Ұрпақтар сабақтастығын және Қазақстан халқының дәстүрлерін танымал етуді қамтамасыз ету, өнерді насихаттау мен ту ету – бүгінгі бір парызымыз. Тәуелсіздік алғаннан бергі кезеңде қазақ поэзиясы мен көркемсөз оқу өнері жаңа буынмен толығып келеді. Сол қатардағы талантты ұлдың бірі – Бектас Жұман.
Ақындығы өз алдына, көркемсөз оқығанда тыңдарманын оқиға ішіне кейіпкер қылатын Қарағанды облысының тумасы. Талай республикалық жарыстарда жүлде алған. Бүгінде Бектас Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің 4 курс студенті. Республикалық Үздік ғылыми жобалар байқауында "Дарын" номинациясы бойынша "Жас ғалым" төсбелгісімен марапатталған. Қай салада да қатарының алды боп жүрген Бектас Жұман өлең де жазады. Тіпті көркемсөз оқығанда алдына жан салмайды.
Жалпы жүректен шыққан сөз, жүрекке жетеді дейді ғой. Кез келген өлеңді мәнерлеп оқымас бұрын ол өлеңді жан тәніңмен түсініп алған жөн. Содан соң барып кейіпкердің хәлін түсініп, актер болып сол кейіпкердің образына кіре отырып мимика арқылы жеткізе білу қажет. Қандай да бір жаңа өлеңді бір оқығаннан ақ нақышына келтіре оқу үлкен дайындық, қажырлы еңбектің жемісі - дейді.
Өмірзая жұлдызындай артына із тастап кеткен таланттар жетерлік. Сол ұлылардан қалған туындылардың шырағын өшірмей ел есіне салып тұратын Бектас сынды өнерлі азаматтарға қолдау білдіру, жігерін жанып, қанаттандыра түседі емес пе?! Кез келген шығарманы мәнерлеп оқып қана қоймай өзі де өлең жазатын Бектас "үлкен сахна мен қалың көрерменді көз алдыма елестетіп, шабыттана түсемін" - дейді.
Өлең жазу барысында ақ, сол өлеңді дауыстап оқып, оқырманға қалай жетер екен, қалай естіліп, қалай қабылдар екен деген оймен оқып отырамын. Сол сәтте үлкен сахна мен қалың көрерменді көз алдыма елестетіп, шабыттана түсемін – деп толғанды.
Нұрғали Ораздың "Қайыршының жұлдызы" атты шығармасы бар. Сол шығармадағы басты кейіпкер спектакльде қайыршының рөлін ойнауы керек болады. Ол сол образын шыңдау үшін күн сайын базарға барып, қайыршыларды бақылайды. Аяғында өз рөлін жоғарғы деңгейде сомдап шыққан ол қайыршыға айналып кетеді. Яғни, өнер шын берілсең тағдырыңа айналады дейтін түсінік бар. Бірақ, Бектас олай ойламайды.
Тағдырды өлеңге сыйғыза алатын шығармыз, бірақ, өлеңді тағдырға айналдыру, мен үшін жат нәрсе. Өлеңнің барлығын өміріңмен ұштастыра беру өте үлкен қателік... Туа бітті таланттар көп жағдайда мақсатына жетеді. Десе де, талант пен қоса еңбек, ізденіс болмаса, құр талантпен ұзаққа шаппасы анық. Кез келген жетістіктің 99 пайызы еңбектен тұрады ғой.
Қазіргі кезең өнердің емес, еңбектің кезеңі. Тіршілік алдыға шыққан уақытта руханият әлсірей бермек. Алайда, адамның жаны аза бастағанда рухани құндылықты қаза бастайды. Бұл жайлы Бектастың да өзіндік пікірі бар.
Бұл өмірде ештеңе де мәңгі емес. Бизнес те, блогерлік те бір күні болмаса, бір күні қалары анық. Ал, өлең өлмейді. Өлең дейтін құдірет адамзат өмір сүргенше бізбен бірге өмір сүре береді.
Мектепте оқып жүргенде-ақ өнерімен көзге түсіп, талай оқушылар арасындағы байқауларда топ жарған Бектастың алғашқы бапкері, яғни ұстазы Эльвира Нүркенқызы "атағын жеке бастың қамы үшін алға тартпайтын азаматтардың бірі" - деп бағасын берді.
Бектас Бақытұлы - қайсарлығы мен өрлігін қару еткен, ақындығын тамам елге аян еткен, тәрбиесі мен білімі біте қайнасып өсіп келе жатқан жас шынар. Халық үшін тер төгуде аянбайтын, жау алдында бойын бұғып қалмайтын, атағын жеке бастың қамы үшін алға тартпайтын азаматтардың бірі. Алланың қалауымен әлі де өнер үшін, ел үшін жан мен тер аямай еңбек етері даусыз!
Жас болса да бас болып, шығармашылық жолда шыңдалып келе жатқан Бектас Бақытұлының алға қойған межесіне кедергісіз жетуіне тілектеспіз.