Оралбай Мырзақұлов. Q-adam

Оралбай Мырзақұлов. Q-adam

30 қазанда Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті "Филология және көптілді білім беру институтының" 3-курс студенті, жас ақын Оралбай Мырзақұловтың "Q-adam" атты жыр кітабы жарыққа шықты. Кітап таныстырылымы Жамбыл атындағы жасөспірімдер кітапханасында өтті.

Кітапқа алғы сөз жазған филология ғылымдарының докторы, профессор Темірхан Тебегеновпен қатар "Оразалы Досбосынов" орталығының директоры Бауыржан Айткаримов, Республикалық "Muğalim Foundation" жобасының бас директоры Олжас Досанбай және Жазушылар одағының мүшесі Айгүл Жұмаділ кештің куәгері болды.

Назарыңызға жас ақын Оралбай Мырзақұловтың "Q-adam" жыр кітабына енген өлеңдерін ұсынамыз.

Түнгі сырласу

Бақытты жан құлақ сал тыңда мені,
Естіле ме сезімнің түнгі əуені?
Сезесің бе көңілдің əуені ғой,
Сенде сезім бола ма түнде əдемі?

Сырласыңмын түнде сен сыр ақтарсаң,
Тыңдасын кім көңілден жыр ақтарсам?
Тек қолымнан келгенше еркелетем,
Жұбатудың жолын айт жылап қалсаң.

Əне қара бір жұлдыз құлады анық,
Сен де қарап тұрсың ба тұра қалып?
Сен менің құламаған жұлдызымсың,
Алып кетем аспаннан сұрап алып!

Жан емеспін дүниеде айласы көп,
Ай емеспін айдында айнасы көп.
Алып кетем мен сені сол аспаннан,
Тырысса да бермеуге пайдасы жоқ!

Күнде осылай тек түнде жүрекпенен,
Аулақ салып көңілді құр өкпеден.
Жүздесуді, жаным-ау, жырмен болсын
Тілмен болсын əйтеуір тілеп келем!

2018

Досым да жоқ

Жыр тапқаным болмаса осында кеп, 
Санама сыймас ойлар басымда көп. 
Кең пейілі тарылған тас қалада, 
Мына менің, шынында, досым да жоқ.

Көңілім не алапат кешкен деме?
Бір өксік мұң жиналар бос кеудеме.
Адамдарды жазғырып қала бердім, 
Сірə, дəтім бармайтын дос деуге де. 

Дос іздеймін ұғатын сырымды іштен, 
Қоятұғын қашан да құнымды үстем.
Қарақтаған достардың қажеті жоқ, 
Қажетсізге қиын ғой күнің түскен.

Сыр тапқаным болмаса осында кеп, 
Санама сыймас ойлар басымда көп.
Адамдары мейірімсіз бұл қалада, 
Шынымды айтсам, бұл күні досым да жоқ.

Ойымдағы əн...

Қуанышқа бөлейтін күнімді мың!
Ей, Періштем, жай ғана мұнымды ұғын.
Тек өзіңе ақтарам шер-мұңымды,
Сенен басқа түсінер сырымды кім?

Мен ғашықпын ешкімнен жасыра алман,
Жанарымнан жасым боп жасын ауған.
Кірпігімнің қағысы тоқтағанша,
Сен жайлы ойлар санамды басып алған.

Менің саған шынымен есім кеткен,
Қабылдайық екеуміз шешімді өктем.
Бақытымды мен осы күзден таптым,
Көңілсіз күндеріме кешір, Көктем.

Ғашықпын деп сан мəрте мойындағам,
Басқа ештеңе айта алман ойым тəмəм.
Сөзбенен жеткізе алмас сезіміңді,
Көзбен ұқтыр, жалғассын ойымдағы əн.

2019

Massaget