Орынбек Пазылов: "Өлең дейтін патшаның ұлымын мен"

Аса қадірлі Массагет оқырмандарының назарына жас ақын Орынбек Пазыловтың өлеңерін ұсынамыз.

Өлең дейтін патшаның ұлымын мен

Шабысымның шуы жоқ, дүрі мүлдем,
Күбірім көп боп тұр-ау дүбірім кем.
Өгейсітіп тепсе де өзегіне,
Өлең дейтін патшаның ұлымын мен.

Ұлымын мен патшаның өлең дейтін,
Есеймеген есері еленбейтін.
Тауға қарап бой түзер тарпаң өлең,
Дәрежесі дөңмен де теңелмейтін. 

Солай, солай...
патшаның кенжесімін,
Естілмеген ер болып елге есімім.
Сырлы сөзден соқтырған сарайым бар,
Түр талғамай ашатын кеңге есігін.

Ақындық жол – ауыр жол әуреңі мың,
Нұрын сеуіп сәруар сәулелі күн.
Болашақтың бағытын байрақ етіп,
Менің де әлі жүреді дәуренім дүр.

Мен қалқитын қия бар, қонар шың бар,
Сындыра алмас сағымды мол әр сындар.
Патша ұлымын пәсеймес паң көңілім,
Әлі-ақ мені танитын боларсыңдар. 

Шабысымның шуы жоқ, дүрі мүлдем,
Күбірім көп боп тұр-ау дүбірім кем.
Өгейсітіп тепсе де өзегіне,
Өлең дейтін патшаның ұлымын мен.

Үнсіз домбыра

Естілуші ед күмбірлеп қоңыр бір ән,
мен тартқанда.
(Менің де жолым бұлаң),
Жан бітіріп кеудеңе жаңғыртушы ед,
Жансыз қалған қимылсыз қолым мына. 

Ардағым-ай,
Тұрмысың жетімсіреп,
Күй ойнатшы,
Күмбірлет,
Көсілші деп.
Мейірім күткен сәбидей жәутеңдейсің,
Сүйер ме деп тосатын бетін сүйеп.

Менің меңіреу бейбағым бағы қашқан,
Сағы сынған серіңнің сәнін ашқан.
Қол соға алмай пернеңе қор болдым-ау,
Айырылғандай аңырап қарындастан. 

Қасіретіңді көрейін, көнейін де,
Сенсіз үстем болмас та мерейім де.
Қолыммен бір сенің де жаның шықты-ау,
Құм құйылып қастерлі көмейіңе. 

Қадірлім-ай,
Қастерлер төріме іліп,
Енді сені тарта алман тебіреніп.
Құшаққа кеп құлындай тығылғанмен,
Еме алмайды енесін еміреніп. 

Мұңның сарқып шарабын ішемін де,
Қасиеттім,
Қайғыңмен құш егіле.
Менің жансыз қолымның тамырлары,
Домбырамның жалғанған ішегіне.

Ана

Әлдиіңнен бастау ап бала жырым,
Ақ-қараның айырдым ара жігін.
Әлеміне өлеңнің аттанарда,
Қоржыныма қомпайттың жол азығын.

Бесігінде тербеліп бала шақтың,
Білмей кейде жаныңа жара саппын.
Кемел келешегімнің күресінде,
Сенен ұқтым ұлысын парасаттың.

Биігіне белестің жетелеп мың,
Сүрінгенде сыр бермей бекем еттің.
Теңіз тілектеріңнен ту көтеріп,
Мұхит мақсат кемесін мекен еттім. 

Бетін қақпай қияға самғар ұлдың,
Көлеңкесін түсірмей қарға-мұңның.
Сен сілтедің бағытын болашақтың,
Ақ бұлағы сен ана арманымның.

Өрге сүйреп арбамды өзім ғана,
Жеткізеді мұратқа төзім ғана.
Мақтанасың сен әлі ұлыңменен,
Асқақ етем бәрінен өзіңді ана! 

Астана-ару!

Жармасып бұлтың жанардан жаңбыр жас қана таму,
Сіміріп іштім, сарқылғанша мен мастана тағы у.
Алдамшы сағым алдаусыратып арманыңмын деп,
Шақырған еді, шашбаулы әсем Астана-ару! 

Қиындау болар, секілді мендей жұртыңды ұғу,
Менің де межем – төбеңе сенің бір туды тігу.
Қойныңа кіріп, ішіңнен жылу таба алмай тоңдым,
Болғанын қайтем көз тартар көркем сыртыңды сұлу. 

Дөңгелетті ғой иірімінде мұң ұршықсыз желің,
Кінә артпа маған, кінәладың - деп, - кіршіксіз едім...
Кеңпейіл, дархан дастарханың жоқ айтпаспын қалай,
Көрсе де көзді жұмып жүретін жымсықкөз бе едім?! 

Мүмкін мен лайық емеспін ондай құрметке көсір,
Тәттіңді татқыз, тіліме төсе, үндетпе кешір.
Әйтпесе менің ащылау тілім артықтау кетіп,
Саған жетем деп жүрген жолымды міндеттер есір. 

Теңеме ару, сен қайдағы мені біреуге кім...
Жүрсем де жүнжіп, жылуың жоқтан жүдеуде едім.
Мұңымды жыр ғып, жаңғырық еттім көшелеріңде,
Құлақ аспадың, құлағың ауыр меңіреу ме едің?! 

Болсам да бала, піспеген жыры шалалау дәмі,
Жылытсын жырым жаураған жұртты жағалаудағы.
Есіріп Есіл, оң солын танып есейген екен,
Алқымнан алып арда ағасын Алатаудағы.

***

Астана жаңбырың малмандай су қылмай тиылмас,
Мен жүрмін көшеңде үйіріп жанарға түйір жас.
Жыламшы күйдемін, жағдайым өзіме таныс қой,
Ал неге жылайды Астана, түсінсем бұйырмас?!

Жылайды Астана, жұмбағын шешуге тырыстым,
Күрмеуі қиындай, күрделі байланған бұл іс тым.
Мұңыммен бір ме екен мұңың да, болдық па қос мұңлық,
Жас толған жанарлар жаңбырлы жыр төгіп ұғысты. 

Мұң шақты, сыр шертіп, шерленіп мұңдасым мына күн,
Тыңдашы, құлақ түр, жауапсыз қалмасын сұрағым?..
Мені аяп жылама Астана, егерде жыласаң,
Баламды баурыма басай қалдым деп жылағын. 

Су кешіп шапаттап шомылдым, ойға да шомдым мен,
Жас па әлде жаңбыр ма, әйтеуір көрдім ғой қор күннен.
Кеудесін көтеріп, кердеңдеп кесімді сөз айтар,
Дейтін де шығарсың, соншалық болдың сен зор кімнен?! 

Өкпе артып танытам кейісті көңілді мен кімге?..
Жүгімді көтерем өзім-ақ келмейді ешкіммен бөлгім де.
Мен енді сен болып еңсемді тіктейін еңкейтпей,
Ал сен де мен болшы жырлайық, жылайық кел бірге.

Кешіктің...

Күтсем де жете алмас жолы ұзын,
Келер кеш...
Көңілге күй құйған қобызың,
Көнермес.

Аңсарым деп сені айтам ән,
Кеш ұқтың.
Келем деп айтасың қайтадан,
Кешіктің. 

Кешіктің, кеудемде өшіпті үн,
Көзімде от.
Сағым боп жеткенмен есіп мұң,
Сезім жоқ. 

Мұң салма жаныма әрі жүр,
Әрмен қыз.
Сен сүйген сезімдер бәрібір,
Дәрменсіз.

Сіз мені танымайсыз, тарлан аға

Темірхан Медетбекке

Сіз мені танымайсыз тарлан аға,
Мен мынау өзің туған өлкеденмін.
Арқалап арманымды паң қалаға,
Өлеңнің домбырасын шерте келдім. 

Сағындым ауылымды елден ұзап,
Кезінде сіз де мендей жүрдіңіз бе?!
Өлеңім жайғасатын төрге тұзақ,
Құрылып татып көрдік мұңды біз де. 

Сіз жүрген жолға жырақ қамданған ем,
Халқымды қылмаса да жырым елең.
Жазам деп қалмайыншы арманда мен,
Темірдей сіз секілді мығым өлең. 

Дәл қазір ауыл бөтен, заман басқа-ай,
Сіз туған өзгерді ғой мекен бүгін.
Ұққызды жырың елге қадам баспай,
Басқа ақын жырлау керек екендігін. 

Басқа ақын жырлау керек себебі аға,
Жырланбай қалып қойға қыраттар көп.
Тіл бітіп, назын айтты төбе, дала
Сырымды ұқ, өлеңдетші, жыр ақтар деп. 

Жыр жазсам тасты жарып, жар бұзатын,
(Өлеңім өлмей тіріл өрге талпын).
Сіз шыққан бұл ауылдан жалғыз ақын,
Ендеше екеу болдық мен де бармын.

Сары жапырақ

Сары жапырақ –
үзілген үміттер мың,
Күз түсіріп көңілге күдік пен мұң.
Көлеңкемнен мәуелі мен түсірген,
Қайран болмай амалсыз ұмыт дермін.

Сары жапырақ,
түбіттей түлер бақтан,
Бұл дүниенің қабағы күрең тартқан.
Өңсіз өмір өзгеше өрнектеліп,
Өлең дейтін өлмейтін бір ем тапқан.

Сары жапырақ –
сырқатым қалы мүшкіл,
Жүгермек жел жаныңды алып ұшты.
Үні шықпас үмітті бірге алып кет,
Үкіміне тағдырдың бағынышты. 

Сары жапырақ,
құтыңды жел кетіре,
Сары моншақ боп сауладың жер бетіне.
Жұбан,
жаның сұлулық үшін құрбан,
Көрік берді күс жердің келбетіне.

Сары жапырақ –
сарғайған сағыныштар,
Мұңлы әуенге әлдилер жаны құштар.
Сұрықсыз күн суретін саламын деп,
Сары қаламын сұм тағдыр тағы да ұштар.

Сары жапырақ,
жайқалып әсте оңбайсың,
Білем сені,
қыспенен дос болмайсың.
Көктем келіп кеудеңе жан біткенше,
Айырыламын өзіңнен,
қош болғайсың...

Дайындаған: Ардақ Құлтай

Сурет: Орынбек Пазыловтың жеке мұрағатынан