Жылқы – ежелден қазақтың жан серігіне айналған, сырлас мұңдас жануары. Керімсал кербез жануарға қараған қай адамның да шабыты ашылары анық. Жүйріктігімен жадта жатталатын жайсаң жануар Мұқағали Мақатаевқа қалай әсер етті екен? Өлеңдері сөйлесін...
Қысырақтың үйірі
- Бағасың! – деді бастығым,
- Бақпаймын! – дедім, бала едім..
Артым бос, айтар тас буын,
Жоқ тұғын менің дәлелім.
- Бақтырам! – деді бастығым –
Бағасың – деді – жетпегір!
Сонымен біраз жас күнім,
Қысырақ қуып өтті өмір.
Қорада жемсіз ақырда,
Қамауда тұғын қысырақ.
Аяңдап келем тақымға,
Шетеннен құрық қысып ап.
Айқара аштым қораны,
Жануарларға обал-ды.
Обалды қайтсін қысырақ,
Ойнақтап алып жоғалды.
Біріне-бірі дем беріп,
Тұяқпен түтіп даланы.
Тулаған өңшең көк желік,
Үйірін іздеп барады.
Қайыру берер болмады,
Ойнақтап олай, былай бір.
Сорпасы шығып сорлады,
Сілесі қатқан құла айғыр.
Желігіп алды көнбестен,
Желқуық өңше байталдар.
Бірі де қайыру берместен,
Сынаптай ақты сайтандар.
Бір-бірлеп жүріп сай-құмнан,
Өлгенде әзер қайтардым.
Жармасты-ау құла айғыр да,
Жалына жирен байталдың.
Сынаптай аққан сайтанды,
Жануар әбден илепті.
Шу асау өңшең байталды,
Бір-бірлеп жүріп үйретті.
Майданның бәйгесіне
Қарасаздың су ішіп бұлағынан,
Жүретұғын құлпырып құла құнан.
Қылығы да, жұп-жұмыр мүсіні де,
Аумайтұғын киіктің лағынан.
Қимылдаса ши басы секем алып,
Құйын болып далаға кетеді ағып.
Үйірінен үзіліп жеке қалып,
Жарысатын желменен жеке барып.
Желіге де байланбай құлынында,
Жел ойнатып жүретін тұлымында.
Тай болды, құнан болды әлі бірақ,
Көрген жоқ жылқышының құрығын да.
Жылқышы қарт ерекше ардақтаған,
(Біледі ғой, қазақ қой мал баптаған).
Өзі келіп үйретіп, мінер деген,
Аман келсе майданнан солдат балам.
Дөнен болды, қалды артта балалық шақ,
Қарт міне, дөненіне бұғалық сап,
Баласынан хабар жоқ, қарт тұр енді,
Бәсірені майданға шығарып сап.
«Жүрген жерің от болсын, хош, жануар!..
Бәлекеті жоқ болсын, хош, жануар!»…
Бәсіресін, баласын біздің қарттар,
Бәйгесіне майданның қосқаны бар.
Тұлпарлармен біргемін
Іздесең мені кімде-кім,
Қаладан іздеп жүрмегін!
Үйіме де іздеп кірмегін!
Аязды боран ақ таудың,
Арасында өмір сүргемін.
Солармен мәңгі біргемін!
Жетелеп мені ілгері,
Күндерім менен түндерім,
Төсек сап қардан бір керім,
Қарыма құрық ілгемін.
Іздесең мені кімде-кім,
Сол жерден келіп бір көрін!
Ақ түтек ашық ақпанда,
Ақ сайда жылқы баққанда,
Құрықты шаншып ақ қарға,
Аспанға қарап тұрам мен,
Құс жолы – Болашақтарға.
Қар теуіп жылқым жатқанда,
Рахат одан шақ бар ма?!
Керек қой күзет өмірге,
Дүние ұйықтап жатқанда…
Ақ қырау шалып тұлымын,
Кісінеп қойса құлыным,
Кетеді бойым жылынып,
Бүлк етіп менің жұлыным,
Айтамын, айтам қайталап,
Тұлпарлы жердің ұлымын!
Ракетадан кем емес,
Шаншылған менің құрығым!..
Сондықтан асау қылығым,
Қашырар құтын ұрының!
…Іздесең мені кімде-кім,
Бұл жерден іздеп жүрмегін!
Аязды ақ қар түндемін,
Ақ боран соққан күндемін
Тұлпарларыммен біргемін,
Іздесең мені кімде-кім,
Сол жерден келіп бір көрін!