Шерхан Талап: "Жайыққа жаяу тартып кетсем бе екен?.."

Құрметті жырсүйер қауым, бүгін біз сіздерге жас ақын Шерхан Талаптың жаңа өлеңдерін ұсынбақпыз. Кеше ғана Алматыға аяқ басқан балаң көңіл жас ақын бір жыл ішінде талай жетістікке жеттті. Батыстың қаймағы бұзылмаған ақындық мектебінен тәлім алған Шерхан бүгіндері Алматы ақындарының да тобырында топ жарып келеді. Қадыр ағаның қаймықпаған қара өлеңінен жырдың өміріне сарқылмас азық жинаған жас ақын қаламын тыныш қояр емес. Қатарынан озық жүрген Шерхан Талаптың талабына нұр жаусын дей отырып, жыр дәптеріне үңіле кетейік!

Театрға бару керек...

Театрға бару керек... жалғызбын...
Іздеп жүрмін жүзі сұлу, жанды ізгі.
Маған қиын ұқсамаса Гүліме,
Білегінен ұстап кету әр қыздың...

Театрға бару керек... жүдеумін...
Қарашы енді сағыныштың үдеуін.
Жалғызыма ұқсап кетті бір ару,
Ойға мас боп отырғанда түнеу күн.

Театрға бару керек... мұңды арман –
Жүргімде жазылмаған жыр қалған...
Жанымызды бір тазартып алайық,
Дүниенің боқтығына былғанған.

Театрға бару керек ұдайы,
(Қорғансызға жар болсыншы Құдайым.)
Лас өмірде жұбанатын не қалды?
Шырмалайық басқа әлемде шынайы.

Театрға бару керек ұғынып,
Күрең күндер өтіп жатыр құбылып.
...Әртіс жігіт әсерлетіп сөз айтса,
Менің ішкі әлемімнің сырын ұқ.

Театрға бару керек... бұла шақ...
Бізде жұрттың бір қатарын құрасақ.
Тек екеуміз драмаға ду күліп,
Тек екеуміз комедияға жыласақ...

Театрға бару керек жұп болып,
Жанарыңа мөлдірген шық толып.
Ырыс тұңған шаңырақ қой киелі,
Кетер бәлкім басымызға құт қонып.

*****

Жалған үмітке сеніп кей, 
Қашанғы шыдар құр сүлде.
Жәудіркөз ару еліктей,
Жатырқап әлі жүрсің бе?
 
Керімсал мінез, керім Сен,
Тәуекелім ең бекінсем.
Кермаралдайын керілсең,
Көктемге сіңіп кетуші ем.
 
Жанымды өртеп, шарпып от,
Шері боп тұндым ғасырдың.
Тәкәппарлығыңа тәнті боп,
Менмендігіңе бас ұрдым.
 
Тірі жан ұқпас мұң ба едің?
Жетпейтін қолым биікте ең.
Асқақтығыңмен құнды едің,
Сен соныңменен сүйікті ең!
 
Сезімнен мөлдір шық тамып,
Паңдана керші қасыңды.
Сұлулығыңа сұқтанып,
Алайын сығып жасымды.
 
Кедейге біткен байлығым,
Бұралып өскен бұласың.
Қасиетін ұғып қайғының,
Жыласа жаным жыласын.
 
Кеудеме мұңды күй сіңіп,
“Тек мені қалқам күтердей”
Жүрейін сырттай сүйсініп,
Қол жетсе – қиял бітердей.
 
Жақындамай-ақ жаныңа,
Ең ұлы жырды жазамын!
Қинашы мені тағы да,
Таусылмас тәтті азабым...
 
*****

                   “Алыстан – тым шалғайдан қыздың
                    сыңсыта салған әні келеді құлаққа...”

                     Оралхан Бөкей “Қар қызынан”
 
Алматым ластаса да таза жанын, 
Бүгін-ақ мөлдір жырды жаза аламын.
Сыр қылып суық желі естіртеді,
Бір қыздың алыстағы азалы әнін.
 
Шіркіннің шымырлатар әні мұңды,
Жылатып қояр екен тағы кімді?!
Елітіп, еліктіріп, еміндіріп,
Тауысты сарқылмастай сабырымды.
 
Азапқа салып қойса ақпан – қайғы,
Көңілім көктем келмей шаттанбайды.
Алыстан сыңси салған тәтті ән жайлы,
Бір ғұмыр жырласам да жақ талмайды.
 
Сол бір ән... шақырғандай Қар қыз күліп,
(Желіккен қайран көңіл, сан қызды ұмыт.)
Мені аңсап қалқатайым ән салды ма?
Жайықтың жағасында жалғыз жүріп.
 
Ұстамай біреуінен жүз білектің,
Паңдығын танытқанда Күзгі лептің.
Төлеген – сағынышын аңсай ма екен?
Ақмаңдай сіңілісі Қыз Жібектің.
 
Апыр-ай, бар азапты шексем бе екен?
Әлқисса, аңсарыма жетсем жетем.
Сызылған сол бір әнді бағытқа алып,
Жайыққа жаяу тартып кетсем бе екен?

Суреттер wallpaper.zoda.ru сайтынан және Шерханның жеке мұрағатынан алынды