Олимпиада жеңімпаздарына арналған жырлар

Лондон жерінде өтіп жатқан дүбірлі ойындарда Қазақстан мәртебесін биіктеткен отандас спортшыларымыз халқымыздың көпшілігін рухтандырып жібергені айқын. Жат елде жалауы желбіреп, әнұраны  шарықтаған қазақ жерлестеріміздің әкелген жеңісіне дән риза болғаны соншалық шабыттарын оятып жүректен шыққан жырларға ерік берді. Қазақ поэзиясында шоқтығы биік жеңіс жырлары жалғасын тауып, жыр үстіне жыр қосылуда. Бағы мен бабы қатар шаппаған бауырларымызға да түсіністікпен қарағанымыз жөн болар. Қоржынына 3 қола, 6 алтынды түсірген кез келген Алаш баласының «Алақайлап» қуануы орынды. Қанжығасы майланған қазақ жыр жазып, жарыс жолында жүрген басқа да бауырларына өлеңмен сенім артпақ. Ендеше, ақындар не дейді екен?

Сыр толағайы!!!

Уа, сүйінші, Қазақстан... күллі ауыл!

Зіл темірді шырқ үйіріп зілмауыр.

Барша әлемді жалт қаратып жасындай,

Лондонда Ильядай тұр бауыр...

Төрткүл дүние жапырылды қоғадай,

Күн күлімдеп,

қолымызға қонады Ай.

Шырқау шыңын бағындырған Олимптің,

Илья Ильин Сырда туған Толағай.

Байтақ елің шапағатын төгеді,

Анам Сырдың, бабам Сырдың өрені.

Аруақ! Аруақ!

Дәдем Қорқыт аруағы,

Альбионда сені желеп-жебеді.

Түк емес-ау Намысқойға шың, белес,

Шын жүйрікті мәстек бүгін күндемес.

Жіп есе алмай қалды сенің жаныңда,

Өзің аттас аңыздағы Муромец.

Серік еткен Жігері мен Сенімін,

Күллі елінің асқақтатар көңілін.

Олимптің алты алтыны аптаған,

Құтты болсын, Қазақия, өңірің!

Мен қайтемін дұшпанымның бөскенін,

Жеңісімді шаршы алаңда тос, менің!

Олимптің Гераклы... Зевсі...

 

Көтеруге болды мәжбүр қос қолын. 

Әнұранын әуелетіп Алаштың,

Абыройың ақша бұлттан әрі ассын.

Бас игіздің бес құрлық, төрт мұхитқа,

Менменсіген енді өзіңмен санассын.

Бос кетпеді төккен терің Ел үшін,

Ертегіден болмады кем ер ісің.

Тау көтерген Толағайға төр ұсын,

Құтты болсын, Қазақстан, жеңісің!!!

 

Толыбай Абылаев

Майя Манеза!


Туғанда тартысты шақ, талас күні,

Даламның сеніменен жарасты үні!

Оңыңнан айың туған шығар сенің -

Қолыңда тұрғандықтан Алаш туы!

Өзің боп өлеңменен өріліп гүл,

Өртейсің өн бойыңнан төгіліп нұр!

Киесін қарасаңшы топырақтың -

Көзіңнен қазақ руһы көрініп тұр!

Үмітін үрлеген қыз құт мекеннің,

Бұдан соң, айтшы, сенен мықты екен кім?

Төріне Лондонның шығып алып,

Көгіңе Алаш атын тік көтердің!

Сен енді дүйім жұрттың ардағысың,

Шарықта!

Шартарапқа самға құсым!

Жерімнің қасиеті дем берген-ау,

Елімнің арқаласаң ар-намысын!

Қазақи бояу көрем сырт-өңіңнен,

Жанардан жасты қалай іркемін мен?!

Кеудемнің жарты шерін жұлып алдың-

Ол жеңіл емес еді зілтемірден!

Бойыңа боз Даламнан тарап тылсым,

Алашқа адамзатты қараттың шын!

«Мәншүк пен Әлияның сіңілісі»

Деуіме сен шынымен жарап тұрсың!

 

Рахат Әбдірахманов

  Арнау жыр

Қабыл болып Оразада бар тілеулер,

Спортшың алтын алса даңқың өрлер.

Лондонға көз тігіп, құлақ тосқан,

Ассалаумағалайкум жанкүйерлер.

 

Сақпандай саңлақтарды көріп-танып,

Бапкері баласына беріп бағыт.

Жандарын шүберекке түйіп отыр,

Жанкүйер журналистер еріп барып.

Қазақстан халқы да  күні-түні,

Тілеулерін тілеуде өліп-талып.

Дәл жаңа ақпар берді Лондоннан,

Журналист Аманкелді Сейітханов.

Қазақтың өрендері өрлесін деп,

Жамбылдай жыр төгейін шабыттанып.

 

Төрт жылда бір болатын дода қатты,

Озатын оғыландарды жобалапты.

Велосипед педалін нық басқандар,

Бетке алды тар көшемен өр алапты.

Лондонның өкілі Ругаверта,

Үміті үзілместен келе жатты.

Тыңда туып ер жеткен Винокуров,

Артына мойын бұрып қарамапты.

Өрекпіп өрге ұмтылған Александр,

Елімнің тасын өрге домалатты.

 

Жүйріктің табанына тас батпапты,

Додада топ жарам деп ас батпапты.

Алтыннан алқа таққан Винокуров,

Елімнің ән ұранын асқақтатты.

 

Алла деп тағы алтынға ұмтыламыз,

Болсыншы естен кетпес бұл күн аңыз.

Атлеттен алдына жан салмаған,

Екінші алтынды әперген Зүлфия қыз.

 

Осылай оза шапқан қатардан қыз,

Қазақтың топырағынан қуат алған қыз.

Әлемдік рекордты шын жаңғыртқан,

Зілтемірші, Зүлфия қаһарман қыз

 

Күні кеше еді ғой аттанғаны,

Алтынға дөп бұйырып хақтан бағы.

Апырай, қандай бақыт жеңімпаз боп,

Есімің дүние жұртқа жатталғаны.

Көп тілеуі көл деген атам қазақ,

Басыңа осы екен ғой бақ қонғаны.

Алтын алған Алексей, Зүлфияға,

Ел басы ел атынан хат жолдады.

 

Ағайын, айтылмасын күмәнді әңгімең,

Алтыннан бұйырса екен бұларға жүлдең.

Саңлақтар бақ сынаған тұманды Альбион,

Қазақ үшін болса екен жыр-әнді Альбион!

 

Қазақтың ойсырамай ұлы арманы,

Алла деп атқа қонсын ұландары.

Елімнің көк байрағын желбіретсін,

Қанатынан күн сүйген қырандары.

Жақсылық балуандай чемпион боп,

Көбейсін кіл қазақтың қуанғаны.

Ермахан мен Бекзаттай атой салып,

Биікті бағындырсын шынардағы.

Бақтияр мен Бақыттай бар қазақтың,

Арманын іске асырсын шығандағы.

Тәубесінен жаңылмай дүлділдерім,

Жадынан шығармасын бір Алланы.

 

Көсілсе қолтығын кең жаза алатын,

Балуандар мен Боксшы азаматым.

Алла қолдап барлығың алтын алып,

Әлемге танытыңдар қазақ атын.

 

Үмітті ақтап сенімге сай ұлдары,

Бар қазақтың сейілсін уайымдары.

Нағыз қазақ перзенті чемпион боп,

Жақсы еді ау атақ-даңқың жайылғаны.

Алты Алаш бұл тілегің қабыл болсын,

Қасиетті Ораза айындағы!

 

Бақыт Жағыпарұлы

Таулар...

Олар таудай үміт жаққандар,

Таудай сенім арқалаған атпалдар.

Ең бір мықты жүректерде

Ең нәзік жүрек те бар!

Бөлмеңдер де, қақпаңдар!

Құрбан қылмай ғаріп түсініктерге –

Алыптарды сақтаңдар!

*****

Қара өлең қанат берер еді!

Ай, оқымайды – ау...

Мен! деген бұл қазақтың кемел Ері

Болу үшін аз екен – оты лаулау

Аз екен –

Төгілген тер.

Қара күш те!

Дүрімен дүниенің шекіс, мейлі!..

Тағы мұң көзін сүртіп барады іште:

-      Біздерге...

Ай, бірдеңе жетіспейді!..

Бір батыр – жүректегі өлмей қалған

секілді түзде бір Бөрі мықты...

Жігіттер! Қиял ұтып жеңбей ме арман?!

Өлтіре көрмеңдерші соңғы үмітті!.. Игін!

*****

Күрек тістер сөгілгендей көбеден

Үгітіліп бара жатыр үміттер...

Көкірегін тесіп өткен жебемен

Жауға ұмтылар – қайда біздің жігіттер?!

 

Жылап жатты тағы жүрек баладай.

Жұлып, жұлып бердік оны жарысқа әр

Ағып түскен көзіне де қарамай

Атой салар қайда біздің Арыстар?!

Мен жасымды сүртпей қойдым саулаған...

Қасиет те екен өзі азап та – Ар!

Қиссалардан есімізді жаулаған

Қайда кетті қазан жүрек Қазақтар!..

-          Сен Даламның бұзған барлық реңін! –

деп Қалаға енді ренжіп жүремін.!.. 

 

Жанна Елеусіз

Желбіре, көк туым төрінде LONDON-ның!

Көтер қане!

Ел үмітін арқалаған екенсің,

Сен -жігерлі, сен -қайсарлы бекемсің.

Штангыны сен асырсаң бойыңнан,

Лондон елі көк туымды көтерсін.

 

Есе берме!

Ер емес пе ең алып жыққан атанды,

Көкіректен үзіп алма отан әнді.

Қарсыласың құласа егер жер сүзіп,

Жерден биік көтергенің Отанды!

 

Сілте қане!

Сермеп жібер қара күшті қолдағы,

Жеңіс алсаң сенің де елдің ол бағы.

Есіңде тұт асқақтатар дөп тисе,

Әнұранды боксшының қолғабы.

 

Желдей жүйткі!

Саған қарап таңдай қақсын әлемде,

Ізің қалсын алтын болып әр елде.

Қозғалтқышың тоқтамасын бас алға,

Көк туыңның рухы жатыр мәреңде.

 

Көрсет қане!

Қайтпас қайсар бойда жігер көптігін,

Алтын түсті күн сәулеңді төк бүгін.

Алтын қолда, күміс белде, қола бар,

Ал желбіре көкте биік көк туым!!!

Ақан Марғұлан

Дайындаған: Ақерке Әбілхан

сурет: getyourmillion.ru