Рахат Әбдірахманов: "Өртіміз бар болған соң өкпеміз бар..."

Әбдірахманов Рахат Ермекұлы 1979 жылдың 17 қаңтарында Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданына қарасты қазіргі Тоқтар Әубәкіров ауылында туған. Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды Мемлекеттік Университетінің түлегі.

2006 жылы Қарағанды қаласындағы «Санат» баспасынан «Әдемі менің әлемім» атты, 2009 жылы мемлекеттік тапсырыс бойынша «Жалын» баспасынан «Жанымның жазба нұсақасы» атты жыр жинақтары жарық көрген.

Махамбет Өтемісұлының 200 жылдығына орай өткізілген облыстық ақындар мүшәйрасының ІІ орын иегері.
Баянауылда өткен І республикалық  жас ақын-жазушылар форумында арнайы сыйлық алған.
Балқаш қаласының 70 жылдығына орай өткізілген облыстық мүшәйраның ІІ орын иегері.
Ақтоғай аудандық «Тоқырауын тынысы» газетінің 70 жылдығына өткізілген облыстық мүшәйраның І орын иегері.
Қасым Аманжолов атындағы І облыстық ақындар мүшәйрасының бас жүлде иегері. 

Сіздердің назарларыңызға Рахат Әбдірахмановтың бір топ махаббат лирикасын ұсынамыз:


Аңсау

Мың тылсымның мекені гүл ғұмырың, 
Сұлу таңның сырындай сыңғыр үнің! 
Бір қылығың көкке алып ұшады да, 
Отқа тастай салады бір қылығың. 

Кербезім-ай, келіскен кескін-өңі, 
Керім нұрың алады есті үнемі. 
Талып шыққан дауысың «Жаным» деген, 
Ең керемет ән болып естіледі. 

Бір құлаймын, бір биік ұшамын да, 
Отым барда берілмен құса мұңға! 
Кер маралым! Кеудеме бассам сені, 
Кең дүние тұрады құшағымда! 

Балаң бейнең бойды арбап таңша күлген, 
Бастан қайта кешірем бал шағымды ең. 
Жан сырыңды жазасың жүрегіме, 
Сурет салып бетіме саусағыңмен! 

Жанып бара жатсам да үндемейсің, 
Мейлі үндеме... Күйсе жан күнге күйсін. 
Шаңқай түсте шалқамнан түсіреді, 
Шар әлемнің шәрбаты сіңген исің! 

Бір сыны ғой тағдырдың өтпелі ызғар, 
Жөніміз жоқ жабығып текке мұздар. 
Түн болмаса кім ұқсын Күн қадірін, 
Өртіміз бар болған соң өкпеміз бар! 

Көңіл қалай өшірсін құмар күнді, 
Біздерді алғаш ақ сезім сыңар қылды. 
Өліп-өшіп сүюдің азабы көп, 
Кінәлайсың жарығым бұған кімді?! 

Соңғы үміттің жалынын сөндірместен, 
Мөлдір мұңым көшеді мөлдір көшпен.
...Өмір шіркін қайтадан басталса ғой, 
Сен екеуміз табысқан сол бір кештен.... 

Өксітіп, өкіндіріп...

Өзектен өрлігімді өктем етіп, 
Көргенім осы еді ғой көкке бекіп. 
Ең асыл адамымды Сүйемін мен, 
Өксітіп. Өкіндіріп. Өкпелетіп. 

Хат беріп жібермедің неге түннен, 
Кешірсең 
Кешіксем де, келетін бе ем?! 
Сендік мұң- менің күнәм. Түн куәсі... 
Жыр оқып берем енді не бетіммен?! 

Қысты қойш... 
Келеді ғой күліп көктем, 
Әр күні шуағымен үміт төккен. 
Жүремін өзімді өзім іздеп күнде, 
Күйбеңнің көшесіне сіңіп кеткен. 

Таңыма тәубе етпесем, бағыма сын, 
Өмірдің өлең дедім мағынасын. 
Шөлдеген кездеріңді, 
Тұңғиыққа 
тұншығып бара жатып сағынасың. 

Бүгінгі сезім жалын, кешегі де от, 
Кей кезде кезбе алаудың кеселі көп. 
Тиер ме ед таңдайыңа тылсымға еру, 
Жазылсам маңдайыңа бес елі боп….. 

Өзектен өрлігімді өктем етіп, 
Көргенім осы еді ғой көкке бекіп. 
Ең асыл адамымды Сүйемін мен, 
Өксітіп. 
Өкіндіріп. 
Өкпелетіп....

Жаным, Жаным!

Жаным. Жаным! 
Күбірлесең көрініп бағымда Күн, 
Сыбырласаң жоғалған табылды әнім. 
...Жалғыз сенің «сүйемін» дегеніңді, 
Барлық әлем айтқандай қабылдадым! 

Таңғы шықтың моншағы тағынғаның, 
Тіл қатып ең, айналды сағымға мұң. 
Шаштарымнан салалай сипап өткен, 
Саусағыңнан сезілді сағынғаның! 

Өзегіме өртенген жардан құлап, 
Сыңғырлата сіңірдің балдан бұлақ. 
О, Жаратқан! Менше кім мас болыпты 
Қолындағы бақ құсын арман қып ап?! 

Мөлтілдеген қос жанар мөлдір әлем, 
Айдын болса жырдан нұр қондырар ем! 
Жолым болып көрмеген сорлы басым, 
Сен боп құшқан бақытқа көндім әрең... 

Жаныңдамын! Мендік ән бағыңдағы үн, 
Содан көргін ғаламның лағылдарын! 
...Кірпігіңді қаққаның қайта-қайта, 
Өн бойымды өртейді-ай жаным! Жаным! 

Сәні, заңы өмірдің...Бәрі де осы! 
Ғашық оты-жүректің дәру-асы! 
...Сенен басқа біреуді сүю деген- 
Менен басқа біреудің шаруасы! 

Лезде өрт қып жіберер лебің мен, 
Тілегіңнен кеудеме гүл егілген. 
Лүпілімен ғаламды тербетердей – 
Жүрегіңнен айналдым...жүрегіңнен! 

Жыр болған соң бойыңа тағынғаның, 
Жіпке тізген жаухардай қабылдадым! 
...Жарым да Арым тек сенсің жалғандағы, 
Барым, таңым да өзіңсің бағым да мың! 
Жаным! Жаным!


Сенсіз...

Заманақыр тақалғандай төніп бір, 
Түңілсем де үмітімнен сөніп нұр. 
Сенсіз де бұл он сегіз мың ғаламда 
Өмір деген үлкен жүрек соғып тұр... 

Дүние ғажап көрінгендей шерсізге, 
Жалған бізбен санасады дерсіз бе... 
Күлімсіреп күн батады қызарып, 
Күнде-күнде таң атады сенсіз де... 

Сенсіз қалсам қалатындай ғаламсыз - 
Неге менің жаным жүдеу, санам-сыз? 
Жұмыр жердің миллиардтаған пендесі - 
Сені ойламай ұйықтайды ғой... 
Алаңсыз... 

Сығалаған жыртығынан жыртығы, 
Бәлкім, ойым шыныменен күлкілі: 
Бірақ, бірақ... Көрші үйдегі бір жігіт, 
Сенің даусыңды естімей-ақ жүр тірі! 

Сергелдеңге толып алды бұл кешім - 
Сенсіз алға бір баспайды жыр көшім! 
Таң қаламын бақыттымын дегенде - 
Сені мүлде танымайтын бір досым! 

Бақ болсаң да қонбай қолын бұлғаған, 
Шер болсаң да түн ұйқымды ұрлаған! 
Әлем маған сеніменен әдемі - 
Тек сенімен ғажап маған бұл ғалам! 

Көрер таңым болмағанмен шектеусіз - 
Жаным менің жүре алмайды Көктемсіз.. 
Көтерейін салмағының қалғанын,
Қалдырмаса екен тағдыр тек Сенсіз..

*** *** ***

Маған да оңай дейсің бе? 
Жетерлік менің азабым... 
Кеудемді жалған көтеріп, 
Сен жайлы ойдан тазарып, 
Ұмытқан сыңай танытып, 
«өтірік» өлең жазамын 
«өтірік» махаббатыма... 
Ал, саған деген наз-әнім шырқалып жүрген сахна 
Жалғыз ақ менің жүрегім.. 
Мен сені үнсіз шақырам. 
Түндердің дос қып түнегін, 
жұлдыздың тосып аққанын, 
Сездіртпей бәрін жүремін, 
өтірік күліп, шаттанып! 
Әйтпесе менің арайлы, атқан жоқ әлі ақ таңым. 
Көмескіленген көңілдің қағысы қатал күйі де, 
Жүрекке сыймай сөгілді ,жанарға шық-мұң үйіре... 
...Мен бұрын жалғыз өзімді, өмірді ғана сүйіп ем.. 
Ал, қазір барлық арманым тек сенсің, неткен биік ең! 
Барлығынан да жоғары, теңдессіз менің қазынам! 
Тас болса дағы жүрегің, ойылып тұрып жазылам. 
Төзімім жетті шегіне, сарғайып жүрмін сағына, 
Аспанмен де мен шығыстым 
жұлдызға, айға шағына.. 
Сенімен ғана ұғысқым 
келеді, сақта жадыңа: 
Мен сені сүйем... 


Түнгі өлең

Қараңғы түн. 
Ай жарық. 
Шолпан жарық. 
Шегінбессің қойған соң жол таңдалып. 
Көз алдымда бір тамшы дірілдейді, 
Көктен түскен әр нұрдан қолтаңба алып. 

Әдемі аспан... 
Әлди жел.. 
Ән құмар шақ... 
Әлем ғажап...Сүйген сәт-мәңгі бал сәт! 
Жан еркем-ау өзіңді жаныма ертпей, 
Жалғыз өзім келемін жаңбыр аңсап... 

Кеше шер мен шемен күй берірек-тін, 
Елес боп кеп, кешімді керім еттің! 
Қара аспанның түнегін қақ жарады- 
Қарақаттай көздегі меруерт мұң... 

Кімге айналып барамын, кімге айналып, 
Қайда апарып соғады мұндай бағыт? 
Парағымда жатырсың күнде өлең боп, 
Қаламыма бір ғажап гүл байланып... 

Бір жанады жүрегім... Бір жаралы, 
Қашан енді біздің бақ бүр жарады? 
Өлең оқып беремін Көктен сұрап, 
Ойыңды оқи алмаймын бір жаманы... 

Қалау барда бөгеуден тағдыр алшақ, 
Жалғыз жүре берем бе жаңбыр аңсап? 
...Мұңның бәрі мың жұлдыз асар еді, 
Түннің бәрін екеуміз ән қыла алсақ...

Дайындаған: Шерхан Талапұлы

Сурет: Vk.com