- Негізгі бет
- Поэзия
- Оңтүстікке қар жауды....
Оңтүстікке қар жауды. Алғашқы қар...
Тылсым құдірет аппақ қардың жауғаны да сөзбен сурет салар ақындар үшін аяулы. Аспан жақтан баяу қалықтап қонған қар сезімтал жүректерді селт еткізді. "Дүниеде қар жауған сәттегідей бейбіт те тыныш өмір бар ма екен?!" – деп жазушы Оралхан Бөкей де "Қар қызы" повесінде қар жауып тұрған сәтті нәзік жеткізеді. Massaget.kz порталы ақ ұлпаны жырға қосқан ақындардың өлеңдер топтамасын назарларыңызға ұсынады.
***
Оңтүстікке қар жауды. Алғашқы қар...
Көз алдымда дүние алмасты бар.
Қара желге ұрынып мен секілді,
Қара жерде түбінде қалмас бұлар.
Оңтүстікке қар жауды. Жауса жаусын..
Жаусын десем, жақыным, жау санарсың.
Қара бояу қаптаған дүниенің,
Аппақ түске бірер сәт аңсары аусын.
Оңтүстікке қар жауды. Қыламық қар...
Қыламық қар сөзімді сірә, құптар?!
Тереземнің түбінде жылауық тал,
Жылап шықты. Себебін кім анықтар?!
Жылап шықты түнімен жылауық тал,
Талға таң қап қарады бір ауық қар.
Оған себеп– қайғырса қарамайтын,
Қарағай деп аталған бір алып бар.
Қарамады қайғырса қарағайың,
Қабағынан қаймықты бала қайың.
Қалай ғана мен оны жұбатайын,
Қалай оған болайын ара ағайын?!
Қарамайды ол, оның да себебі бар,
Суық түсті сиқырын себеді қар.
Бұл иілсе бар талды қар баспай ма,
Түсінбейді-ей қауіпті неге бұлар?!
Түтеп тұрған боранға жай теңселіп,
Тіктеп алды қарағай қайта еңсені.
Қара тастай көңіл-ай сені қайттім,
Қарағайдай басым-ай, қайтем сені?!
Кешір, жарым!..
Бақытжан Алдияр
Сен тұратын қалада қар жауды ма?
Сен тұратын қалада қар жауды ма,
Жауған қарға жанарың арбаулы ма?
Қалай-қалай жол енді түсер екен,
Қарай-қарай жанарым талды-ау мына.
Назым ба екен, бұл маусым насыр ма екен,
Қай тарауда қандай сыр жасырды екен?!.
…Ерініңе қонған қар еріді ме,
Еріді ме, жоқ əлде ол жасың ба екен?
..Моншақ-моншақ жасыңнан мұз қалды ма,
Мөлдір-мөлдір сезімнен сыз қалды ма?
Қар жауды ма, жауды ма жаумағандай,
Жалғыз аяқ сол қарда із қалды ма?
Сен тұратын қалаға қар түсті ме,
Былтырғыдан жауған қар зор түсті ме?
Енді көктем келместей… …көрместей боп,
Қармен бірге ішіңе зар түсті ме?
Қалың-қалың қаланы қар басты ма,
Қап-қара аспан қабағын зорға ашты ма?
Қар жауды ма, жауды ма жау секілді,
Жауған қармен жас жаның арбасты ма?
Кім біледі, сол қала қарлы ма екен,
Қарлы күннің салқыны шалды ма екен,
Жанарыңды тұмшалап алды ма екен,
Жүрегіңді құрсаулап алды ма екен?..
Шілде – қаңтар, о, неге, қаңтар – қаңтар,
Аязды күн аяғым тартар-тартар,
Сен тұратын қалада, бәлкім, көктем,
Мен тұратын қалада қар!
Қар! Қар! Қар!…
Ерлан Жүніс
Либретто
Жауа борап,
Ұшқындайды майда қар,
Шам астында шыр көбелек айналар.
Жазда шіркей билеуші еді осылай,
.............................................
Қайда олар?
Қалбалақтап соғылады шамға кеп,
Өмір сахна –
қойылған жер сан балет.
Қара аққу – қара шіркей жаздағы,
Ал ақша қар самғап өт.
Ал ақша қар шыр айнал,
Ұлы өнер бар –
Ұлы өнерде Құдай бар.
Табиғатта тұнып жатқан туынды,
Табиғатта тұма ойлар.
Майда боран шам астында ұйытқыса,
Баяу ғана ұлығанда ит құсап.
Сахнада –
Қара мен ақ арбасты,
Періште мен Албасты.
«Аққу көлін»* бүгін соңғы көруім,
Көруім һәм алғашқы.
Байқамаймыз сұлулықты, сол қайғы,
Жасандыға көңіл тағы толмайды.
Адам бұлай ойнай алмас,
Дұрысы,
Ойнатуға болмайды.
*Чайковскийдің "Аққу көлі"
Жанат Жаңқашұлы
***
Қар жауды деп қуандым, жыладың сен,
Кінәладың тапта деп, құла кіршең.
Кінәламас едің ғой, қымтамас та,
Жаурап біткен жанымды, сірә, білсең.
Несіне тұра ұмтылдым қар жауды деп,
Серпілсе деп ем көңіл қалған жүдеп.
Талай рет тапталған біле білсең
Ақ қарды ар деп ұққан аңғал жүрек.
Белгісіз баққа бір сәт батырардай,
Белгісіз біреу кейде шақырардай.
Бір кезде алақанда еріп кеткен
Жігерімді жүрмін мен қатыра алмай.
Бір кезде ол қуанған қыс келді деп,
Сол қыста тоңған жаным, үскен жүрек,
Мендік сезім қардан да ақ болатын
Ешкім тауыса алмайтын күшпен күреп.
Содан бері қыс келсе күзді айналып,
Кей кезде кеуде тұсым сыздайды анық.
Бір қыстың естелігі қайтем, күнім,
Сақталғандай мәңгілік мұзға айналып.
Алайда өткенімнен жерітпек кім?
Өткенім – өз ғұмырым, көніп кеттім.
Құдіретің жетсе егер ақ қар боп кеп
Ойланбай құшағымда еріп кеткін!
Нұртас Тұрғанбек
***
Тірлік біткен көркіме таңғалсын деп,
Аяқасты ұшқындап қар жаусын кеп.
Саған жетіп осынау қармен бірге,
Бəрін айтқым келгені...
Жан даусым кеп...
Жоқ, сенбеймін,
Жабығып, торыққам жоқ,
Сен ойлайсың "күйімді жан ұққан" деп.
Саған жеткім келеді мен де ұшқындап,
Сəлден кейін басылам мамық қар боп.
Қар мамықтар...
Ұнайды маған осы,
Тоңғақ талдар,
Ақ шамдар,
Қала кеші.
Қармен ұшып жетпедім,
Жете алмадым,
Болмағандай жанымның дəнеңесі.
...Ақ мамық қар жарасар енді маған,
Ғажабыма телміртіп...
Тоңдыра алам...
Қар ұшқындар əлі көп...
Жылы киін,
Бір шетінде тағдырдың сен жүр аман…
Аслан Тілеген
Т. Раушанұлы