Рафаэль Ниязбек: "Аласамын халқымнан"

Бүгін Шешен Республикасының ең жоғары "Ұлт намысы" орденінің иегері, Шешенстан Мемлекеттік және халықаралық "Алаш" сыйлықтарының лауреаты, белгілі жазушы, көрнекті ақын Рафаэль Ниязбектің туған күні.

Ақын бүгін 78 жасқа толып отыр. Ақынның туған күніне орай бір топ өлеңін назарларыңызға ұсынамыз.

***

Аласамын халқымнан


Жүрегімнен неге көшсін көктемім,
Әлі де алау от демім.
Қайшыласқан әлем ішінде
Алпыс дүркін қуарып,
Алпыс дүркін көктедім.

Жас күнімді менен безіп жөнелген,
Жас гүлдердің көздерінен көрем мен.
Көп киіліп етек-жеңі қырқылған
Киімдеймін көнерген.
Кейде бірақ жүк артпақ боп үстіне,
Атан түйе секілдімін шөгерген.

Сөйлеп келген жыр тілде,
Ақынның да шау тартуы мүмкін бе.
Жасымда ылғи лапылдасам от болып,
Оты сөнген жанартаумын бұл күнде.

Өжет едім найзағайдан жай тартқан,
Күндер қанша жүрегіме қайғы артқан.
Кейде өткірмін семсердей,
Жаңа шыққан қайрақтан.
Жар жағалап жеткен жаулар секілді
Қатерлі ажал төнеді екен қай жақтан?!

Төнсе егерде қалдырмақ боп көшімнен,
Қайдан көмек бола қайсын көршімнен.
Жанарымнан ағып түскен бір сәуле,
Тағдыр оғы көздегенде көзімнен.
Шыбық тиген көзіне
Секілдімін бұл күнде
Боздап жүрген боз інген.
Көзден қалды деме бірақ, ағайын,
От ұшқындап тұрғанда өжет сөзімнен.

Жанар отым сөнгенімен шырақтай,
Көкірек көзім ашылған-ды бұлақтай.
“Ел ішінде көзсіз батыр” атанып,
Келем әлі жырдың туын құлатпай.
Ар-намысты қайрап ылғи жыр жазам,
Ауыр қайғы бара жатса шыдатпай.

Тау басына шыға ала ма алқынған,
Мұқалмаймын,Жаралғанмын жалқыннан.
Тамырымды қуалап,Аққан емес салқын қан.
Заман талай айныса да жолынан,
Айнып әсте көргенім жоқ салтымнан.
Алла жарылқап,
Алатау боп кетсем де,
Құдай қолдап,
Қаратау боп кетсем де,
Аласамын халқымнан.

***

Есіктері жабылып көңілдердің,
Қиянат, қысастықтың көбін көрдім.
Жұлынымнан үзілген күндер қанша,
Жұлдыз болып жансам деп көгінде елдің.
 
Үмітім де көп еді, арманым да,
Тіршіліктің қап қойдым шарбағында.
Кім-кімнің де жұлдызы сөнбес еді,
Көк аспанда жұлдыз боп жанғанымда.
 
Жер бетінде қаптатып қайғы өсіріп,
Жүрген сұм да жоқ емес Айға өшігіп.
Жұлдызымды жақса егер бір адамдар,
Бір адамдар кетеді қайта өшіріп.
 
Қараулыққа қидырмай жыр қанатын,
Кездерім де жоқ емес бұрқанатын.
Кейде өзімді, ағайын, шамға ұқсатам,
Көшелерде бір өшіп, бір жанатын.

Ел іші

Дүние түгел құралып сынақтардан,
Жауабы жоқ бас қатты сұрақтардан.
Балалығым таза еді...
Жүрмін іздеп,
Көшесінде ауылдың жылап қалған.

Сілікпесін шығарған іргелі елдің,
Бәрі әділ ме билікте жүрген ердің.
Балалықпен бірге егер жоғалмаса,
Адалдығы қайда бұл үлкендердің?!

Айналғанда ақ бауыр жыр кемеге,
Қысастықты көп көрем күнде неге?
Өскен сайын адамдар арамданып,
Көп киілген киімдей кірлене ме?!

Адалдықтан арамдық биік өсіп,
Жаралының келемін күйін кешіп.
Егін бітік шыға ма,
Тұрса егерде
Арам шөптің арамза құйыны есіп.

Көңілдері жазира кеңістіктей
Үлкендерден бола ма жеміс күтпей.
Бірақ білсең ел іші
Бұл күндері
Арам шөбі қаптаған егістіктей.

Есік жақтан бір дыбыс естіледі

Жаным неге, ойпырмай, кеш түледі?
Өткен күн де киімдей ескіреді.
Жылы лебі көктемнің секілденіп,
Есік жақтан бір дыбыс естіледі.

Мынау арсыз тірлікте жалықтырған,
Көңілімді кім сонша қамықтырған?
Есік жақтан естілген сол бір дыбыс
Асықтырып кімді де жанықтырған.

Көп адасқан бақытым шығар, бәлкім,
Дүңкілдетіп есікті қағып тұрған.

Жалғыз шырақ

Орман, тоғай... бәрін де жарып өткен
Суық ызғар жүр мені қарып көптен.
Қандай боран соқса да,
Сөнбейтұғын,
Шырағымын әкемнің жағып кеткен.
 
Әкем менің ер еді жау қашырған,
Ол бар жерде өршіген дау басылған.
Жауынгерден таужүрек ұрпақ қалса,
Көк базар да жаңылмас саудасынан.
Мен деп ойла күн-түні сөнбей жанған
Жалғыз шырақ көрсеңіз тау басынан.