырқайсың, жанарынды дымдайсың.
Сәлем дейсің Қазақстан еліңе
Кіп-кішкентай қолдарынды бұлгайсың.
Үміт жалғар жан шығарсың ақ таңға,
Балапан боп қонған құсым жат талға.
Періштем-ау кімге колды бұлғайсың
Анаңа ма тастап кеткен тапқанда?
Коштасасың қолың жайып елменен,
Сәби жүрек секемдендің сен неден?
Періштем- ау кімге қолды бұлғайсың
Әкеңе ме бір көрініп келмеген?
Ашыла ма енді елге есігің,
Кісі елінде тербелген соң бесігің.
Қол бұлғайсың сыртқа тепкен оған да
Жөргеңгінде жазып қойған шешімін.
Өкінбей ме күнаһарлар артынан,
Махаббатын жын мен шайтан шарпыған..
Бір басыңа жетер еді-ау бір бұрыш
Бір аузыңды толтырмас па жарты нан.
Асырауға шамам жоқ дейд... анаң да,
Бүрі жоққа сылтау көп қой табанда.
Ит басына іркіт төккен заманда
Жалғыз бала бұйым боп па адамға.
Қалып қойған жат елінде жан құрттай,
Ескі жырды қоймадың-ау жаңғыртпай.
Жетімін де жебеп өскен ел едік
Жесіріне қамкор болған каңғыртпай.
Таңдай кеуіп, тас бітеліп қөмейім,
Кімге айтып, кімді барып сөгейін?
Өз елімде өгейсіреп жүргенде
Бөгде елдегі бүлдіршін-ау не дейін?!
Авторы: Жұмабеков Серік Үмбетұлы, Қостанай облысы Аманкелді ауданы, Үрпек селосы
Дайындаған: М.Әуелханұлы
Сурет: halyksozi.kz
M. Auelkhan