- Негізгі бет
- Поэзия
- Сауыры сабынданған күлік-көктем...
Сауыры сабынданған күлік-көктем
Ербол Алшынбай қазақы қара өлеңнің қайнарынан қанып ішкен, қазақтың қасиетті қара сөзін бойына тұмар ғып байлаған азаматтардың бірі десем, жұрт артық айттың дей қоймас. Бір сөзді «айта салдым» үшін бір сөздің қадірін табанға таптамайтын ақын. Мүмкін аз жазатыны - өлеңге деген кіршіксіз адалдығынан болса керек. Сөз нәрін төкпей-шашпай «омартасын орны-орнына қоя білетін» жас ақынның өлеңдері назарларыңызда...
ІЛЕ
Екпініңді жұтты ма, сол тасбауыр жағалау,
Не өксисің тұншығып, мені өсірген анам-ау.
Өз отына өртеніп, құлап барад қызыл күн,
Қызыл күнді көрдім де, сендей болып бұзылдым.
Түн менен түн жиекте жапсарласа бергенде,
Сонау көктің көзінен бір-ақ сәуле көргем мен
Сол сәулеге асықтың толқындарың жарысып,
Сенің тамшың мен едім, толқи аққан жаны ұшып.
Жеттім әппақ сәулеге, жүрегімді нұр өбіп,
Түндей терең арналым, түнде қалдың түнеріп.
Түнге қарап толқимын, сені ойлаймын кей күні,
Үндемейсің сен неге, ей, Түркінің Жейхуны.
Сен жылайсың шерлісің, бірақ, заман таскерек,
Оның сөзі басқа сөз, оның мұңы басқа өлең.
Менің ұлы бабамның тұлпарындай екпіндім,
Мен сен болып толқыдым, толқынымды көкке ұрдым.
Теңіз құйсам өшпейтін өзегімді өрт жайлап,
Заман алып барады, мені сендей қақпайлап.
ҚҰЛАН АУҒАН
Дөңгелеп тұяғымен мына жалған,
Төсінен Қаражонның құлан ауған.
Толқыны сонда Іленің қойдай жусап,
Дүбірге құлақ тосып тына қалған.
Құйқалы қу далада жосып өтіп,
Оятқан дүн-дүниені есінетіп.
Еркіндік еркесімен кеткісі кеп,
Жүгірген жел соңынан есі кетіп.
Сауыры сабынданған күлік-көктем,
Жұпарлы самал күткен тұнық көктен.
Құлдырап құба белде құлан арман,
Бұлдырап көкжиекке сіңіп кеткен.
Қабарып, қас-қабағы Тәңіртаудың,
Шыдамы мүлде азайды сабыр-шалдың.
Құлазып құладүзге қарай-қарай,
Кірпігін жабады екен жабырқау түн.
Осылай өрнектедім бір жырымды,
Өмірге өлең керек күн ғұмырлы.
Құланы кеткен жаққа қарап үнсіз,
Бұл дала күтіп жатыр бір дүбірді.
ЖАЛҒЫЗДЫҚ
Жаны нәзік жапырағынан жас талдың,
Ойы сүйіп, күміс шыңын асқардың.
Жалғыз ғана жүреді екен ақын – ай,
Төсін таптап алашабыр аспанның.
Жүреді екен жалғыздықтан сансырап,
Мұңлы жыры тұрған нұры тамшылап.
Айдың жырын тыңдамайды онда ешкім,
Баяғы аспан, баяғы түн, сол тұрақ.
Қара түнді, қара аспанды кірі көп,
Жауайын деп сүйді тағы нұры кеп.
Жердің жасыл ормандары дір етті,
Ал аспанда айып ұққан бірі жоқ.
Көп қайғыдан көкірегі шерменде,
Сыртын беріп қара аспанға көр кеуде.
Шыңнан асып кетті сөніп ақын – ай,
Шығыс жақтан шолпан туа бергенде.
Дайындаған: Қайсар Қауымбек
Сурет: wallpaper.zoda.ru
Қ. Қауымбек