Өлең өлкесіне қадам басып, өзіндік өрнек салғысы келіп жүрген жас ақын - Еркежан Жұматаева. Бір оқығаннан-ақ, өлеңдері адам көңілінің түкпір-түкпіріне кіріп, сауал ұрттатып, тәтті мұңмен тербейді. Сізді симфония әлемінің мұңлы әні еріксіз ойға қалдырады.
Өзіме өкпе..
Тұрақтылық жоқ деймін неге менде,
Қурап барып, көктеймін, көгерем де..
Бақыттың да өзі кеп бұралаңдап,
Кері тартар келгенде жеме-жемге..
Машықтанып кеткендей бұған басым,
Сәтсіздік мейлі, мейлі бұғауласын!
Өзім барып қайғыға тап болам-ау,
Мен құмармын,
Көк боран,
Тұманға шын!
Айналмасым белгілі бірегейге,
(Қырлы өлең де сыр береді бұл өгейге..)
Мен болдым ғой ақыры, аяғында,
Нұрсыз адам, шүркіт те, шүрегей де!
Мен жылаймын жасқа толып екі етегім,
Жауларыма кектенем, кекетемін!
Мойындаймын жалғанның заңдылығын,
Расымен,
Кеңге кең, тарға тар екенін!
Кездеріме налимын: сүйген, күткен,
Шабуылсыз шынығып шаптығамын,
Жерге емес, жетеме тигендіктен,
Жанай кетсе, шоқпарымды ап (алып)тұрамын!
Зәрем қалмас сынғанына бір шынының,
Төмендеген еңсемді биік қылам.
Маған қымбат, баянсыз бақ, тіршілігім,
Жек көрсем де, өзімді сүйіп тұрам..
Талай-талай мұздарда тайғанадым,
Жарғаным жоқ еншімдегі бар қауызын,
Тағдырымнан қатыгез айналамын,
Өз жаным ғой - жалғызым, жалмауызым!
* * *
Жалғыздығым-ай
(оңаша қалғандағы ой)
Менің жалғыздығымда, ай емес, ғасыр жыл жатқан,
Өткен күндерімде бір сырлар бартын мұңдатқан.
Кеудемді керген, күйдірген, қажап, өртеген..
Жалғыздығымның салмағы деген зіл батпан.
Алдаусыратқан..
Жалғыз екенмін анықтағаным,
Тыраштанады ұмтылып көкке жарыққа жаным.
Мені жұбатқан, бір күндік кейіпкерлерге,
Құсалығымды жеткізе алмай налып барамын!
Ауып барамын,
Сұр тағдырымның жалаң желімен.
Көптігіме иланып, соған сеніп ем..
Кіндігімді кескен кезінде анамнан бөліп,
Жалғанда мына жалғыз екенмін содан бері мен!
Мойындамадым, қорықтым, жасырған едім,
«Жалғыздықтан құтылу» басымда менің..
Жолаушылармен,
Сал-серілермен тілдесе қалсам,
Шынайы ұғып, ғұмырлық қасымда дедім..
Сонда да бірақ, ойымда күдік қалмайды бөтен,
Бір қайраттылық, сендіріп мені жалғайды бекем!
Қасымдағы бір жанға барып бетімді ашып,
Орала кетіп, егіле жылай алмайды екем!
Содан кейін де, салмағын салар, құлыққа әрі,
Есімді жиам, сәл есенгірем ұғып наланы.
Күнаһар бейне, мен құшатын жалғыз сәттерде,
Қырын қырланып, бұлыңғырланып, бұғып барады.
Сол бейне жүрер, түсімде жиі гүл теріп маған,
Жалғыздығыма жығылады кеп, білтелі санам.
Кеудем шаншиды, көтере алмай, тізем бүгіліп,
Әлсіреп келіп, бүрісіп барып, бүркеніп қалам!
Өмір шындығы барлық байланыс тектен-тек делік,
Мен сүйсінем жалғыздығыма өкпелеп келіп.
Бекінген екем, жетілген екен жылай да алман,
Батылдандым-ау жалғыздығыммен бетпе-бет келіп!
Суреттер Еркежан Жұматаеваның жеке мұрағатынан алынды