Нұрбек Нұржан: "Балконыңнан қол бұлғайсың тағы да"

ҚазҰУ-да төрт бірдей жас ақын жыр жинағының тұсаукесері өткенін жаздық. Сол төрт ақынның бірі Нұржан Нұрбек өзгелерінен жалынды жырларымен бірге, актерлік шеберлігімен ерекшеленеді. Ол Жамбыл облысы, Меркі ауданы, Ақмерен ауылында 1995 жылы 29 мамырда дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультеті 4-курс студенті. Өлеңдері жас ақындардың "Алатау жырлайды", "Күн сәті" және қазақ поэзиясының антологиясы "Жыр маржаны" сияқты ұжымдық жинақтарға енген.

Өкпеліміз кеш оралған көктемге

Екеуміз де қол созамыз көктерге,
Мұңаямыз құстар ұшып өткенде.
Екеуміз де толған айға ғашықпыз,
Өкпеліміз кеш оралған көктемге.

Леп ізімен жүзіп барад әр қайық,
Жетер енді, жылы жаққа самғайық.
Екеуміз де күз келгенде жалғызбыз,
Сағынамыз жапырақтай сарғайып.

Жапырақтай сезімдерді тона, күз!
Күзден ұштық енді қайда қонамыз?
Екеуміз де ұнатамыз балмұздақ,
Балмұздақтай жүректерден тоңамыз.

Көктем қазір...
Кеуделерде тірі күз,
Менің аппақ әлеміме кіріңіз.
Екеуміз де өле сүйген ғашықпыз,
Қинайтұғын бірімізді біріміз.

Таң келеді, етегін түн жия алмай,
Біздің ғажап сағынышты қия алмай.
Тәкаппармыз, танып тұрып танымай,
Сүйіп тұрып, жек көреміз ұялмай.

Мың жыл уақыт сарғайған хат бұл күзден,
Жапырақ қыз құсқа еріп жүр бізбен.
Екеуміз де мұңдасамыз қайыңмен,
Сырласамыз сыбыр-сыбыр жұлдызбен.

Шақырады қарындаспен жел енді,
Қашқақтамай құшағыма кел, енді.
Түнгі лептен естиікші әуенді,
Жапырақтан оқиықшы өлеңді.

Бетінде Ай, Аспан деген меңді қыз,
Сол аруға сыр айтамыз енді біз.
Балконыңнан қол бұлғайсың тағы да,
Кел дейсің бе?
Қош дейсің бе?
Белгісіз...

Екеуміз де қол созамыз көктерге,
Мұңаямыз құстар ұшып өткенде.
Екеуміз де толған Айға ғашықпыз,
Өкпеліміз кеш оралған көктемге.

Ренжіме, шеше

Қайтейін, шеше, қайтейін!
Белгілі сізге, белгілі күзге жай күйім.
Жанарың жаста, қабағың әжім, қатулы,
Өмірің анау, өмірім мынау, әй, қиын!
Қайтейін, шеше, қайтейін!

Ән айтшы, аспан, еркіндік жайлы, жағымды,
Қиырсыз дала құлынын, білем, сағынды.
Сағындым күзді, сағынып жүрген кезімді,
Сағындым мұңды балалық тентек шағымды.

Адамдар мынау, адамды мүлдем байқамайд,
Шимай да шатпақ ойымды тұман ой қамайд.
Жабылып ұрып кететін бұзық балалар,
Жабылып мұңдар...
Өмір де соны қайталайд.

Өткеннің сонау сағымдарынан келмес ем,
Қайдағы жоқты еске салады өр өзен.
Жалғыз едім ғой, сағыныш еді сырласым,
Жалғызбын әлі, сырласым да сол терезем.

Не істейін, шеше, не істейін?
Алдыңда сенің байлықтың бәрі бес тиын.
Қамшылап тұршы, алысқа қарай шабайын,
Нұрыңмен бөліс, дауылға мынау өшпейін.
Не істейін, шеше, не істейін?!

Бұзықпын білем, бұзыппын талай мұрынды,
Бұза алмай жүрмін ішіме тынған мұңымды.
Өмір көшесін саяхат жасап күзетем,
Шамдары – жұлдыз, қара терезе – түнімді.

Білесің бе, шеше, адамдар аз шын күлетін,
Жалғанда таппай арманға жетер тірегін.
Кір-кір боп үйге қаңғырып келсем, ұрсушы ең,
Білесің бе, шеше, кірлемесінші жүрегім.

Ренжіме, шеше, ренжіме!
Мен салған сурет, әжім басты ма реңді де.
Бір тамшы жасың құласа, жаным садаға,
Қорғадың, жетер, қорғаймын сізді енді мен.
Ренжіме, шеше, ренжіме!

Сағыныш сапары

Сағынамыз... мұңаямыз... күлеміз...
Күткен бізді, міне қайғы, міне күз!
Кету үшін жұлдызға ма? Айға ма?
Бәріміз де автобусқа мінеіміз...

Бәріміз бұлт ішіндегі араймыз,
Санамызды тұманменен ораймыз.
Кейін тастап зулап жатан уақытты,
Бәріміз де терезеге қараймыз...

Бәрін білген жан жоқ шығар туғаннан,
Шипа керек сезімжерге уланған.
Бұл өмірге қараймыз кеп тұманды,
Терезеге қараймыз кеп буланған.

Мөлдірейді жанарды жас жуғаннан,
Арулардың кірпіктері суланған.
Мүмкін, көктем келіп қалар хабарсыз,
Терезені сүртіп қойшы буланған.

Мұң шығады төсімді кеп қақсам бір,
Жанарлармен шағылысқан ақшам нұр.
Терезеден сырғанайды көз жасы,
Жүздерінен тайғанайды ақ жаңбыр.

Бәріміз де сағынамыз түнімен,
Жылаймыз кеп ақ жауынның үнімен.
Сағынайық жүрегімен құстардың,
Күрсінейік жетім күздің мұңымен.

Күз жайында шер тарқатып күнімен,
Көктем жайлы аңсаймыз ғой түнімен.
Сырласайық ақ қайыңның ойымен,
Сөйлесейік жапырақтың тілімен.

Жазға көктем, күзге, бәлкім, қыс егіз,
Сарғаямыз... жабығамыз... үсеміз...
Жету үшін көктемге ме?.. Жазға ма?..
Бәріміз де автобустан түсеміз.

Хор қызы жерге түскен пейіштегі,
Ақ сәулеңнен Айға айналды көр іштегі.
Қанатыңды Ібіліс кеп сындырды ма?
Нұр жүзіңнен көруші ем періштені.

Ханшайымым, жүрегімнің тағындасың,
Сарқырама – сағынышым, ағын – жасым!
Аппақ гүлім көз жасымнан суарылған,
Енді, міне, басқа үйдің бағындасың.

Қарай-қарай жанарыңды жарық қылдым,
Жүре-жүре көшелердің жалықтырдым.
Аққуымды жоғалтқан сол тар көшеден,
Аққуымның көлеңкесін жолықтырдым.

Неліктен біз... ?

Мезгілімен жемістер де пісуде,
Мезгілімен жапырақтар түсуде.
Автобуста аялдама күтпей-ақ,
Неліктен біз асығамыз кетуге?

Өзімізді ой тұманнан таппаймыз,
Болашақты күдер үзіп жоқтаймыз.
Баяу жүріп жүгіреміз жолдарда,
Неліктен біз адыр көрсек тоқтаймыз?

Бола қоймас күнсіз бқлт та, шың таусыз,
Ән тербемес жүректерді шырқаусыз.
Жылы сөзді қия алмаймыз өзгеге,
Неліктен біз тіліміз бар мылқаумыз?

Жапырақты жамылғанмен тақыр күз,
Жемісі жоқ жүректерміз, пақырмыз.
Өзге жанның жақсылығын көрмейміз,
Неліктен біз көзіміз бар соқырмыз?

Күтіп тұрса алдымыздан терең құз,
Қалай ғана жүре аламыз елеңсіз.
Ұмытамыз ғибрат айтса сен жайлы,
Неліктен біз құлағы бар кереңбіз?

Өмір болмас сынақтарсыз, сабақсыз,
Иман көйлек кірлеп қалған салақпыз.
Алуды біз білеміз тек бермейміз,
Неліктен біз қолымыз бар шолақпыз?

Тірі болса кеудеңдегі бір етің,
Тек баянды ғұмырың бар сүретін.
Қол созбаймыз бір бауырың құласа,
Неліктен біз мүгедекпіз жүретін?

Ғұмырымыз қалды қазір көріктен,
Қалды тағы иман деген серіктен.
Сүреміз біз бұл фәниді мәңгідей,
Бәле тұра жалғандығын, неліктен?

Әдемі-ақ келбетіміз, сыртымыз,
Жүрегіміз көрсетеді бұлқыныс.
Жер жаһанға көрінсек те сап-сау боп,
Зағип біздің жүрегіміз, рухымыз.