Сенен алған мұң болды еншім менің...

Құрметті жырсүйер оқырмандар, Массагет.кз сайты бүгін сіздерге жас ақын Салтанат Бегісбекованың шығармашылығынан өлеңдер ұсынады. Көмейіне шабыт қонақтап, көңіліне жыр тұнған ақын қыздың мұңмен астасқан жырларына қанық болыңыздар!

Мен мұңды сүйем...

Мен мұңды сүйем

Өйткені гүл орнына мұң сый еттің.

Жел қуған жапырағымын қыркүйектің

Арамыз толысты да,

Жоқ әлде сезімдер соғысты ма,

Қайтуға құс ұшқанда,

Әйтеуір, махаббат тоғысында

Сен мені қоса ұштың

Қалдырып жанына мұң жиектің.

Содан бері

Сенен алған хабарым да сирек тым.

Нені үйрендім, кімге сүюді үйреттім.

Кей сәттерде жанарымнан жарқыл атып қуансам,

Жатырқадым бақытымды,

Шын күлкіні сүймеппін.

Содан бері, содан бері

Мұң жастығын құшақтап,

Содан бері жалғыздықтың жоқ шанасын сүйреттім.

 

Мен мұңды сүйем

Сенен алған мұң болды еншім менің.

Қызықтауға жетпесін, жетсін демім,

Ендігісін қалдыр да бір өзіме

Сонау күнгі күздің сұрғылт кезінде

Құстарменен алып ұшқан Есілге

Мұңыңды ертіп алып кет те өзіңмен

Бақытымды

Қайтарып бер өзіме.

 

Мен мұңды сүйем,

Маған тартқан мұң еді сенің сыйың,

Содан бері құлыпқа түсіп жүрек,

Сезіміне өзгенің салдым тыйым.

Жапонның басқарылған роботындай

Бағыныш боп қалған ба, қалай миым?..

Сені ғана ойлаймын ешкім жоқтай,

Жат болғандай жайына қалды үйім,

Мына шексіз ғаламда өзің ғана

Билеушім де сен болдың, әділ биім.

Сұрағанға сұраумен жауап бердім,

Мен әйтеуір себепсіз сені сүйдім.

 

Ой толқыны тербеген теңіздейін

Білсең деймін ендігі мендік түйін:

Төзе аламын көрінсе қанша қиын.

Күз ғана емес, босатып төрт мезгілде

Құс жолымен самғай ғой мәңгі қидым.

Қайығымды бұрам да өзге арнаға

Ескегі боп адалдың есілейін.

Роботтың махаббатын қаламаймын

Тек адамша келеді енді сүйгім!

 

Боксер жігіт...

 Боксер жігіт...

Кеудеңізде лаулайды-ақ дәмелі үміт.

Сіз – қаттылық, мен – жұмсақ кереғармыз,

(Тағдыр да еріккен-ау),

Екі әлемді тоғытып бір сезімге,

Осыны айтсам қаласыз үнсіз күліп.

 

Сөзге ғашық жанымнан бейхабарсыз,

Сіз де сүйген кәсіптен ұғарым аз.

Түсіміз де: Сіз – ақсыз, мен –  қара қыз,

Сізде қолғап, менікі қалам-қағаз.

 

Қолға алып кітап тіпті оқымайсыз,

Жаттығу дегендерді жасамаймын.

Түндерде шабыт қысып отырмайсыз.

Салмақ емес өлең боп баса қайғым.

 

Жырымнан жасап алам сырлап мүсін,

Білекті сөздерімді қайдан ұқсын.

Шабытым үшін сізді бағаласам,

"Рингтей - деп күлесіз – қымбаттымсың!"

 

Сіз секілді ел көріп, жер бармаппын,

Мен сияқты қайыңға сыр айтпайсыз.

Ақ жауынмен шайылса қылтанақ мұң,

Жаңбыр асты қалғанды жаратпайсыз.

 

Тақырып та, біз айтар сөз де бөлек,

Қандай тілде, білмеймін, ұғысамыз.

Қымбаттыңа ендігі балай берші,

Ханзада етуге «біз» тырысамыз...

Суреттер автордың жеке мұрағатынан, 4erdak.ru