Сегізі ертең наурыздың!

Жер ананы бусандырып, адам біткеннің жан дүниесіне жылу сыйлай келетін көктемнің алғашқы күндері аталып өтетін 8 наурыз, бұл – әлемді жып-жылы алақанымда ұстасам, болашақ ұрпақтың шат күлкісін, бейбіт тірлік-тынысын көрсем деген аналардың, жүздері бал-бұл жанып, ертеңіне үмітпен қарайтын қыздардың мерекесі. Мереке алдында асыл жанды аруларға арнап жырдан шашу шашпақпыз. Ендеше өлең оқи отырыңыздар.

***

Әйелдердің күні дейді бұл күнді,

Бақтар жайнап, сайратады бұлбұлды.

Еркек түгел еркелерге берем деп,

Қолдарына ұстап апты бір гүлді.

 

Осынау күн – беделі бір өскен күн,

Жұрттың бәрін мен өзіме дос көрдім.

Қай қияға жұмсаса да баратын,

Әйелдерге антын бұзбас әскермін.

 

Ұмытылмай сонау жастық кездегі

Айтылады махаббаттың сөздері.

Гүлді ерекше ұнатады әйелдер,

Гүлдерге ұқсап тұрғаннан соң өздері.


Көктем алды Алатаудың өңірін,

Таңмен бірге әнге басты Бек інім.

Бір шоқ гүлді мен де келем көтеріп,

Күлтайымның алайын деп көңілін.

Тұманбай Молдағалиев

Әйелге ода

Қай жерде, мейлі, қай елде

Әлемнің мәні – Әйелде.

Шын мықты болсаң оныңды

Әйелге барып дәлелде!


Әйелсіз айтпан әнді мен,

Әйелмен дәмді әңгімем

Сүйкімді болсаң шынымен

Әйелің сүйсін алдымен!

 

Әйелге мәлім көп сырың,

Сүрінсең – әйел деп сүрін

Халыққа сыйлы болмайсың

Әйелге болсаң жексұрын.

 

Әйелсіз қонды бақ қашан,

Әйел деп түстік отқа сан.

Әлемнің тілін таппайсың

Әйелдің тілін таппасаң!

 

Ананың сорып емшегін

Басылған талай кемсеңің.

Бәдік боп өмір кешесің

Бермесе әйел жень-шенін.

 

Болмасын әйел назалы,

Болмасын әйел жазалы.

Кеудесін қаққан талайдың

Әйелден болған ажалы!

 

Әйелден ыстық от бар ма?

Сол үшін түстік көкпарға.

Қарғағың келсе біреуді

Әйелің өлсін деп қарға!

 

Әйелмен құның өлшенер,

Құдайдан кейін – сол шебер.

Бақытты сен де болмайсың

Әйелің сорлы болса егер!

 

Сырыңды соған ашасың,

Шөліңді содан басасың.

Адамның күні әйелмен,

Әйелдер мәңгі жасасын!

Жүрсін Ерман

Наз

Қызылды көрсе,

                           тамағы кенет бүлкілдеп,

Қияда қыран қанатын

                            қомдап сілкінбек.

Жүректе тербеп сезімнің

                            Нәзік тамырын,

Бұралып басып қызғалдақ

                             Ару үлпілдеп,

Барады, әне! Көшеде өлең теріп мен

Көз ала алмай келемін әсем көріктен.

Алға озып кеткен уақытым

                             Сынды бұрылып,

Қиылып сен де қарадың,

                             Қарғам неліктен?

 

Аққудың ерке елесі болып

                              Ай қабақ,

Барасың қайда еркімді менің

                              Байлап ап?

Лүпілдеп мендей тұр ма екен

                              Әлде жүрегің,

Арман-ау, шіркін,

                             Көрсемші бір сәт аймалап.

 

Іліп-ақ түсер лашыны едім

                             Тау-құздың,

Назарды қалай назыңа,

                              Қалқам-ау, ауғыздың?

Тілімде еріп барады жалғыз

                              Балдай сөз:

- Мерекеңізбен!!!

(Сегізі ертең наурыздың!)

Маралтай Райымбекұлы

Өлеңімнен ұсынамын гүлдесте

Әйел – Ана, ұлылық қой, не дейміз,

Өмір бойы қуанышқа бөлейміз.

Бәріміз әлдилеген Жерді де,

Мейірімді анамызға теңейміз.

 

Әйел біздің Құдай қосқан жарымыз,

Берекеміз, ұжданымыз, арымыз.

Мәңгілікке аялаумен өтеміз,

Олар біздің бақытымыз, барымыз.

 

Әйел біздің шуақ төккен әпкелер,

Жезделердің жүрегіне от берер.

Әйел біздің ашық-жарқын жеңгелер,

Жеңгелерге кім бар екен тең келер.

 

Әйел біздің қарындастар қаракөз,

Түседі еске балдай тәтті бала кез.

Қарлығаштай қанатымен су сепкен,

Іздеп оны қала кез де, дала кез.

 

Әйел біздің айдай сұлу арулар.

Ару барда, жүрегіңе дәру бар.

Махаббаттың айықпастай дертіне,

Алалау бар, өртену бар, жану бар.

 

Наурыз келсе, жауқазындар жар сала,

Көктем келіп, көктен жаңбыр жауса да,

Бәйшешек боп, қызғалдақ боп бой түзеп,

Келеді өсіп қыздарымыз қаншама!

 

Есейткенде, өмір, уақыт өте кеп,

Қыз өсірдік раушан гүлдей мәпелеп,

Даламызда кеңейеді өрісің,

Қызың тұрса: «Көке, көке, көкелеп».

 

Келеміз біз бір керуен, бір көште,

Әйел жайлы таусылмас жыр мың кеште.

Барлығында құттықтаймын мен бүгін,

Өлеңімнен тоқып тұрып гүлдесте.

Бауыржан Жақып