Жанымды тыншытпайды сезім деген
Қалай жүр, япырау, төзіп денем?
Қаншама күндер өтті дамылдамай
Қаншама түндер өтті көз ілмеген.
Білмеймін, не іздейді сезім менен?
Белгілі шегі де жоқ, жоқ тұрағы.
Белгісіз қайда апарып соқтырады
Не сезім мені бір күн от қылады
Не сезім мені бір күн жоқ қылады.
Адамның сезімінен сезіктенбе
Сезімді сезіне біл, төзіп, көн де.
Ақыл менен парасат бұғынады
Шынайы шын сезімге кезіккенде.
***
Ғашықпын! Шын ғашықпын сол адамға!
Мен болмасам, болмайын. Сол аман ба?!
О, тәңірім! Неткен жан қайрылмайтын!
Жүрегі еттен бе әлде қоладан ба?!
Ғашықпын. Қайтіп оны жасыра алам,
Бір алтын оның әр тал шашы маған.
Сағынайын, таусыла сағынайын,
Сағынышқа жаралған ғашық адам.
Шарықтап, қолым жетпес көкте Күнге,
Ақ қанат құсым менің кеткенің бе?
Шарқ ұрып бар ғаламды шыр айналып,
Мәңгілік сені іздеумен өткенім бе?
Сарғайған сағынышты басып толық
Бар үміт, бар сенімді шашып болып
Өтермін сірә да мен бұл өмірден
Мәңгілік қалармын мен ғашық болып.
***
- Құс боп ұшып жоғалсам, не етер едің?
- Сені іздеумен мәңгілік өтер едім
- Отқа түсіп өртенсем не етер едің?
- Күл боп бірге соңыңнан кетер едім
- Бұлдырасам сағымдай не етер едің?
- Жел боп қуып ақыры жетер едім
- Қайғы әкелсем басыңа не етер едің?
- Қойшы сәулем, бәрін де көтеремін!
***
Махаббат па?
Махаббат болған еді.
Таудың мен еркін жүрген тағысы едім,
Тапты да, түсірді ғой торға мені.
Махаббат па?
Махаббат болған менде.
Жиі барғам аққулар қонған көлге,
Ал қазір тоңған жүрек, солған кеуде.
Ғашықтық па?
Ғашық та бола білгем.
Бір-ақ жанға ғашықпын бала күннен,
Жанымменен сүйемін, жанарыммен.
Сағыныш па?
Қалай оны тауыса аламын.
Сағынғанмын, шөлдегем,
Ақыры шаршағаным, шаршағаным.
Сүйгенім бе?
Сүйгенім өмірде емес.
Ұйықтасам, түнде түсім, көңілде елес,
Өлгенше кетер емес көңілден еш...
***
Құмартасың жете алмай,
Қайғырасың сағынып.
Қыл көпірден өте алмай
Қиыласың табынып.
Жүрегіңді бос етіп,
Жүдеп жүріп сүйерсің.
Өзіңе өзің қас етіп,
Өз отыңа күйерсің.
Өзіңе бал,басқаға у,
Сезімдіге ең қымбат:
Қайғы, сүю, құмарту-
Ең бірінші махаббат.
***
Тағдырыма тура келген серігім,
Мен бейбаққа сыйлады екен сені кім?!
Шар басымда, шаңырағым, сен тұрсың.
Басқалардың барлығынан жерідім.
Ауырлықтың көтердің - ау көбін сен,
Сенен келіп қуат алдым жеңілсем.
Сен - жер болдың, нөсер болып төгілсем.
Шұғыласың, қара бұлт боп көрінсем.
Мен - түн болсам, сен - таң болдың жаңа
Мені - қола, сені - шойын жаратқан.
Мен - ашу да, сен - ақылсың нәрі аққан.
Сен - Адамсың, мен аждаһа зәр атқан.
Білемін ғой, білмейді деп жүрсің бе?
Түсінемін кеудеңдегі дүрсілге.
Оңашада, жұрт көзінен жасырып,
Күрсінбеші, жалынамын, күрсінбе!
Әлі екеуміз аттанамыз сан жылға,
Күрсінбеші, қуаныш көп алдыңда.
Күрсінбеші, жүрегімді тыңдашы,
Талай - талай кереметтер бар мұнда!...