Сергей Есенин: «Шаганэм менің, Шаганэ...»

Орыс халқының ұлы ақындарының бірі Сергей Есенин өмір бойы құпияға толы Парсы жеріне аяқ басуды арман етіп өтті. Өкінішке орай ақын арманы орындалмады.

Десе де, 1924 жылы  жолы түсіп Кавказ тауларында болады. Екінің бірі жатқа оқитын "Шаганэ, сен менің Шаганэм..." атты өлеңін де сол сапарда жазған еді. Шығыстық сарындағы шығарма жергілікті мектепте ұстаздық еткен Шаганэ Тальян есімді аруға арналыпты. Батуми қаласындағы алғашқы кездесуден-ақ өзіне баурап алған хас сұлу бейнесі ақын санасынан өшпеді. Ол үшін Шаганэ шығыстық жұмбақ һәм еліткіш әлемнің символына айналды. Ақын аруға тұтас "Парсы саздары" циклін арнап, кейін сыйға тартады.

Шаганэ, менің Шаганэм!
Айтуға жырдың қандайын
Далалық жанмен мен дайын.
Елімде тербер ән дәйім,
Шаганэ, менің Шаганэм!
Солтүстік жақтың ұлымын,
Желпіген самал тұлымын.
Бермеймін Рязань сый-назын,
Болса да сұлу Ширазың.
Даламнан алған жирен түс,
Егін, шашымды тербеймін.
Қолыңмен сипа, өр мейлің,
Өзіңнен өзге көрмеймін.
Толқындаған егін жайды ай асты,
Менің бұйра шаштарымнан ұғын, біл.
Әзіліммен орап жатам, бүгін күл,
Оятпашы елестерін сонау күннің бұлыңғыр
Толқынданған егін жайды ай асты.
Шаганэжан, жаным менің Шаганэм,
Арнағандай саған ән,
Арнағанмын бір қызға.
Ойлайтыны мен болармын тым қызба...
Шаганэжан, жаным менің Шаганэм!           

***

Ескі жарам жүректегі шеменім,
Жазыларын байқағам.
Оның емі  болмаса да дегенім,
Тегеранның гүлдері мен шайхана.
Шайханашы иығы да зор мына,
Атақ пен даңқы тұрар сай.
Арақ пен шарап орнына,
Құяды маған күрең шай.
Қожайын, сыйла барыңмен,
Жазылсын жанның жарасы.
Астынан перде жалынмен,
Тегін бе қыздың қарасы.
Қыз ғұмыр мына сіздерде,
Байлаулы иттей аңдарсыз.
Сүйісер жастар біздерде,
Ақшасыз және қанжарсыз.
Мен ұнатқан орасан бір,
Үшін Ару гүл өңі.
Мә, шәлісі Хорасанның,
Мә, Шираздың кілемі.
Шәйіңді әкел, ағат менен,
Кетпеді әсте Гүлдеймін.
Өзім үшін жауап берем,
Ал сен үшін...білмеймін.
Шыныма сырдың сізге өзі,
Бақшаңда маған есік бар.
Күлімдеп перде астынан,
Тұрғанда қарап қыз көзі,
Айта алам  мұны кесіп дәл!

***

Бірді екі етер адамдарға байқаған,
Иесінен шайхана
Деп сұрадым: парсыша мен Лалаға,
Қалай нәзік «ғашықпын», - деп айта алам?
Дүниені жел секілді шайқаған
Иесінен шайхана:
Деп сұрадым: Әдемі қыз Лалаға,
«Сүйгізші»,-деп қалай ыммен айта алам?
Сұрадым мен, сұрадым мен тағы да,
Жүрегімнің әміріне бағына:
Қалай айтам әдемі қыз Лалаға,
«Жаралғансың – деген сөзді – бағыма».
Деді әлгі адам сұрағыма төзбеген:
Гүл-махаббат айтылмайды сөзбенен.
Айтылады, айтылады тек қана,
Жарқ-жұрқ еткен көзбенен.
Айтарым сол және осы бар шыным,
Сүю сөзін аударуға қарсымын.
Сүю деген жинақталған гүл нәрі,
Еріндерде еріп кетер бал шырын.
Махаббаттан құтылмайсың қашқанмен,
Барарың сол қайғырғанмен, тасқанмен.
«Сен менікі» деген сөзді тек қана,
Айта алады бет пердені ашқан қол.  

***

Дедің сен: «Саади әйелдің,
Төсінен өзге сүймеген»,
Тоқтай тұр жаным әй, өлдім,
Оны да мен үйренем.
Әндеттің тағы:
«Қыздары, Ефрат жақтың-бейне гүл».
Бай болсақ егер біз дағы,
Болар ед өзге сөйлемің.
Қуаныш маған жаға ма?
Жұлар ем гүлдің  бәрін мен.
Шаганэ, жаным Шаганэ,
Асып кетпеу үшін әріңнен.
Сүймесең мені келмес ең,
Айтпа сен ойдың жоқ емін.
Ақын боп тудым ендеше,
Ақынша сені өбемін. 

***

Босфорда болу жазбаған,
Болмад деп және сөкпеңіз.
Көгілдір оты маздаған,
Жанарың сенің-көк теңіз.
Бағдатқа және бармадым,
Керуенмен жібек тасыған,
Тізеңде сенің - арманым,
Дем алсам-ау деп асығам.
Жаныма, менің денеме,
Бермесе деймін ит өлім.
Парсының қызы, келе ме,
Қиялдағы елді бір көргің?
Мықты еді неткен жаратқан,
Толмай ма сірә, тақымың.
Телмірте саған қаратқан,
Ресейдің мықты ақынын.
Еліктірдің гүлге ұқсап,
Сен шақырдың, жолдамын.
Аймалады жұп-жұмсақ,
Аққу қанат қолдарың.
Күндерге өткен өкінбен,
Белгісіз не күн тумағы.
Бір нәрсе айтшы, өтінем,
Көңілді елің туралы.
Келсем де сені ұнатып,
Тағдыр неткен көп әсем.
Бір нәрсе айтшы жұбатып,
Алыста қалған аруды,
Сағынсын жаны демесең.  

***

Алқызыл нұр шашқан әсем өлкеде,
Гүлдер үнсіз ғашық жырын шерте ме.
Хайям айтқан бір әнді айтшы, аяулым,
Жаным мұңлы бір нәрсеге қаяулы.
Гүлдер үнсіз ғашық жырын шерте ме.
Шираз үстін көмкереді ай нұры,
Ал жұлдыздар бүркей ме екен қайғыны.
Ұнамайды осы дәстүр еш маған,
Гүл қыздарды перде астында ұстаған,
Шираз үстін көмкереді ай нұры.
Әлде тәнін отты  лептен қорғай ма,
Кетпейін деп, кетпейін деп, тез еріп.
Әлде Ерді құпиямен арбай ма,
Перде астында ляззат ерін кезеріп.
Дос болмашы қымбаттым, сол пердемен,
Ұғынып ал осы ойды жан тербеген.
Өмір қысқа және бізге табиғат.
Сүйісуге ұзақ мерзім бермеген.
Ұғынып ал осы сөзді
Жан жүйеңді тербеген.
Ажарсыздың да жұрт сүйсінер құлқы бар,
Тамаша ғой бетке біткен шіркін әр.
Жаратылыс берген әрді тұмшалау,
Бұл күнә ғой,
Бұл күнә ғой, бұл-күнә.
Гүлдер үнсіз ғашық жырын шерте ме,
Болмау керек жүректерде қаяу-мүң.
Түс көремін, өзгеше әлем ояумын,
Ақын Хайям шерте алмаған әуенді,
Мен шертемін өзіңе арнап, аяулым,
Гүлдер үнсіз ғашық жырын шерте ме?!

Ақын Айтуар Өтегеновтың аудармасы