- Негізгі бет
- Поэзия
- Равиль Ашығалиев. Іңір...
Равиль Ашығалиев. Іңір түссе жылайды үстелімде, сізге қарай жолданбаған хаттар жиі...
Равиль Ашығалиев – 1999 жылы 29 қарашада Атырау қаласында дүниеге келген. Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті, журналистика мамандығының III курс студенті.
***
Сізді күттім…
Қарайлап жолдарға сан,
Ымыртта өшті балауыз шамдар қанша?
Қазір-ақ кетер едім әлеміңнен,
Сізді мендей сүйетін жан бар болса…
Сосын, күз де көз жасын көлдетпесе,
ештеңе аңғармасам!
Аңғармасам…
Көктемнің кеш келгенін,
Сезіміңнің құнын да бес теңгелік.
Бірақ, қалай шығарам барды жоққа?
Сізге ғашық жанмын ғой ес білгелі…
Бейсанаға,
бақытты шақтарды үйіп,
Гүл шоғы, мойныңызға таққан бұйым.
Есімде әлі ұялғаннан бетіңіздің нарттай күйі.
тек, не үшін?
Іңір түссе жылайды үстелімде,
сізге қарай жолданбаған хаттар жиі...
***
Всеx стиxов моиx мятежность
Не она ли создала?
(c) Александр Блок
Неге қала көріксіз?
Түсінбедім?!
Құстарменен қайтпағаның үшін бе еді?
Ай сәулесі сығаласа терезеден,
айтылмаған сыр қалмай ішімдегі,
босап қалам.
Сосын, мені мазалап түсімде мұң,
оятады жыр жаз деп…
Бірақ, бүгін ештеңе жаза алмадым
Сыра да ішілмеді...
Үстелімнің үстінде
күнделіктен иісі аңқып көз жасыңның,
Сиқырыңмен жүрекке мөр басылды.
Біздің бақытымызды қызғанар деп,
Сені сұлу әлемнен тез жасырдым
жазасында елемей,
Ұшып үйретіппін ғой көкке қарай,
көтере алмай жатсам да өз басымды…
Тағдыр бұйрықтарында орындадым,
Құз кездесер құлайтын жолымда әлі.
Бүгін…
естеліктерді сөйлетпедім!
Сандырақ қой, жарқыным оның бәрі.
Өлең өріп отырған ақ параққа
Сен сыйлаған қалам ба қолымдағы?
* * *
19-ыншы қабат…
Ауаға тарады темекі түтіні,
Еңселі үйлері көрінді қаланың.
Мен мұңға бір жола жұтылып
барамын...
Естілді тым ащы дауыстар құлаққа,
Жанымды қояр жер таппадым.
Мен көрдім жеткізген мұратқа
жұлдыздың аққанын.
Дұға да жасадым. Қол жайып аспанға
іштегі тілектер төгілді.
Таусылса шарабым көзімнен жас парлап,
жек көрдім өмірді.
Жек көрдім сені де. Өртенді өзегім
іштегі сырды айттым параққа тағы да.
Тағдырға, жаңбырға бәріне көнемін!
– Тек, орал жаныма...
Айналып басым сол сәт. Қолдағы
шарап төгілді қып-қызыл жерге.
Қиялым бақытты қойылым сомдады
қосылдым менде. Үнсіз...
* * *
Көзге ілмей жолдарды ұзын асықтық жолығуға,
Сағыныш сезімімен жабығу, торығу бар.
Бақытты болу үшін ғашықтар міндетті ме,
тағдырға табынуға?
Санамда сенделіп жүр ғаламның сан сұрағы,
Сөнбесе екен деймін сезімнің шамшырағы.
Жастықтың жаны ауырад(ы). Түн іші үзілгенде
көзіңнің тамшылары.
Жайықта жаңғырып тұр сен салған баяғы әнің,
Ол неге көңілсіздеу? Күтеді қай адамын?
Мен жазған жырларды оқып, серуендеп күнде өтесің
"Жерұйық" саябағын.
Тоңдырды сені күнім тағдырдың түнгі ызғары,
Жолыңда көп кездесті жалғанның мұң, мұздары.
Мен ессіз! Мойныңдағы қияр ем бір мең үшін
ғаламның жұлдыздарын.
Өткенге өкпеміз көп, көңілді көншітпеген,
Мезгілсіз жаңға батты мұңымда меншіктеген.
Күт, қалқам! Сен тұратын өлкеге өзімменен
көктемді ертіп келем!
Уәде…
* * *
Мұң кешудің өзіндік дерегі бар,
Күдік осы үмітке неге құмар?
Жаныңды азаптайтын махаббаттың не керегі бар?
Қойшы, бәрін...
Сәулесімен сыңарсың ақ таңдардың,
Астанада білемін ақпан қарлы.
Бәрін-бәрін отқа өрте,
тым болмаса…
жүрегіңді жылытсын хаттар әлгі.
Сонда мені...
Бұлыңғыр бақ елеп тұр,
Көрмедім ғой көріктім мәпелеп бір.
Біз өмірге бір уақта келгеніміз
Тағдыр жазған ең ұлы қате деп біл.
Сосын…
Бәрі кездейсоқтық дей саларсың.
Сен білетін жаныма мұң ыстық, ар,
Таң атырып, жүрекпен ұғыстық.
Ал, сен
қиялымда қаяусыз ғұмыр кешкен
Музам болып қалғаның дұрыс шығар...
"Recklessness"
Мен кеше байқадым…
Сенің жанарыңда үміттің іздері бар екен,
Сенің жанарыңда күдіктің іздері бар екен.
Өр кеудеңнің артында жасырынған
Сенің жүрегің ақ екен,
Сосын, пәк екен маған деген сезімдерің…
Жазмыштың желі де өбе алмай жаныңды сандалды,
Аңғалдық-ақынның жазылмас жарасы.
Біз бірақ, таңғалдық…
«Сүйіп тұрып та қосылмауға болады екен-ау».
Мен кеше байқадым…
Сенің жүрегіңде наз үн бар екенін.
Сенің жүрегіңде назың бар екенін.
Қалай қашсаңда тағдырдан «мені» бағыңа
жазылған екенін ұрланып оқыдым…
Сенің алдыңда кінәлі екенімді,
Сенің алдыңда күнәлі екенімді оқыдым…
Дөкір күн ажалдай араны айырды бір сәтте
«Өкіндім сені жоғалтқаныма...»
Мен кеше байқадым…
Сенің сөздеріңде жалғанның барын,
Сенің көздеріңде арманның барын.
Сорғалап көз жасым ұйқысыз қарсы алдым
Таңдардың бәрін…
Білтесі таусылған шамдар куә!
Сенсіз сенделіп серуенге шықтым сазарып,
Жаз әні айтылды бақтарда, естілді бақыттың базары.
«Ол, кетіп барады көктемге» дедім, мен!
Өзенде менен сені сұрады,
Кезеңдер менен сені сұрады.
«Ал, сен үнсіз кетіп барасың көктемге...»
* * *
Көрдің бәрін…
Қирағанын қабырғам,
Жазда арманым көкке ұшқанын келмеске.
Вокзал маңы,
Сені күттім, сарғайдым әр кеште…
Түтіне алдандым бұ қаланың,
Ақ бұлттар деп адасып арасында.
Жүрегімнің жазылмас жарасы бар
Өтінемін…
...қасымда қаласың ба?
Келесің бе?
Үнсіздік билеген көшелерге,
Адам қашқан.
Жанарыма қарайды-жылайды өлең
Қараңғы аспан…
Мұңданамын бұлай неге?
Сағыныш па?
Сағыну да ессіздік осы күні,
Сағыныштың білмейді құнын ешкім.
Тағдыр бізге жазбаған қосылуды
Күнім, кешір...
* * *
Күз…
Келді де көздерден жас тамғызды,
Ұшып кетті ұлы ойлар аспанға ізгі.
Мұңайғанда қараймын көкке
Көркем!
Сосын…
біз туралы оқимын дастанды ұзын.
Қайғырамын,
қашқандай бастан бағым,
Көріп тұр ғой көңілшең аспан бәрін.
Айырбастап мұңыңды бақытыма
Қаламадым көзіңнен жас тамғанын.
Сен, әрине білмейсің…
Рас па күнім?
(Жанарында жұтылдым асқар мұңның.)
Сары уайымға салынам кейде, сені…
...айналама деп жырына басқа ақынның...
Ішім ашып, өлердей түнеремін,
Көп аңсаймын…
әлсіздігім міне, менің,
Егер, сені сағынсам, ұшқан құстың
қанатына хат байлап жіберемін.
Жырақтадың…
Кішірейіп көзіңде өлке.
Сөнбейді деп сенесің сезім де ертең.
Тек, сырымды көңілшең аспанға айтып
Тек, алыстан сүйейін өзіңді еркем...