Серікбол Хасан: "Ақ жұпарын аямаған, секілдісің дала таңы..."

Серікбол Хасан: "Ақ жұпарын аямаған, секілдісің дала таңы..."
Фото: Серікбол Хасан

Серікбол Хасан – өлеңдерін негізінен балаларға арнап жазады. "Дарабоз", "Алтын тобылғы", "Рух" байқауларының балалар әдебиеті аталымы бойынша жеңімпазы болды. Бүлдіршіндердің "Балдырған" журналының тұрақты авторы. Журналистика саласында да тыңнан түрен салып келеді. Осы маусым айында Серікбол Хасанның зерттеу мақалаларынан жинақталған  "Қазақ пен қазан" деген кітабы жарық көрді.

Жау жаңбыр

Қырға шықты қос ғашық,
Дала қандай керемет!
Тыныштықты тоқтатып,
Жаңбыр жауды себелеп... 

Жау, жау жаңбыр, жау тағы,
Желек өнсін жайқалып.
Қырға шыққан қос жүрек,
Қуат алып қайтады... 

Айналардай тасқынға,
Тыншыр түрі жоқ əлі.
Бір қолшатыр астында,
Екі жүрек соғады... 

Жаңбыр төкті тынбастан,
Көктен түскен нұр қандай?
Қос ғашыққа сырласқан,
Үміт сыйлап тұрғандай.

Көктем мен күз

Ай ажарыңа арбалғаным ба,
Күн көзің неге күліп қарады?
Үміттің қайта жалғанғаны ма,
Қанжарын қадап сұғып барады. 

Жалған дүние жауһарын шашқан,
Шайдай ашылды түнерген аспан.
Жаныңа жіпсіз байландым неге,
Жаралдың ба əлде ең асыл тастан? 

Күлкісіз күнім, ұйқысыз түнім,
Ұйықтатсын қалай үзілген үнің?
Телегей жүрек бір тулап қалсын,
Тəтті сөзіңмен тіл қатшы, күнім. 

Еркелігіңе еріп тұр жаным,
Өмірлік бірақ серік қылмадың,
Ұмытқан екем, көктем мен күздің,
Арасын жаздың бөліп тұрғанын... 

Жаралдың ба айдан 

Жаралдың ба айдан,
Кез болдың сен қайдан?
Ақ қайыңдай ару,
Ақ маңдайлы айнам! 

Гүлдей нəзік көкем,
Гүлге қашан жетем.
Ақ жүзіңді көру,
Бір ғанибет екен. 

Талдай сұлу мүсін,
Көлдегі аппақ құсым.
Құстай ұшып жетем,
Сені көру үшін. 

Таңғы шықтай көркем,
Не күтедіертең?
Жанарымныңнұры,
Сен аман бол еркем! 

Жақұтпысың 

Ақ жүзіңнен арай көрем,
Үр дидарың жанды ерітті.
Суретіңе қарай берем,
Сендей жанды кім көріпті?

Сұқтанады саған қайың,
Жамалыңа жарасымды.
Тал бойыңнан табам дəйім,
Басқада жоқ бар асылды.

Ақ жұпарын аямаған,
Секілдісің дала таңы.
Сенің сәнің сая маған,
Мені еріксіз қаратады. 

Жарқыраған жақұтпысың,
Көңіліме ұялаған.
Қолға қонған бақыт құсын,
Басқа жанға қия ма адам? 

Өзің барда жоқ мұң-қайғы,
Тәтті үнің үзілдіріп.
Гүл-көктемгеқол бұлғайды,
Қырқадағы күзім күліп.

Мен – теңізбін

(Анелия Родевичтен)

Мен – теңізбін, сен – даласың,
Ал арамыз алшақ тым.
Менен ұзап сен барасың,
Неге сонша аңсаттың?

Асау толқын бар қанымда,
Бетім байғам күледі.
Бойыңдағы ақ жалынға,
Оранғым кеп жүр еді.

Арамызда сан тағдыр бар,
Қайта айналып келмейді.
Бізді бөліп жатқан жолдар,
Тізгіндеуге көнбейді.

Ортамызда таулар жатыр,
Секілденіп жер мен көк.
Айналғанға жетпес уақыт, 
Басып өтер дәрмен жоқ.

Қолым жетпей қайырылдым,
Қош аман бол әдемі,
Екеумізді айырудың,
Не қажеті бар еді?

Т. Раушанұлы