Наурыз келді ауылға нарға мініп

Наурыз – көне мейрам. Оны қазақ халқының ерте дәуірлерден бері тойлап, атап өтіліп келе жатқанына күмән жоқ. Наурызды құт-береке санаудың арқасында үлкен халықтық білімге, дүниетаным белгісіне айналды. Наурыз халқымыз үшін күн мен түннің теңелуі ғана емес, жаңару мен жаңғырудың бастауы.

***

Наурыз келді ауылға нарға мініп

Наурыз келді ауылға нарға мініп,
Қаңқылдап жүр аспанда қарға күліп.
Жадырайды дүние жарқылдайды,
Жақын келіп қалғандай алдағы үміт.

Қуанды балалар таң атқанға,
Алғыс жолдап ағалар жаратқанға.
Наурыз көже қолымен келіндердің,
Құйылып жатыр ақ күміс табақтарға.

Қонақ күтіп әжелер құрақұшты,
Тізбектеліп тырналар жырақ ұшты.
Малдық бәрі бұл қыстан аман алып шықты,
Сол үшін де қария қуанышты.

Жыл құстары жарысып жаңа келді,
Келуімен қуантып тамам елді.
Маужырайды сұлу күн мейірленіп,
Аялайды нұрымен бар әлемді.

Жылытады енді дүниені от ерінбей,
Қайғы барын өтсе екен бота білмей.
Алатаудың шығып ап иығына,
Ұзақ тұрды наурыз күн көтерілмей.

Тұманбай Молдағалиев

Наурыз парасаты
 
Айналаңнан жаңа көктем лебі ескен,
Бұл кезеңде күн менен түн теңескен.
Сан ғасырлық ата-баба салтына
Көпір болған Наурыз өзің емес пе ең?!
 
Таулы, таусыз жерімнің,
Өзен, теңіз көлімнің
Жаса ұлы Наурызы
Жаңа жылы елімнің.

Қуат жиса пәктігің,
Асқақтайды шоқтығың.
Тамыр алмай тарихтан
Мазмұнданбас шаттығың.
 
Жүріп жатыр ерлік, ездік жарысы,
Наурыз нағыз сәулелі ойлар қонысы.
Наурыз сайын ағаш егу, гүл егу,
Әр адамның табиғаттық борышы.
 
Наурыз парқы – өз санаңды өсіру,
Пенделікті ізгілікке көшіру.
Өткен жылы өкпелесең біреуге
Сол өкпеңді дархандықпен кешіру.

Мұхтар Шаханов

Наурыз шашу

Уа, жарандар, жарандар,
Наурыз келді, қараңдар.
Ұлы күнін ұлыстың
Жақсылыққа балаңдар.
Ел атанып егемен,
Бақыт құшқан заман бар.
Гүлге оранған далам бар,
Нұрға оранған қалам бар.
Уа, халайық, халайық,
Өткен күнге қарайық.
Бабаларды айбынды
Есімізге алайық.
Бірлік туын көтерген
Қиналғанда халайық,
Абылайдың айбынды
Ұранына салайық.
Уа, ағайын, ағайын,
Домбырамды қағайын,
Шалқытайын жырымды,
Ашып жанның сарайын.
Наурыз тойы ерекше,
Күйге толы маңайым.
Алтын таңның арайын
Әнмен қарсы алайын.
Аузын ашап арандай,
Жау қаптаған заманда-ай,
Қорғап қалған елімді
Қаракерей Қабанбай,
Қанжығалы Бөгенбай,
Шапырашты Наурызбай,
Райымбек, Сыпатай –
Батырларым қамалдай.
Асқақтаған үніммен,
Шырқатайын бүгін мен.
Жоғалғаным оралып,
Өлгендерім тірілген.
Бой жазылып бүгілген,
Қайғы бұлты түрілген.
Қазақпын деп мақтанам
Тіліммен де дініммен.
Балқып атқан таңым бар,
Шалқып айтқан әнім бар.
Өріс толы малым бар,
Егіс толы дәнім бар.
Салтанатым, сәнім бар,
Досқа дарқан жаным бар.
Наурыз думан тойында
Бар өнерге салыңдар.
Уа, жарандар, басайық,
Жырдан шашу шашайық.
Ән мен күйді ақтарып,
Наурыз тойын жасайық.
Тау суындай тасайық,
Ән мен күйге басайық.
Армандарды арқалап,
Асулардан асайық.
Кеудеде алау от барда,
Көңіл шіркін тоқтар ма?
Кемесімен ғарышты
Кезіп қайтты Тоқтар да.
Ей, жарандар, шет қалма,
Қосылыңдар көкпарға.
Зымырандай самғай бер,
Болашақты бетке ал да.
Уа, жарандар, жарандар,
Наурыз келді, қараңдар.
Ұлы күнін ұлыстың
Жақсылыққа балаңдар.
Қайта келіп қалпына,
Бақыт болған халқыма.
Құтты болсын Наурыз деп,
Жар саламын жалпыңа!

 Абдрахман Асылбек
 

Наурыз көже

Наурыз айы – жыл басы,
Тұнып тұрған береке,
Ай туғанда жылда осы,
Біздің елде мереке.

Жұрттың тасып жігері,
Бір-бірімен жүздесіп,
Ет, су, қатық, жүгері,
Бидай, тары, тұз қосып,

Көже ішеді бір жасап,
Қауқылдасып, мақтанып.
Ақыны ойдан жыр қашап,
Күйші, әншісі шаттанып,

Көже ішеді тойғанша,
Қауқылдасып, шаттанып.
Айтылатын ой қанша?
Жас-кәрісі мақтанып.

Бата берсе аталар,
Алға келген астарға,
Көже жайлы апалар,
Айтып жатар жастарға:

Ет:
Алған тұздап, кептіріп,
Ет «сүрі» деп аталар.
Етті сүрі жеп тұрып,
Бала үлкеннен бата алар.

Су:
Өзіне тән түсі жоқ,
Қолға ұстауға келмейді.
Онсыз өмір күші жоқ,
Еш зат онсыз өнбейді.

Тұз:
Мұзға түсі ұқсайды,
Удай ащы дәмі бар.
Тұзсыз тамақ піспейді,
Астың тұзбен жаны бар.

Бидай:
Үш-ақ айда піседі,
Қамбаларға толады.
Тез алмаса түседі,
Тартса ұны нан болады.

Жүгері:
Өсер дақыл биіктеп,
Құрақпенен жарысып.
Көкбасын да сүйіп бек,
Жейді адамдар таласып.

Күріш:
Дақыл өзі суда өсер,
Биік емес бойы аса.
Піскенде де буда өсер,
Май палауға ал, той, аса.

Қатық:
Сүзіндісін айранның
Атаймыз біз қатық деп.
«Қатық сенің пайдаң мың»,
Деп, жалаймыз жатып кеп.

Мұның бәрі өз алдына,
Жеке-жеке бал тағам.
Бәрін бірге салды ма,
Табылмас ас ол саған.

Бұл жетеуі қосылып,
«Наурыз көже» аталар.
Наурызда көсіліп,
Бір жырғайды аталар.

Біздің үйге келіңдер,
Көліктерден түсіңдер.
Ақтан бата беріңдер,
Наурыз көже ішіңдер!

Құл-Керім Елемес


Ұлыстың ұлы күні

Білсең шіркін сезіне,
Наурыздағы күн қандай!
Табиғаттың өзі де,
Той өткізіп тұрғандай...

Суық ызғар білінбей,
Жан шуаққа кенелер.
Таразының тіліндей,
Күн менен түн теңелер.

Білек түре құлшынып,
Жанарда ойнап бір ұшқын.
Мерекелер жұртшылық,
Ұлы күнін ұлыстың.

Көз суарып,тоқташы...
Жерді жапқан гүл-алау.
Самарқанның көк тасы,
Жібіп жатқан шығар-ау!

Ақ тілекпен,ақ таңда,
Қадір тұтар бұл айды.
Тас та жібіп жатқанда,
Жүрек қалай шыдайды!?

Талай жандар туыстай,
Төс қағысып көріскен.
Көңіл қалса,суыспай,
Қуанышын бөліскен.

Бауырмалдық ұғындым,
Көрер бірін досындай.
Болса деймін жылымның,
Барша күні осындай!

Еділбек Дүйсенұлы