Мұқағали Мақатаев өлеңдерінің қай-қайсысын оқысаңыз да ой мен сезімі қатар келген дауылды ақынды тани түсесіз. Жыр жүйрігінің жауһарлары өз дәуірінің тынысы ғана емес, марқұм Фариза Оңғарсынова айтпақшы «Мұқағали поэзиясы – таңғы шықтай мөлдір, сырлы, мұңлы поэзия». Келешек ұрпағымен мәңгі жасай беретін поэзия.
Қазақ поэзиясының Хантәңіріне арналған жырлар да жоқ деп айта алмаймыз. Бүгін ақынның туған күні қарсаңында осы өлеңдерді назарларыңызға ұсынғанды жөн санап отырмыз.
***
Ойы биiк,
Бойы биiк ортадан
Жанды-сөндi лапылдаған өрт-адам.
Ешкiм оны сипаған жоқ маңдайдан,
Ешкiм оны қаққан емес арқадан.
Басын исе,
Адалдыққа иетiн
Ешкiм оның түсiнген жоқ ниетiн.
Өзегiнен теуiп жатқан өмiрдi ол
Өгейсiмей,
Өлiп-өшiп сүйетiн!
Ғашық едi тiршiлiкке ол байғұс,
Қасiретке құштар еткен қандай күш?!
Кешiп жүрдi ол өлеңнiң өзенiн,
Басына тек бақыт болып қонбай құс.
Досы да жоқ.
Дос дегенi – ол да жау.
Жоқшылықтың көз жасына толды ожау.
Оңды-солды шашты жырдан несiбе
Бақытсыздар етсе екен деп талғажау.
Ол жүрегiн жүргенiмен жырлатып,
Бұйырмады маңдайына бiр бақыт.
Арулардың жанарынан сыр оқып,
Аналардың алды жасын құрғатып.
Таусылғанша соңғы демiм-тынысым,
Тек өлеңнiң тасытам деп ырысын.
Жырдың ғана қабағына қарайлап,
Өмiрiн де құрбан еттi жыр үшiн.
Қасiретi қарығанмен қанша iшiн,
Жыр-тұлпарға басып соңғы қамшысын.
Келешекке сәлемiм деп,
Өлеңге
Сарқып құйды жүректiң қан тамшысын.
Қара өлеңмен көгерер деп көсегем,
Жанын жырға жөргек етiп төсеген.
Бiр өлеңге бар ғаламды сыйғызды ол,
Соңғы өлеңiм емес пе деп осы өлең.
Бiлушi едi ол ажалдың күтпесiн,
Бiлушi едi бәрiн жазып бiтпесiн.
Қолындағы қалам сусып түскенде
Соңғы өлеңнiң қойды соңғы нүктесiн.
Қолында өлең –
Қансыраған жансыз хат,
Жылап тұрды жүрегiмен жар сыздап.
Тiршiлiкте қолға түспей,
Өлгенде
Басына кеп қонып жатты арсыз Бақ.
Тасынғанда – теңiз болып толатын,
Ашынғанда – гүлдей қурап, солатын,
Өлең үшiн өмiр сүрген сол ақын –
Мұқағали Мақатаев болатын!
Жүрсін Ерман
Мұқағали Мақатаев
...Кезіп кеткім келеді кең өлкені,
Кер бестісін біреудің ұрлап алып...
Мұқағали
Ажал-тасқа тірлігін езердегі,
Ақын жанын желауыз сезер ме еді?
Көңіл-көлдің толқыны көтеріліп,
Оның қандай соңынан сөз ермеді?!
Өлең болып жаралған түу басында,
Арман жолын ақиық қумасын ба?
Дүниенің мұңы мен қуанышы,
Мұқағали табысты Музасында.
«Шыңырауына қайғының түсіп кеткен,
Ол кім дейсің, барына ісіп-кепкен?!» –
деген қаңқу қарғадай қара құрым,
Төбесінен жүретін ұшып көптен.
Бойындағы жырына отын беріп,
Өмірін жүрді желдің өтінде өріп, –
Сезілмеді барлығы тірлігінде,
Көзіндегі жалыны секілденіп.
Тауларменен өрлігі өрлес білем,
Қалды өлеңі, ал, өзі бермес бір өң...
Кең өлкесін желіне қарсы қарап,
Кезіп кеткен сияқты кер бастімен.
Мұқағалиға
Тігіп жүрген біреулер көзін көптен,
Таңсық бізге кешпейтін сезім деп пе ең?!
Кезек-кезек жатырмыз кетіп біз де,
Жаққа наурыз айында өзің кеткен.
Іштік талай мас болып сендей біз де,
Желп-желп еткен жел шалды жеңдей күзде.
Кезімізді уланған арақпенен,
Құмға сіңген, мысалы, теңдейді ізге.
Келетұғын қылықпен елден безге,
О, жастық-ай, бас білмес жел ме ең кезбе?!
Жат қылықпен қарсы алды алып қала,
Сендей бізді ауылдан келген кезде.
Қарамастан шатқаяқ сөзімізге,
Жан ұқпайтын сыр тұнып көзімізде,–
Есенин мен өзіңдей боламыз деп,
Барып қаппыз біразға өзімізде.
Игере алмай бойдағы сезім легін,
Сәл ертелеу болмаса көз ілгенің–
Түсінгенім Есенин емесін сен,
Есенин де сен емес сезінгенім.
Арақ деген дерт екен шалдықпалы-ай,
Аман-есен білмейміз қалдық қалай?..
Итін талай шулатып көршілердің,
Көршілердің мазасын алдық талай.
Жыққан жандар сияқты қосын күзде,
Қан жүгірді бүгінде тосын жүзге.
Заман басқа, заң басқа бұл күндері,
Басқа болып кеттік-ау сосын біз де.
Аманхан Әлімұлы
«Мұқағалиға хат»
О, Мұқа,
Бізде бәрі тамаша, сіз жақ қандай?
Жаныңыз жақсы шығар ізгі ақ таңдай.
Тірлігіңде тілеуің орындалмай,
Болып еді жаныңызға мұз қатқандай.
Біздерде көп, сіздерде ұрлық бар ма?!
Біздерде жоқ, сіздерде шындық бар ма?!
Қарғаларға Бүркіттің кейіпін жасап,
Бүркіттерді аяусыз қылдық қарға.
Қалай, Мұқа, сіздерде жақсы ма екен?
Ауасы лас, бұлағы ащы ма екен?
Жаны жақсы жайсаңдар бар ма ол жақта,
Жоқ әлде біздегідей тапшы ма екен?
Сіздерде біздегідей майдан бар ма?
Біздің майдан қоғамды ойрандауда.
Есінен алдау, арбау, жеу шықпайтын,
Езуінен май аққан байлар бар ма?
Айтпақшы, аға, ұмытыппын, сөкпе мені,
Еш пендеге болмайтын өкпелері.
Арыстай екі азамат дәл сіз жаққа
Қорғасын оқ құшақтап кеткен еді.
Біз жақта шындықты сүймегенбіз,
Қос ұлды қорғасынмен түйрегенбіз.
Елім деп еміренген егіз ұлға
Енді ол жақта ешкімге тиме деңіз!
Аман бәрі, Қарасаз, халқың да аман,
Қасқа бұлақ әлі де тартылмаған.
Хан тауың да, орманың да қозғалған жоқ,
Аспанды тамағынан алқымдаған.
Қош, аға, арман адал арым үшін,
Менің де сыртым бүтін, жалын ішім.
Бұл хатым жазылғанмен жолданбайды,
Сәл ғана басылады сағынышым!!!!!
Бағдат Сәрсенбаев
Бүгінгі таң
Бүгінгі тоғызыншы ақпандағы,
Былайша оқылады ақ таң мәні.
Ер-Мқұқаң тірі болса, сексен бесте,
Қырық жыл бұл өмірден аттанғалы!..
Бір емес, өлең жазып құрағыштың,
Алдында асыл жырдың бұла күшсің.
Мойындап ақиқатты, Ақ Құдайды,
Қаптаған атеистен жырақ ұштың!
Сұлу сөз, шымыр ұйқас, тапқырлығың,
Асыл ой, астаң-кестең нақ шындығың,
Жазылды бір Аллаға мінажат боп,
Ашылды Алла үшін бақ-түңлігің!
Алдымен сүйдің жалғыз ұлы Алланы,
Жаныңа егіліпті Құран дәні.
Жазыпсың Хикметтен илһам алып,
Ертеңгі ақыреттің мұңы арбады.
Не дүрлер айналаңда биік шені,
Тоқтатып тоса алмапты тиып сені.
Аллаға қарсы пенде бүгінде жүр,
Жырына сасып кеткен үйіп тері.
Көтерді мәртебеңді Сиынғаның,
Жүрек нұр, туды жаңа миыңда күн.
«Бәрі рас айтқанының ақ Алланың»,
Сынақта болған шығар қиын халің!..
Сондықтан сөзіңде нәр, ойыңда мән,
Сойқандар ұмытылды сойылдаған.
Құдайдың құдретімен қорғалады,
Алланы адалдықпен мойындаған.
Күні сор есірген мен далбасаның,
Кетеді жемтігіне арбаса күң.
Өнерді өзіне арна Алла берген,
Озады пак ниетін арнаса кім!
Шарқұрған мұсылманға бірлік іздеп,
Күтеді Абай жолы бізді міндет.
Алланың сүйген құлын адам сүйер,
Сондықтан бәсеңдемес ізгі құрмет!..
Дәулетбек Байтұрсынұлы
***
Қазақтың жігітінен дос таба алмай...
Мұқағали
Ауырар деп ойлап па ем мұнша жаным,
Егілуді, жылауды мін санадым.
Тағдырдың тартуы ма, сынағы ма?,
Дос еттім айсыз аспан түн самалын.
Жол іздесем, әрқашан қос із көрем,
Адасқан жанмын, сенші, онсызда мен.
Қазақтың қызынан да дос таба алмай,
О, Муза, менде сендей дос іздегем.
Мен де сендей сағындым Қараспанды,
Қарасаздай жәннат деп таласпанды.
Қара өлеңмен дос болдым өзің сынды,
Қаракөзбен бір сөзім жараспады.
Тағдырымды қайтейін дауға балап,
Тақуа жан атандым тауба қалап.
Сенің туған күніңде дұға еттім де,
Жыр оқыдым егіліп тауға қарап.
Айдар Сейдәзім
Мұқағали ақынға
Шалкөде мен Қарасаз туған жерім,
Жамбыл баба мекені тұрған жерім.
Қос ақынның жырынан қуат алған,
Бақытыма таласар кім бар менің?
Жер біткеннің – Жетісу балқаймағы,
Жыр жампозы – Жамбылдың жанған бағы.
Алла елшісі – Мұхаммед, ақиқат сөз,
Мұқағали – өлеңнің пайғамбары.
Тірлігінде сүймеген жағынуды,
Тау тұлғалы болмысың жаныма үлгі.
Асқақ келіп өмірден асқақ өткен,
Сағындың ба, Қарасаз, нар ұлыңды?
Үндес, мұңдас өзіңмен халық үні,
Аспантаудың апайтөс алып ұлы.
Жыр сүйетін жұртыңның жадындасың,
Тыныш ұйықта Кеңсайда, рухың тірі.
Бақыты-жыр, бары-жыр, байлығы-жыр,
Тілегі бір халқымен, тағдыры бір.
Ақындықтың антына адал болған,
Мұқағали – таусылмас мәңгі ғұмыр!
Ақын рухымен сырласу
Аға!
Мен сені көргем жоқ,
Жырыңа қанықпын бірақ.
Өлеңің өлген жоқ,
Халқың бар оқитын сұрап.
Жол түсіп, барғанда елге
Алдымнан Ақбұлақ шығад.
Саржайлау «сағындым» дейді,
Нарынқол жоқтайды, жылап.
Сыбырлап сыр айтты маған,
Сен жайлы жазира далам.
Еңселі Елшенбүйрек пен
Қарасаз, Қарасу аман.
Хантәңір аласармаған.
Тұзкөл мен Таласың аман.
Ақынын аялай білген
Ардақты Алашың аман.
Ұлықтар ұрпағың барда,
Түспейді талқыға бағаң.
Жасымнан жолдасым болды,
Қара өлең, ақ қағаз, қалам.
Ешқашан аяқталмайтын,
Жырыңның жалғасын жазам.
Өлеңнің өріне биік,
Аттандым, бата бер, маған!
Мұқаңның мұрасын ұрпақ,
Ғасырдан ғасырға жалға.
Ақынға мәңгілік ғұмыр,
Нәсіп ет, жаратқан Алла!
Әсем Нұрәділқызы