Асқақ Алтай жыршысы атанған Оралхан Бөкейге арналған екі үздік өлең. Ақын Ұларбек Нұрғалымұлы мен Бауыржан Қарағызұлының шығармашылығынан. Оқиық, Оралхан болмысын өлеңнен іздейік!
***
Алтай. Қыс. Сағыныш.
І
Аязына сүңгисің
Айдалада,
Жылылық бар онда бір ойламаған.
Тұмсығыңмен жұтасың,
Тұп-тұнық бір
Арқар иісі аңқиды айналаңнан.
Аяңымен ақ қырау арғымақтың,
Бедер түсіп жүзіне сан қыраттың.
Құсбегінің кешкі бір жүзіндей боп,
Батып бара жатады албырап күн.
Сезгендейін, жымыңдап түн жанары,
Балғын қыздың балтыры сыздағанын.
Жас қонаққа жаутаңдап,
Бейуақта,
Жалғыз үйдің кірпігі дір қағады.
Бір қиғылық сезімге жасап өтер,
Аяз ерні алдымен масаң етер.
Ай қылымсып ақ төсін аша беріп,
Бұлт үстіне бұраңдап жата кетер.
Не бір арман күзетте, не бір елес...
Шолпан туды, жас шопан жөніңе көш.
Ай мүйізді текеңді қасқыр жепті,
Түсіңдегі айдай қыз, тегін емес.
Ақ сүңгі етіп ажарлы қас-қабақты,
Алып қашсаң ақ түнде ақ тамақты.
Аппақ қарда жүйткіген ақ қояндай,
Пырағыңды ағызып ақ қанатты.
Жүзін өбіп таулардың таңғы ызғары,
Уысында ұлпадай балмұздағы.
Бұрымында күн нұры күміс шашып,
Бұлаңдайды бұзылмай сәнді ырғағы.
.... .... .... .... .... .... .... ....
Қиялыма сипатып қауырсынын,
Құшағымда балқиды «қар қыздары».
ІІ
Есімнен бір кетпей қойды неге осы,
Қарт Алтайдың мұз құрсанған елесі.
Мұздай қару,
мұздай тақым астында,
Сықырлаған мұз жылқының денесі.
Ақкөз түнде жалғыз рет жолығар,
Жортуылдың жан білмейтін мәні бар.
Шытынатып аяз қысқан аспанды,
Шұрқырайды астыңдағы жануар.
Қаһарына мінгенде Алтай қағынып,
Үрген иттің тілі аязға қарылып,
Ақ бураның қызыл жалын – шыбығы,
Cынып түскен тұрған бойда шабынып.
Ғайып болып басыңдағы тұрған бақ,
Бәрін осы кететіндей түн жалмап.
Қотаныңды тінтеді аяз
бөрінің,
Мұздай суық тұмсығындай сумаңдап.
Бел астынан бір тіршілік білсем деп,
Мен де жортып, тау қолтығын тінтем кеп.
Ай – мүйізін шайқап қашқан арқардай,
Бұлт қалқасын паналап жүр бүрсеңдеп.
Жолға бағыт бере алмайды бұл біздің,
Жүзін әбден суық сорған жұлдыздың.
Бейнесі де есімде жоқ дәл қазір,
Ұмыт болған жамалындай бір қыздың.
Жал-құйрығы сүңгі мұзға малынып,
Омыраулап тартады алға сәуірік.
Шоқылардан бөрі ұлиды аулақта,
Бөрі ұлиды тұмсығы айға шағылып.
Адастырмай әкеледі-ау түнгі өкпек,
Дәл сондағы күйге қалай тіл жетпек.
Балғын қыздың мені күткен деміндей,
Қар бетінде жүрген түтін дірдектеп.
Ұларбек Нұрғалымұлы
Біртуар
(Оралхан Бөкейге)
Ақ бас Алтайдың ақ бұрқақ Ақыны –
Кербұғы секілді Қазақтың кербезі!
Оғлан Ойлары тұңғиық тебіреніп,
Арудай Сезімі тәкаппар еміреніп,
Өзендей буырқанып тасыған арнасы;
Бұрынғы Әулие,
Кешегі Жыраулар жалғасы –
Сұңқардай шүйіліп,
Лашындай түйіліп,
Тұйғындай толғанған;
Тілегі Алашқа,
Жүрегі Алтайға айналған,
Қаламы ғарышпен сүйісіп,
Кіндігі Еліне байланған –
Оралхан!
Шоқпардай маңдайдан шексіздік шашырап,
Болмысы жаралған бір тентек Арманнан.
Тылсымнан тылсымға тылсым боп жалғанған –
Көкірек көзінен аққудай ақиқат сұңқылдап,
Еркіндік қырандай қомданған!
Әттең-ай!
Дүния-ай, не деген шолақсың?!
Найзағай отындай жарқ етіп Бес Күннен,
Жан Аға, о, неге тым ерте көштің сен?!
Сендегі әр Сөзде – Қос Әлем шалықтап,
Құдайдың «дауысы» құпия естілген!
Жанардан сорғалап жалғанға жаңбыр – мұң,
Өкіндік өртеніп, өксік жеп опындық...
Қайтейік,
сұп-суық сызығы сызылса Тағдырдың...
Жан Аға!
Өлімнен қорқатын мынау бір әлемге,
Өлмейтін Сөзіңді қалдырдың!
Ал, қазір біздің Жақ –
Биліктің қан-жынын ұртына тыққылап,
Қалғанын, мұртымен сүрткілеп жарысқан,
Ар өліп, тұншығып ұяттар,
сатқындар сатқынмен табысқан.
Сен айтқан: «Сейітқұлдар»* – «құрметті әкімдер»,
Сен айтқан: «Анаулар»* – «атақты данышпан».
Ақылын қорлаған, иманын таптаған,
Атасын, күшігін, айғырын мақтаған.
Не деген кө-ө-өп еді жазу-шы-сымақтар,
Шыбындай қаптаған!
Біздің Жақ осындай,
Ішімнен жылаймын, ызамен күлемін,
Сен айтқан: «Бархандай»* қан құсып жүрегім,
Сен айтқан: «Ақтандай»* ашынып жүремін.
Жан, Аға!
Біздің Жақ мәз-мейрам рухани тұралап,
Жанымды кім келіп жұбатар?!
Қалымды қай адам сұрамақ?!
Қайтадан оралшы біздерге, Оралхан,
ҰЯТТЫҢ отына өртенсін мына Жақ!!!
Бауыржан Қарағызұлы
________________________________________
«Сейітқұлдар»* – Сейітқұл, О. Бөкейдің «Құм мінезі» повестіндегі кейіпкер.
«Анаулар»* – АНАУЛАР, О. Бөкейдің «Сайтан көпір» повестіндегі кейіпкер.
«Бархандай»* – Бархан, О. Бөкейдің «Құм мінезі» повестіндегі кейіпкер.
«Ақтандай»* – Ақтан, О. Бөкейдің «Мұзтау» повестіндегі кейіпкер.