Сайрангүл Даханқызының шығармашылығы

Сайрангүл Даханқызының шығармашылығы

Сіз жүрсіз шешілмес жұмбақтай

Алматы оранды ақ қарға,

Ақ сезім төгілді төбемнен.

Төзе алмай ғашықтық оттарға,

Өшімді алам мен өлеңнен.

 

Ақ жібек көйлегі үлбіреп,

Қала тұр назданып тіл қатпай.

Нәп-нәзік жанымды тілгілеп,

Сіз жүрсіз шешілмес жұмбақтай.

 

Алматы құшағын түсінем,  

Көктемнің көйлегі ораса.

Сіз қашан махаббат күшімен,

Сырларды айтасыз тамаша.

 

Мезеттік бақытын бұлдаған,

Уақыт ұрлайды күлкімді.

Мәңгілік жұмбақсыз сіз маған,

Жаза алмай тулаған жыр сынды.

 

Келмейді мүлде қоштасқым...

Ескіртеді екен сезімді,

Уақыттың ащы нұры жеп.

Тоздырады екен төзімді,

Күмәннің түпсіз мұңы жеп.

 

Боздаған бота жыр едім,

Сағыныш таққан бұйдасын.

Жетегіне еріп жүдедім,

Қашады қайда бұл басым.

 

Жете алмай көнем ар ойлап,

Жүректен жырды шашып мың.

Жетсем де сізге дәм айдап,

Жазмышы бөлек қашықпын.

 

Моншақтай жасым төгіліп,

Өз дертімменен от бастым.

Еш мұңсыз сізге көрініп,

Келмейді мүлде қоштасқым.

 

 Сіз және мен

Ақ кітапсыз өлең боп толтырамын,

Парағыңда жүзеді толқын ағын.

Іңкәрліктің ілінгем өрнегіне,

Сұлу-сұлу жыр болып тоқылғамын.

 

Балапан қарағаймын тамырым - Сіз,

Өңделмеген гауһармын қалыбым - Сіз.

Қараңғы күн қайраңын келем кешіп,

Нұрын шашар алдымнан жарығым - Сіз.

 

Құлатпайтын күш бердің білегіме,

Еңкеймейтін ешкімге еңбегімен.

Секунд боп соғылдың жүрегіме,

Дөңгелеген күнімнің шеңберінен.

 

Ұшқын ойдың ұшырдың ұшағы боп,

Жүргенімен кей сәтте құса мұң жеп.

Мүмкін бізді ертең-ақ еміреніп,

Мөлдір бақыт қысады құшағы кеп.

 

                      ***

                                                                         ...Мен сені бүгін түсімде көрдім

Мен сені бүгін түсімде көрдім

Көрсетпей таңға жасырғам.

Бейнесін кімнің мүсіндеп едің?

Арманы Айға асылған.

 

Сонау бір көкке аттанып па едің?

Шақырып қонар биігің.

Арманды Айға ақтарып па едің?

Жүзіңді шарпып жиі мұң.

 

Бейтаныс нұрға бөледің еппен,

Көңілдің көзсіз бұрышын.

Сен әкеп маған сауға қып кеткен

Қуандым мұңсыз түн үшін...

 

 

    Қанатын сүйіп періштелердің...

Аспанның жасын көрмейді бөтен

Жалғанның жаршы кеудесі.

Дертті өмір мұңын емдейді ме екен,

Ақ жаңбыр жырым селдеші.

 

Көгілдір көңіл үмітімді ұрттар

Бауырын жырдың пана деп.

Арманыма орап ақ мамық бұлттар

Өзіңмен бірге ала кет.

 

Жасын жырлармен жолдайын сәлем

Тұрайын төніп биіктен.

Күнәһар күнмен өртенген әлем

Таба алар ма екен күйікке ем?

 

Сел сезімменен сүйіп өтейін,

Табиғат қыздың гүл өңін.

Ақ толқын жырмен жуып өтейін

Күндердің күрең жүрегін.

 

Қанатын сүйіп періштелердің

Ағыл да тегіл жылайын.

Сайтанмен талай өбіскен едім

Кешірер ме екен Құдайым?!.

Дайындаған: Ақерке Әбілхан

Сурет: Айгерім Сматуллаева©

А. Әбілхан