Сені сүймеу жанымның күнәсіндей...

Бүгін сіздерге жас ақын Аслан Тілегеновтің өлеңдерін ұсынамыз. Балғын жырлары  бір оқығаннан-ақ көңілге күй, жүрекке жылу сыйлайды. Ең алғашқы махаббатты, тәтті сезімді, өткен күннің өшпес елестерін қайта оралтып, ең алғашқы кездескен жерге шақырады...

Сен және өмір 

Жүреріңді білсем де менсіз де оңай,

Жүрегімде тым суық дем сыздамай.

«Сенсіз өмір – өлім ол» деуші едім ғой,

Өмір сүріп жүр екем сенсіз қалай?!

 

Жүрегімнен жылылық жалғайды екпін,

Жақындауға жүрсем де бармай көп күн.

Жарығым-ай сүйгесін сені қатты,

Өмірді де жек көре алмай кеттім.

 

Сағыныштың селдетіп мұрасын кей,

(Жабығыстан жүрсе де сыра ішілмей)

Өмірімді жек көру – өз кінәм де,

Сені сүймеу жанымның күнәсіндей.

 

Көңіл-кеуде көңілді құлазып ап,

Өлімнен де баз кешіп сірә, жырақ.

...Өмір сүргім келеді,

әлі қалқам,

Сені сүю үшін де біразырақ..

 

Ақжайықтағы аруға...

Мүмкін өзіңмен қамығасың да,

Ыстық үмітін жамылып жырдың.

Сен мені ойлап зарығасың ба,

Мен сені, қалқам, сағынып жүрмін.

 

Сағым ішінде сен бар күз күлген,

Жәудірей қарап сары ала күнге.

Зарығып жүрмін сен жалғыз жүрген,

Оралға қашан ораламын деп.

 

Суық сезімді еріткен бал қыз,

Өзіңді-өзің  алдап түн бойы.

Сағынышыңды серік қып жалғыз,

Кезіп жүрсің бе арбаттың бойын.

 

Арбаттың бойы...

(алдыңда бағы,

Мен барар күзге асықпа жаным)

Сағынып тұрып салдың ба тағы,

Күбірлеп қана ғашықтар әнін.

 

...Қызыққандардың жаны қайыссын.

Ессіз қылықты сезбестен мүлде.

Екеуміз алғаш жолығайықшы,

Екеуміз соңғы кездескен жерде.

...Вокзалда. ...Мені күтесің бе?

Сурет: familymodern.ru