Сенен асқан сұлу жанды көрмедім...

Алаш Тұрсынәлі – 1986 жылы ҚХР Іле аймағында өмірге келген. Қазір әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің журналистика факультетінде студент. Өлеңдері республикалық басылымдарда жарық көрген. Ақын өлеңдері жастық шақтың мінезін, сағынышын, болмысын тіптен айшықтай түседі. Күңгірттік пен беймаза қасірет шырмауына бұғауланбаған өлеңдерден қазақ өмірінің бояуын айқын аңғаруға болады.

***

 

Демеймін қадіріңе кештеу жеттім,

Көңілімде тұрса да көкке өрлеп мұң,

Арман қуып алысқа кетсем-дағы ,

Сені ұмытып қарғам-ау кеткен жоқпын.

 

Жетелейді десе де үміт-арман,

Есебі бар күндерді кім ұта алған,

Қажытса да қайғының сан салмағы,

Мүмкін емес мен сені ұмыта алман.

 

Өмір деген бұл асау өрлі ағыс қой,

Ұяң едің, жан едің сен намысқой,

Кеткен-келген жандардан сұрай алмай,

Сен де мені жүрсің-ау ойлап іштей.

 

Келіп талай өзіңді шаттандырғың,

Құрбым деп қанша жерде мақтан қылдың,

Батыс жаққа телміріп тұрдың қанша,

Шуағына малынып батқан күннің.

 

Қандай күндер кім білсін тосады алдан,

Жүректегі сағыныш болса қарғам,

Табысамыз біз әлі қауышамыз,

Басымызды сенемін қосады Аллам.

 

Гүлханым

 

Ескірмеген ескі әнді шырқадым,

Ескі арнаға бұлақ болып құйылдым,

Өзің жәйлі түс көрсем деп Гүлханым,

Бүгін тағы иманымды үйірдім.

 

Ақыл екен жетпейтұғын адамға,

Жұлдызым боп жана берші сен менің,

Бар білерім мынау ғажап ғаламда,

Сенен асқан сұлу жанды көрмедім.

 

Көрмейінші, көрсетпесін жаратқан,

Алып ұшқан аспандағы құстаймын,

Сені ойласам айрыла жаздап тағаттан,

Сосын барып сабырымды ұстаймын.

 

Бұл көше

 

Айтқызбай-ақ көзінен сыр ұғатын,

Көршілер бір-біріне қыдыратын,

Үлкен-кіші кәрі-жас небір жақсы

Бұл көшемен тынымсыз шұбыратын.

 

Кетік там болса-дағы лай-батпақ,

Арманымыз биік еді айға асқақ,

Әкеміздің әңгімесін тыңдап бір,

Күрек шәйді ішуші едік қаймақтап.

 

Балалық күн бал дәурен қалды осында,

Жапалақтар қонатын жар басына,

Анда-санда тәңірін есіне алып,

Жиі-жиі келушы еді тәубасына.

 

Қолды-аяққа тұрмаушы ек есіргенде,

Жанымыздан табылар кесір кейде,

Есімізден бір ауып қалатынбыз,

Атты қазақ бар шаңды көшіргенде.

 

Дүр еді ғой шетінен ағаларым,

Бір шаттық беретұғын маған әр күн,

Айдың жарық кешінде бұл көшеде,

Гүзәл қыз сыйлап еді орамалын.

 

Бала едік білмейтін сүрінуді,

Кінәлауға болмайды ұры күнді,

Сан асылды жоғалтқан бұл көшеде,

Үнсіз тартып тұрмын мен шылымымды.

 

***

 

Махабаттың сұрапыл жасыны үдеп,

Көздеріңнен бөлекше жасырып от,

Түкпірінен жүректің орын алып,

Сен қаласың мәңгілік асылым боп.

 

Сағыныштан жүректер сыздап жүріп,

Кеткеміз біз кейінге із қалдырып,

Із қалдырып жаным-ау болашақта,

Шын бақытты боламыз біз мәңгілік.

 

Сүйдім бе әлде сағынып өртендім бе,

Оған күмән болмасын еркем мүлде,

Бүгінгінің бақытын сезіу үшін,

Сәлем жолдап отырмын ертең күнге.

 

Солай қарғам, жетеміз жетпегенге,

Болмайды ғой өткенге өкпелеуге,

Бар екенін өмірде дәлелдейміз,

Ғашықтықты ұмытып кеткен елге.

 

Бұл ғұмырдың бітеді сұлу жыры,

Ойнап айтты демегін күнім мұны,

Біз мәңгіге жасаймыз өлгенменен,

Рухымыз да іздейді бірін-бірі.

 

Болашақ

 

Дүниенің ардақтап асыл күнін,

Өмірді көрдім сүйіп те,

Боларда-болмас батылдығым,

Бастайды қандай биікке.

 

Пенделер жүрген жолменен,

Жүрмеймін деп жар салдым,

Ажалым тұрса көлденең,

Келе ғой деп қарсы алдым.

 

Салмағын салып буынға,

Бөрідей иттен жеңілген,

Әзірейіл айтты шынында,

«Өшесің бір күн өмірден»

 

Тұрса да аман өз елім,

Тірліктен әйтеу кетемін,

Жүрсем де тірі сеземін,

Әлемнің бұлдыр екенін.

 

Дайындаған: Мейіржан Әуелханұлы

Сурет: oyu.kz және автордың жеке мұрағатынан