Сен тұратын қалада қар жауды ма?

Сен тұратын қалада қар жауды ма?
Фото: youtube.com

Тылсым құдірет аппақ қардың жауғаны да сөзбен сурет салар ақындар үшін аяулы. Аспан жақтан баяу қалықтап қонған қар сезімтал жүректерді селт еткізді. "Дүниеде қар жауған сәттегідей бейбіт те тыныш өмір бар ма екен?!" – деп жазушы Оралхан Бөкей де "Қар қызы" повесінде қар жауып тұрған сәтті нәзік жеткізеді. Массагет порталы қар туралы өлеңдер топтамасын назарларыңызға ұсынады.


***
Кісінейді ала жел...
Сен тозаққа барғың келсе, бара бер.
Мен жұмаққа қарап тұрмын күлімдеп,
А, Тәңірім сана бер! 

Үп етеді таусамал, 
Қандай рахат, сағынбау мен аңсамау! 
Өткен шақта қалып қойдың үлбіреп, 
Қалды енді қанша амал? 

Дір етеді тамшылар, 
Мөлдірлікке қалай енді жан шыдар? 
Саған ұқсас мынау сорлы ғаламда,
Тағы біреу бар шығар? 

Күрсінеді қара түн, 
Сезім қайда бар мазамды алатын? 
Шым-шытырық жолдар қайда сол кезгі, 
Жүрегіңе баратын? 

Ауа жатыр көпіріп, 
Арасында аппақ қар жүр секіріп. 
Мен өзіңді ұмыттым ғой, ұмыттым, 
Ұмытқам жоқ, өтірік! 

Ақберен Елгезек


Қысқы элегия

Сен тұратын қалада қар жауды ма, 
Жауған қарға жанарың арбаулы ма? 
Қалай-қалай жол енді түсер екен, 
Қарай-қарай жанарым талды-ау мына. 
Назым ба екен, бұл маусым насыр ма екен, 
Қай тарауда қандай сыр жасырды екен?!. 
...Ерініңе қонған қар еріді ме, 
Еріді ме, жоқ əлде ол жасың ба екен?.. 
Моншақ-моншақ жасыңнан мұз қалды ма, 
Мөлдір-мөлдір сезімнен сыз қалды ма? 
Қар жауды ма, жауды ма жаумағандай, 
Жалғыз аяқ сол қарда із қалды ма? 
Сен тұратын қалаға қар түсті ме, 
Былтырғыдан жауған қар зор түсті ме? 
Енді көктем келместей... ...көрместей боп, 
Қармен бірге ішіңе зар түсті ме? 
Қалың-қалың қаланы қар басты ма, 
Қап-қара аспан қабағын зорға ашты ма? 
Қар жауды ма, жауды ма жау секілді, 
Жауған қармен жас жаның арбасты ма? 
Кім біледі, сол қала қарлы ма екен, 
Қарлы күннің салқыны шалды ма екен, 
Жанарыңды тұмшалап алды ма екен, 
Жүрегіңді құрсаулап алды ма екен?.. 
Шілде – қаңтар, о, неге, қаңтар – қаңтар, 
Аязды күн аяғым тартар-тартар, 
Сен тұратын қалада, бәлкім, көктем, 
Мен тұратын қалада қар! 
Қар! 
Қар! 
Қар!... 

Ерлан Жүніс


***
...Енді саған көсемсіп, не демекпін?! 
Қар жауып тұр... 
Қарашы, керемет күн. 
Көктем емес, кешіккен тағдыр шығар, 
Қар жауып тұр... 
Қар емес – көбелек-мұң. 
Еркеледің, әдейі, күлімдедің, 
Кішкентайым... 
Қайтейін, күнім менің. 
Бәрі жақсы, тамаша, дұрыс бәрі, 
Қызық маған, жығылып, сүрінгенім. 
Солай, солай... 
...Жылатамын, жүректі ұлытамын. 
Өп-өтірік жанымды жылытамын. 
Ештеңе де болған жоқ, қар жауып тұр... 
Ұмыта алам, 
ұмытам, ұмытамын... 

Бауыржан Қарағызұлы


*** 
Далада қапалақтап қар жауып тұр, 
Өзінің ізін өзі жасырып. 
Айнала ымырт құшағында мүлгіген. 
Құлайды кіршіксіз ұшқындар жерге асығып… 
Тұмса қиялдың тереңіне сүңгіген әлдекім ескі әуенді есіне түсіре алмай әуре, 
Алақанына қонған қар ериді баяу, 
Өз салмағын көтере алмай адасқан ұлпадай зәуде, 
Үзілген әуезді іздейді, көңілі қаяу… 
Әйнек ішін дымқыл бу басқан, мұнар… 
Жетім сәуле діріл қағады, ұмсынып. 
Ана омырауынан уыз сорған сәбидей құмар, 
Неткен риясыз тіршілік! 

Тоқтарәлі Таңжарық 

*** 
Ақ ұлпа қар қылаулап, 
Жауады жанды баурап. 
Алаңсыз асыр салып, 
Келеді-ау алғым аунап. 

Ақ ұлпа қар – көбелек, 
Жауғаны сән керемет! 
Жер бетін жатыр міне, 
Ақ қанат әнге бөлеп. 

Ақ ұлпа қарда менің – 
Балалық бар дәуренім. 
Қарға ұқсап кетер едім, 
Жетсе егер әл-дәрменім. 

Ақ ұлпа қар – құсым ед, 
Кейде оның қонғысы жоқ. 
Мен іштей түсінемін, 
Қара жер – қарғысы көп. 

Ақ ұлпа қар – ғажайып, 
Амалсыз (қалды азайып). 
Қонады қара жерге, 
Қанатын зорға жайып. 
Ақ ұлпа қар!.. 

Қалқаман Сарин

Т. Раушанұлы