- Негізгі бет
- Поэзия
- Серікбол ХАСАН: "Ақылбектер...
Серікбол ХАСАН: "Ақылбектер біледі карантиннің талабын"
Серікбол Хасан – өлеңдерін негізінен балаларға арнап жазады. "Дарабоз", "Алтын тобылғы", "Рух" байқауларының балалар әдебиеті аталымы бойынша жеңімпазы. "Көбелек", "Кәусар" атты жыр жинағы және зерттеу мақалаларынан жинақталған "Қазақ пен қазан" деген кітабы жарық көрген.
Қазақстан балалар әдебиеті мен шығармаларын қолдау мақсатында Серікбол Хасанның балаларға арналған топтама өлеңдерін ұсынамыз.
ҚОЛЫҢДЫ ЖУ
Қолға сабын алып,
Мөлдір суға салып.
Жуу керек жиі,
Ақ көбікке малып.
Жасыл, қызыл, ағын,
Қолдана бер бәрін.
Жуынғанда дәйім,
Қолда тұрсын сабын.
Қиын емес дым да,
Тазалық бар мұнда.
Таңда, түсте, кеште,
Қол жуудан тынба.
Өнем десең гүлдеп,
Осыны қыл міндет.
Тазалық бар жерге,
Жоламайды індет!
КАРАНТИН
Қандай ғана ер еді,
Ақылды ғой Ақылбек.
Үйден шықпа деп еді,
Отыр міне мақұл деп.
Демде ғана табады,
Интернеттен дерегін.
Онлайн сатып алады,
Сыртқа шықпай керегін.
Заман қандай керемет,
Іздегенің табылар.
Кітап, газет, не керек,
Интернетте бәрі бар.
Ақылбектер біледі,
Карантиннің талабын.
Қолын жуып үнемі,
Оқып отыр сабағын.
ДӘРІ
Балаларды жинап ап,
Бастады ойын Инабат.
Іші «ауырған» Батырды,
Бөлмесіне шақырды.
– Ауыра ма ішіңіз?
Міне, дәрі ішіңіз.
Басы «ауырған» Дана да,
Мәз боп шықты далаға.
Атап тұрып атымды,
Мені де ішке шақырды.
– Белгілі екен хәліңіз,
Міне, дәрі алыңыз!
Дәрісі оның қатты екен,
Дәмі бірақ тәтті екен.
Бізге дәрі дегені,
Кәмпит екен себебі.
ЖҰРТТЫҢ БАЛАСЫ
– Қарашы әне Санатты,
Кілең бестік сабағы.
Шаруаға да жарап тұр,
Тазалайды қораны.
Мақтайды анам үнемі,
– Сендей ғана бала, – деп,
– Бәрін айтпай біледі,
Істегенін қара, – деп.
Шөпті де өзі шабады,
Отынды өзі жарады,
Анасының әрдайым,
Көңілін де табады.
Үлкендерден қалмайды,
Жырды қалай талдайды?
Бола қалса уақыты,
Кітаптан бас алмайды.
«Санат...
Санат...
Санатты...»
Тыңдап талай таң атты.
Мен де ептімін шаруаға,
Мен де оқимын сабақты.
Түсінбедім анамды,
Санат па оған керегі?
Дәл өзімдей адамды,
Неге мақтай береді?
БАУЫРСАҚ
Қызықтырып баланы,
Қызарып от жанады.
Апам ыстық табаға,
Бауырсақты салады.
Біздер үшін барын сап,
Пісіреді бауырсақ.
Ақ жаулықты апамыз,
Бауырсақты сағынсақ.
Батасын ап атамның,
Сүйсініп дәм татармын.
Қызыл, сары бауырсақ,
Ақ пейілі апамның.
Дүниенің базары,
Ас біткенің ғажабы.
Домаланған бауырсақ,
Дастарханның ажары.
БАҒА
«Екі» деген бағаны,
Жаман бала алады.
«Екілікті» жиі алу,
Жарға апарып соғады.
«Үштік» деген бағаны,
Нашар бала алады.
Жарамайды «үш» алу,
Балаларға саналы.
«Төрттік» деген бағаны,
Жақсы бала алады.
«Төрттік» алған баланы,
Қолпаштауға болады.
«Бестік» деген бағаны,
Ең мықтылар алады.
«Бестік» алған баланың,
Бақ-жұлдызы жоғары!
Бәріңде де арман бар,
Арман қуып, самғаңдар.
Тілейтінім өмірден,
Тек «екі» алып қалмаңдар!
СЕЛФИ
Таң қаламын Гүлзатқа,
Селфилету – білері.
Барса болды бір жаққа,
Шырт еткізіп жүреді.
Селфи сондай күшті ме,
Түрлі əдіске салады.
Биік үйдің үстінен,
Бір түсуді қалады.
Əдетінше баяғы,
Телефонын қолға алды.
Тайып кетіп аяғы,
Құлдилауға сəл қалды.
Үзілерін білген бе,
Ажал құшқан армандар.
Селфилетіп жүргенде,
Жаза басып қалмаңдар!
ЕКІ ҚОЛ
Сол қолымда парақ,
Оң қолымда қалам.
Көкжиекке қарап,
Көркем сурет салам.
Сол қолымда айна,
Оң қолымда тарақ.
Отырмын мен жайнап,
Кекілімді тарап.
Сол қолым да керек,
Оң қолым да керек.
Біріккенде олар,
Атқарады іс ерек.
САБАҒЫМА БАРАМЫН
Таңда ерте тұрамын,
Беті-қолды жуамын.
Жаттықтырып денемді,
Әрлі-берлі бұрамын.
Жаттығамын күнде мен,
Шымыр болып тұр денем.
Шұғылдану спортпен,
Пайдалы ғой бұл деген.
Белді бекем буамын,
Жалқаулықты қуамын.
Таңғы асымды тауысып,
Ыдысымды жуамын.
Кітап, дәптер, қаламым...
Бір түгендеп аламын.
Арқаға асып сөмкемді,
Сабағыма барамын.
АЛҒАШҚЫ ҚОҢЫРАУ
Қоңырау соғылды,
Жаңғыртып даланы,
Балалар көңілді,
Сабаққа барады.
Көтеріп алыпты,
Бірыңғай қыр гүлін,
Сағынып қалыпты.
Қоңырау сыңғырын.
ЖЕТІ ШЕЛПЕК
Жұма күні ақ мамам,
Жеті шелпек пісірді.
Енді тыным жоқ маған,
Бəрін маған ұсынды.
Жеті шелпек қолымда,
Көршілерге асықтым.
Міндетімді орындап,
Мерейімді тасыттым.
Қанаттанып есейдім,
Болдым нағыз қолқанат,
Жеттім үйге жеті үйдің,
Ақ тілегін арқалап...
СМАРТФОН МЕН САБАҚ
Маған смартфон əпер деп,
Жата қалып жылады.
Əкесіне Шекербек,
Үйіп-төкті кінəні.
Айша, Елдос, Əсемде,
Бəрінде бар баланың.
Егер смартфон əперсе,
Түзеймін деп сабағын.
Уəде берді Шекербек,
Арманына қол жетті.
Смартфон деп секеңдеп,
Смартфон деп əндетті.
Сабақ қалды жайына,
Уəде ұшты далаға.
Есі танды ойынға,
Осы дұрыс бола ма?
Айналдырған екі айда,
Зейіні өшті баланың.
Смартфоннан не пайда,
Ақсап жатса сабағың?
ƏЙБАТ ЖІГІТ
Үлкенге де, кішіге,
Тұрады əр кез иіліп.
Ұқыпты əрбір ісіне,
Қарайды жұрт сүйініп.
Бекер қарап жатпайды,
Қолқанат боп жүреді.
Көрген адам мақтайды,
Əлиханды үнемі.
Шапқылап жүр бүгін де,
Иығында орамал.
Осы Əлихан түбінде,
Əйбат жігіт болады-ау!
ТУҒАН ЖЕРІН ҚИЯ МА?
Құстар қайтып барады,
Жылы жаққа асығып.
Сезімдерін жаралы
Өзгелерден жасырып.
Осында олар жетілді,
Қанат қақты қарманып.
Олар да адам секілді
Жылауға тұр сәл қалып.
Қайтарында құс тағы
Туған жерін қия ма?
Қарайламай ұш тағы,
Күліп орал ұяңа!
ҮШ ТЫЙЫМ
Кәрі адамға күлме,
Салғыласып, үрме.
Бөлмесіне әкеңнің,
Рұқсатсыз кірме.
Ұят болады!
Жас шыбықты жұлма,
Малды ағашпен ұрма.
Бұзба құстың ұясын,
Өзін зәбір қылма.
Обал болады!
Аққуға оқ атпа,
Бейуақта ұйықтап жатпа.
Туысыңа ит сыйлап,
Досқа пышақ сатпа.
Жаман болады!
БӘСІРЕ
(Ақселеу Сейдімбектің айтқаны)
Бәсіремді суарып,
Қайттан едім жағадан.
Қу ағаштай қуарып,
Келе жатты кәрі адам.
Тізгін тартып үлгердім,
Қардай аппақ пейілмен.
Аттан түсіп, жол бердім,
«Апа, өтіңіз» дедім мен.
Деді апам: «Қарама,
Жол сенікі, жорт балам.
Бәсірелі балаға,
Қария да тоқтаған.
Жолың ашық, қарағым,
Қайталама мұндайды.
Бәсірелі баланы,
Тоқтатуға болмайды».
Естен кетпес ол сезім,
Қандай ғажап жөн білген.
Қарияның сол ссзін,
Ұмыта алмай жүрмін мен.
Бүкіл әлем мақтаған,
Дәстүрі де әдемі.
Ата салтын сақтаған,
Қазақ қандай дана еді!
АЛАМАН
Аламанда тай міндім,
Қарады атам қуанып.
Жанымдағы айғырдың,
Жал-құйрығы шұбалып.
Отты көзін қадады,
Төндіргендей бар қауіп.
Бойым мұздап барады,
Қалмаса екем шаң қауып.
Тайым ұшты пырақтай,
Төрт аяғы жазылып.
Таудан аққан бұлақтай,
Көмбесіне асығып.
Желмен бірге жарыстым,
Жерді көрмей желіктім.
Оты қандай намыстың,
Бірінші боп келіппін.
ЖАМБЫ АТУ
Сəт басқадан өзгеше,
Құрметтейді қатары.
Нысананы көздесе,
Дəл тигізіп атады.
Садағы əлде дара ма,
Сиқырлы ма жебесі.
Дəл өзіндей балалар,
Қиыс атад неге осы?
Құдай өзі қолдай ма,
Атқан оғы дəл тиіп...
Біз қараймыз ондайда,
Ауызымыз аңқиып.