Құрметті жырсүйер қауым, сіздер бүгін поэзия бөлімінің құрметті қонағы ақын Сайрангүл Даханқызымен өткен әңгіменің оқырманы болғалы тұрсыздар. Сайрангүл Даханқызы 1987 жылы қаңтар айының 15 жұлдызында Қытайдың Санжы облысы, Торғайты қалашығында дүниеге келген. Қазір Абай атындағы Қазақ Ұлттық Педагогикалық университеті журналистика факультетінің ІІI курс студенті. Басына ақ жаулық тағып, келін атанған ақын қыз әлі де жырдан алыстамақ емес. Ақын келін атанып жүрген Сайрангүл әпкеміз жақында ақын ана атанбақ. Өмірін өлеңсіз елестете алмайтын ақынның жары мен жырына деген махаббаты ерекше.
Сәлеметсіз бе? Әңгіменің төркінін өлеңге қалай келгеніңізден бастасақ.
Амансыз ба! Менің өнерге келудегі алғашқы баспалдағым прозадан басталды. Прозалық шығармаларым арғы жұрттағы белгілі басылымдарда жарияланды. Ал поэзияға осы ата жұртқа келген соң ғана қалам тербедім. «Ақындық – сезім мен қиялдың туындысы» деп жатады. Сезімің арқылы өзіңнің өмірге деген түсінігің мен өмірге деген тәтті махаббатыңды бейнелейсің. Бұл өнер де біреуге беріліп жатады, біреуге берілмей жатады. Бірақ оны қадірлеу керек, аялау керек. Ол үшін еңбектену керек: көп оқу және көп тоқу деген сияқты. Бірақ енді өзімді кереметтей бір ақынмын деп айтпасам да, Аллаға шүкір, Алланың берген дарынымен өзіндік қолтаңбамды ақырын-ақырын қалыптастырып келе жатқан жайым бар.
Тұрмысқа шыққанға дейін шығармашылықпен көп айналыстым. Бірақ соңғы бір жарты жылдың ішінде мен шығармашылыққа өзімнің көп уақытымды арнай алғам жоқ. Келін болғасын, текті келін болу – сын. Жолдасың мен ата-енеңнің көңілінен шығу керек. Ол үшін көп уақытыңды соған сарп етуің қажет. Бірақ мен уақытша ғана өзімнің шығармашылығымды құрбан еттім. Өзімнің ойымша, бұл мен үшін пісу мерзімі. Мейлі, бұл үзілісті тоқырау мезгілі деп санасам да, мұның жемісі үлкен болатын шығар деп ойлаймын. Бірақ мен өнерден ешқашан алыстамаймын. Өнер ол менің қаныммен, менің жүрегіммен бірге Алладан келеген сый. Алла қаласа, шамам келгенше өзімнің әлемім мен өзімнің өмір жолымда аз болса да қолтаңбамды қалдырғым келеді. Маған тек тұрмыспен ғана отбасы, ошақ қасында отырып қалу аса ұнамайды. Қазақ тарихына да үңіліп қарайтын болсақ, талай-талай талантты қазақ қыздары жай тірліктердің астында көміліп қала береді. Ал маған ондай жол ұнамайды. Өйткені адам болған соң, Алла берген талантты дамыту керек. «Алла да талантты сенетін адамға ғана береді» дейді ғой. Ал оны дамыту әркімнің қолындағы өнер. Хадисте де келтірілген ғой: «Бос кеткен бір минутың үшін Алланың алдында жауап бересің» деп. Сондықтан да қамшының сабындай ғана ғұмырымда ұзақ уақытқа жетер әдемі тірлік жасау – менің мақстатым.
Қандай жетістіктерге қол жеткіздіңіз?
Аз ғана жетістікке қол жеткіздім әзірге. Еліміздегі үлкенді-кішілі басылымдар: «Жас Қазақ» газеті, «Желкен» журналы, «Үркер» журналы, «Айбергенов әлемі» журналдарында өзімнің азғантай шығармаларым жарық көрген. 2012 жылы өткізілген Т. Айбергеновтың 75 жылдық мерейтойында шабыттандыру сыйлығына ие болдым. 2011 жылы өткен Мұқағали Мақатаевты еске алу кешінде студенттер арасында поэзиядан бірінші орныды иелендім. Әрине, бұлар енді кішкентай ғана жеңіс болғанымен, мен үшін, бұл жеңістер – өлеңнің өміріне деген алғашқы баспалдақтар. «Бірінші түймесін дұрыс түймелей алмаған адам өзге түймесін де дұрыс түймелей алмайды» дегендей бұл аз ғана жетістіктер мен үшін өте маңызды және өте ыстық.
Арғы аталарыңызды осындай дарын бар ма еді? Сіз өлеңге қалай келгеніңізді баяндадыңыз. Ал сізге өлең қалай келді? Сол жөнінде айта кетсеңіз.
Арғы ата жағын айтатын болақ, қазақта тектілік деген ұғым бар ғой. Менің арғы атамның аталары ел басқарған би болған. Ол кісілерде шешендік қалыптасқан. Ал өзімнің туған әкем қисса-дастандар жазатын. Бала кезімізден соларды жаттап өстік. Кішкентайымыздан құлағымызға «Алпамыс батыр» жыры сіңіп қалды. «Қыз Жібек» те біздің бесікте жатып тыңдаған жырларымыз болды. Шамның әлсіз жарығында болса да, әкем том-том кітаптарды оқып беретін. Ал атам өзі күй шығарып тартатын. Оны да тыңдап өскен жайымыз бар. Осы өнердің бәрі бізге де қаннан берілді. Осы кісілердің өнерге деген махаббаты арқылы бізге де осы қасиет дарыған болар.
Мен көп балалы отбасында өстім. Қарапайым ауылдың қызымын. Алты баланың ішіндегі бесіншісімін. Екі ұл, төрт қызбыз. Бәрі де өнерден кенде емес. Ең үлкен ағам сыбызғы тартады. Алтауымыз да домбыра тартып, ауылдың алты ауызын айтып жүретінбіз.
Осындай атаңыздан келе жатқан өнер мен шығармашылыққа бас бұрмай кеткеніңіз өзіңізге де қиын соғатын болар.
Әрине, рух жағынан болсын, арғы аталардан дарыған борыштық жағынан жалғастық болсын, сосын мына қазақтың қызы болғасын қазаққа деген үлкен құрмет жағынан болсын, өлең мен өнерді тастау деген үлкен бір күнә, үлкен бір айып деп айтар едім. Өнерге деген құрмет нәзіктікпен, адамгершілікпен жалғасады. Өнер – өмірге бастайтын әдемі сара жол.
Сіздің тұрмысқа шықпай тұрған кездегі мен жар атанған шақтағы өлеңіңіздегі кейіпкерлер мен тақырып өзгерді ме?
Өлеңдегі әрбір кейіпкер өзіңе қымбат. Ол өзіңе құпиялы болып та келеді. Бірақ мен өлеңім өзгерді деп айта алмаймын. Өйткені менің жүрегім өз орнында тұр. Әрине бір жанды жарым ретінде қабылдаған шығармын. Бірақ менің поэзия мен өлеңге деген махаббатым өзгерген жоқ. Ал кейіпкерлерім уақыт өте келе өзгеретін болар. Сонда да енді өмірге келер жырларыма шектеу қойғым келмейді. Көңілім мен жүрегім не айтады, мен соны жазамын. "Мен біреудің келіні, біреуді жолдасы болған екенмін" деп өз әлемім мен өз жырыма тұсау сала алмаймын. Егер бұлай еткен болсам, бұл менің өнерге қарсы жасаған үлкен опасыз ісім болар еді.
Жарыңыз жайында айтып өтсеңіз.
Жолдасым да қазақ өнерін қастерлеген азамат. Мен поэзияда қаламым арқылы толғаныстарым мен көңіл-күйімді жеткізіп жатсам, ол өзінің сол қылқаламы арқылы еліне деген махаббатын, өнерге деген махаббатын мың бояуымен дәлелдеп жүр. Өнерлі отбасын құрсын деп бұл да бір Алланың қосқаны болар. Жарымның өзін де, өнерін сүйемін. Жүрегімде оның орны өте бөлек.
Той үстінде тәтті күндерден...
Сіздің өлеңге жақын жан екендігіңізді білгенде, жарыңыз қандай көзқарас танытты? Сіздің қыз кезіңіздегі мұңға толы жыр дәптеріңізді ашып оқиды ма? Қандай пікір айтады?
Иә, оқиды. Қалай қабылдайтынын білмедім, бірақ қызғаныш деген сезім міндетті түрде болады деп ойлаймын. Бірақ «Ақынның жары болу қиын» деп жатады ғой. Сонда да сүйген адам бәрін де кешіре біледі. Сүйген жар бәрін де түсіне біледі деп ойлаймын. Ол да өнер адамы. Сондықтан ол мені ешқашан кінәлай алмайды. М. Әуезов «Өнердің бес ағайындысын бөліп-жаруға келмейді» деп айтқан екен. Сол сияқты ғой, ол да сурет тілімен өз махаббатын әйгілейтін шығар. Мен де қаламым арқылы өз махаббатымды әйгілей аламын. Бірақ біздің бір-бірімізге деген іңкәрлігіміз, бір-бірімізге деген ғашықтығымыз ешқашан сөнбейді. Жүрегіміздегі орнымызды ешкім де баса алмайды де ойлаймын. Жалпы, қызғаныш болған шығар. Бірақ оны бетіме басып, «Сен неге бұлай жаздың?», «Мына жырыңды кімге арнап ең?» деп ешқашан айтқан емес. Өзі де өнерді түсінетін жан болғасын, бұлай айтпайды деп ойлаймын.
Ене мектебінен қалай өтіп жүрсіз? Енеңіз өлеңіңізді қалай қабылдайды?
Менің енем де өнерден құралақан жан емес. Ол әдеби шығармаларды көп оқыған кісі. Төлеген Айбергеновтың өлеңдерін жатқа оқиды. Ол кісі де шығармашылықтан кенде емес. Өзім жазған әрбір өлеңімнің бетін үнемі сол кісіге ашқызам. Баспа беттеріне жарияланған жырларымды да оқып, дұрыс қабылдап жатады. Менің туындыларыммен танысып, өзінің өткен өмірінде есте қалған ой толғаныстарымен бөліседі.
Ашық әңгімеңіз үшін сізге үлкен алғыс айтамыз!
Әңгімелескен: Ақерке Әбілхан
Сурет: Айгерім Сматуллаева©