Сен көрген толқын – мен өрген өлең...

Құрметті жырсүйер оқырман, бүін біз сіздерге жас ақын Манас Қайыртайұлының өлеңдерін ұсынбақпыз. Жыр бәйгелерінде оза шауып бәйге алып жүрген айтыскер Манас жазба жырдың да хас шебері.

*****

Үлгердім...
Тамырын қиып ап гүлдердің.
Өзімді түсіне алмадым,
Бірақ та білемін, бұл – менмін!

Нәзігім,
Кеудемде төбе мұң қабірің.
Тым ерте солдырып алдым ба,
Адастым, арыдым, налыдым?!

Ұғынғам...
Мұнара тұрғыздым мұңымнан.
Еңсеңді көтергін жығылған,
Қуат ап қайтадан жырымнан.

Білгем бе?
Қысқа жіп келмей бір күрмеуге.
Арманға жетпеспін сендерсіз,
Сендерсіз сандалды тұл кеуде.

Үлгердім...
Тамырын тірілтіп гүлдердің.
Жыртығын жамадым іргемнің,
Білемін, бұл – менмін...

*****
Төгіліп түсті тегі жыр өніп,
Толқын сезімім тулағасын ба?
Сен басқа адамның серігі болып,
Сейіл құрасың су жағасында.

Сыртыңнан сонда торыдым жатып,
Торы мұңға бұл бөленбеген ем.
Толқытқан бойды тобығың батып,
Сен көрген толқын – мен өрген өлең.

Жібектей жаулап басты нендей мұң,
Бойымды баурап Баяндай күлдің.
Сүймеймін сені, жақсы көрмеймін,
Дегім келеді, дей амай жүрмін.

Жүрегін тесіп жебеден де өлген,
Махаббат желі желпиді көне.
Қозы Көрпеш пен Төлегендерден,
Бекежан, Қодар кем сүйді деме.

Күрсінтпес өмір күле білгенді,
Сезім жорығы – бұлыңғыр елес.
Жаулап аламын жүрегіңді енді,
Бейбіт жолменен, зұлымдық емес!

Суреттер: автордың жеке мұрағатынан, goodfon.ru