- Негізгі бет
- Поэзия
- Нұртас Тұрғанбек. «Ауылға...
Нұртас Тұрғанбек. «Ауылға барып қайттым, аға...» (видео)
Қанат Үмбетов орындауындағы «Мазаламайын», «Сезімді қайтейін», «Жүрегім, жүрегім», «Жігіттер» квартеті репертуарындағы «Қазағым, алға», Иса Әлимұсаев «Жұлдыз шығармыз», Мырзабек Қасымбек «Жан арманым», Мырзахан Маханов «Сен мен үшін», Нұрболат Абдуллин «Бұл менің тағдырым» әндерінің сөзін жазып, жастар арасында кеңінен танылып жүрген жас ақын Нұртас Тұрғанбек қазіргі заман поэзиясында өзіндік қолтаңбасы бар.
Массагет сайты ақын туған Алматы облысы, Райымбек ауданы, Нарынқол ауылына арнайы барып, «Ауылға барып қайттым, аға...» өлеңіне видео түсірді. Мезгілсіз ажал құшқан ағасының рухына бағыштап 2012 жылы жазылған өлең бүгін дәл сол жерлерде жүріп жаңадан қайта жазылғандай әсер туғызады.
Аға
Ауылға барып қайттым, Аға…
Алма ағашы, сол – қоршау, сол – ауламыз,
Қора да тұр, қорқатын жолауға біз.
Дөңгелегі майысып, жатыр әне –
Екеуміз су таситын қол арбамыз.
Мектеп те тұр, нұрлы етіп бұл маңайды,
Тек балалар біздердей шуламайды.
Күз келгенде біздегі алманы да,
Қоршаудан қарғып түсіп ұрламайды.
Атам да жоқ, қоритын алма бақты,
Еске түсіп, ағатай жанға батты.
Сен мінетін тананың бұзауын да,
Өріске жіберерде таңбалапты.
Тауға түсіп қалғанда күн кекілі,
Көрінеді қай малдың кімге түрі?!
Сен бас киім кигізіп қуалайтын,
Қойлардан да қалыпты бірді-екілі.
Жейтін енді адам аз бұған қайғы,
Көз алдымда балалық бұлаңдайды.
Ағатай, баяғыдай енді ешкімде,
Қошқарды сүзеген қып шығармайды.
Қарға да жүр, қарқылдар, құрты бар деп,
Тек баяғы кісінер жылқылар жоқ.
Қатық жайған жер де тұр – дорбасының,
Сары суын ішетін сыртынан кеп.
Ошақ та бар, жағатын көң пешіне,
Сырт жағы ше? – түсті ме енді есіңе,
«Күлге картоп көмем», – деп таласқанбыз,
Апам нанын жапқан соң көмбесіне.
Иә, бұл да өткенмен көп ойланам,
Көрші бала келетін жолай маған.
Сен бірде бір топ асық алып келіп,
Ит мүжіген, қалғанын мен ойнағам.
Е-е-е туған жер, тыншыды жаным ақыр,
Таттаныпты су құйған сары бақыр.
Ано-оу жерде ошақтын артын ала,
Сен жасаған қармақтың сабы жатыр!
Мен ауылға барып қайттым аға…
Несін айтам, ауыл да, үйің де аман,
Балалық жоқ, көршіден қи ұрлаған.
Байынқол да тартылып кеткендей ме,
Бақыт дейтін балығы бұйырмаған.
Үнсіз қарап тұрушы ең кемелденіп,
Желең келіп кеттің сен, өлең болып.
Аға, енді ауылдың топырағын,
Сенің бір күн басыңа себем келіп.