Құрметті жырсүйер оқырман, бүгін біз сіздерге қазақ поэзиясында өзіндік бояуымен өлеңнің өрімін өріп жүрген ақындардың тағы бірін таныстырмақпыз. Ал танимыз деушілерге, таң қалмаймыз. Өйткені Бауыржан Әліқожа осы уақытқа шейін-ақ өз оқырманын жинап үлгерген ақын.
Қазақ поэзиясында оймақтай болса да орын алып үлгерген орақ тілді, өр жүректі ақын орамды сөз айтады. Өлеңдерін оқып отырып өзінің емес, жүрегінің даусын естиміз. Тілі емес, сезімдері сөйлейтіндей. Жыр өлкесінде махаббаттан жырақ кетпейтін Бауыржан Әліқожаның өлеңдерімен танысып, оң бағасын беріңіздер!
Айнам
Көзіңнен көріп өзімді,
Теңіздей ақжал толқыдым.
Байқашы мендік сезімді,
Жүректің ұстап солқылын.
Сен жүрген жердің – жыр бәрі,
Тал бойың тұнған келісім.
Аруларды айтпа мұндағы,
Бірі жоқ сендей мен үшін.
Басқадан бөлек бәденің,
Орнығып алды жүрекке.
Әлемде теңсіз әдемім,
Нұр шашқан Айсың түнекке.
Бір бақыт құшақ жаяр ма,
Айналып жазға күз кеуде.
Болмай-ақ «Қозы–Баян» да,
Тарасын аңыз бізден де.
Табысу тағдыр ісі де,
Жолыққан жоқпыз бекер біз.
Сенемін оның күшіне,
Сен де сен, соған, шекер қыз!!!
Бақ жұлдыз
Айым менің!
Жарасады өзіңе мойыл меңің.
Сүттей аппақ жүзіңнен айналайын,
Аққу қанат, ақ балтыр қайың ба едің?!
Жаным менің!
Сенен сездім жайдарлы мамыр лебін.
Мына жалған дүниені нұрландырып,
Қан таратқан сезімге тамыр ма едің?!
Тұнық көлім!
Шыбық белім, не деген қылықты едің?!
Жігіттердің шоқ салар жүрегіне,
Тұрған тұрқың нұр шашып күліп керім.
Үр қызы ма ең?!
Әсемдіктің не екенін білгізіп ең.
Болмысыңа қызғана көз тастайды,
Мына ғалам сан миллион жұлдызымен.
Бұрымдым-ай,
Саған арнап жазармын жырымды ұдай.
Тіршілік те,сен де бір іңкәр әлем,
Сезінбеп ем өмірді бұрын бұлай.
*****
Елесің неге бермей жүр жаныма тыным,
Сұқтанғым да келмейді көрікке бөтен.
Сағынбайын десем де сағынатыным,
Неліктен екен?!
Естелігіндей бақ толы бұла шағымның,
Шығатын емес сол бейне есімнен мүлде.
Көңілім жүдеу сазына ұласа мұңның,
Бір тұңғиыққа батуда не сырмен бірге.
Жадыңнан өшер қалайша, достасқан көктем,
Жарасқан жұп ек, демінен дала гүлдеген.
Сыздайды жүрек өзіңмен қоштасқан сәттен,
Тұтанды шоғы, қыңыр қыз, наланың неден?!
Айтпаған сыры -деймін де - көзінде жатар,
Көрсем деп сені күн сайын жетуге асықпын.
Махаббат деген– расында сезіммен қатар,
Түсіністігі екен ғой екі ғашықтың.
Сезімнің отын шарпыған сөндіру қиын,
Бой бермей кетер бағынбай, жалындағасын.
Сені жоғалтқан не болар ендігі күйім,
Сағынамын тек, өмір ме сағынбағасын.
Суреттер vk.com-нан және Бауыржан Әліқожаның жеке мұрағатынан алынды