Міржақып Дулатұлы: "Қаламнан жылап аққан қара бояу"

Бүгін – қазақтың аса көрнекті ағартушысы, қоғам қайраткері, ақын әрі жазушы, жалынды көсемсөз шебері Міржақып Дулатұлының туған күні. Назарларыңызға алаш қайраткерінің бір топ өлеңдерін ұсынамыз.

Шағым

Мен біткен ойпаң жерге аласа ағаш,
Емеспін жемісі көп тамаша ағаш.
Қалғанша жарты жаңқам мен сенікі -
Пайдалан шаруаңа жараса, алаш!
Тамшылап көзден аққан бұл суық жас,
Балқытып қашан ерітер жүректі тас?
Қаламнан жылап аққан қара бояу,
Жазылып қағазға, сен, жұртқа қыл паш.
Жүректен қашан шығар қадалған оқ,
Жандырған жанды нахақ сөнер ме шоқ?
Қажыған қам көңілді бір кетерер
Жанымда жаны ашитын адам да жоқ.
Бар кінәм тамырына балта шаптым, -
Көрген соң шыдай алмай, қиянаттың.
Білген аяр, білімсіз айтар маған:
“Обал жоқ, қылмысыңнан өзің таптың”.
Қаптап тұр күнбатыстың қара бұлты,
Адасып сәуле көрмей қазақ жұрты.
Әсир боп жол іздеген жортуылшы,
Жол бөгеу жол тосқанның болып ғұрпы.
Алушы аңдушыны алмай қоймас,
Жеріне көңіліне алған бармай қоймас.
Әділдік аста қалған еш күні жоқ -
Ерте ме, кеш пе, бір із салмай қоймас.

Сағыну

Айт шыныңды, көңілім, қайда барасың?
Қаңғырудан қандай пайда табасың?
Тоқталатын келген жоқ па мезгілің?
Дамыл таппай күні-түні шабасың.
Ойнақтайсың, от басасың, тұрмайсың,
Бір басымның текке аласың мазасын.
Білмеймісің, табалайды дұшманың,
Алаңғасар алып жүр деп жазасын.
Басыл енді, күлкі болма, көңілім,
Жүрегімнің шанши берме жарасын.
Дейді көңілім сонда маған мұңайып,
Сарыарқаның сағынамын даласын.
Ең болмаса емін-еркін кезейін,
Есіл, Нұра, Еділ, Жайық саласын.
Бой көтеріп, жүріп сайран етейін
Орал, Алтай, Тянь-Шань тауы арасын.
Қандай күйде жатыр екен көрейін,
Ер қазақтың еркін өскен баласын.
Баяғыдай еркіншілік бар ма екен?
Өз көзімен ерке көңілің қарасын.
Әлде билеп кете ме екен басқалар?
Сезіп қайтсын сорлы досың шамасын.
Хан мен бай, би мен батыр бар ма екен,
Сауық-сайран, ас пен тойы жарасым...
Айғай-қиқу найзамды әпер жауынгер,
Барымташыл мал қуатын рәсім.
Ердің құнын екі ауыз сөз бітіріп,
Тез айырған өтірік пен расын...
Дейді-дағы жылады еңіреп көңілім,
“Қимайсың, - деп, - орыс, ноғай қаласың”.
Мен де егілдім, шыдамадым, һәм дедім:
“Ықтиярың, барсаң, жаным, барарсың…”

Қайтер едің?

Үмітпен созған қолыңды тағдыр қақса,
Біліп еткен ісіңнен зор мін тапса,
Оң дегенің теріске һаман бастап,
Арбаң сынып, өгізің өліп жатса.
Жан ашыған сөзіңді дұшман көріп,
Қоңырайып достарың салқын тартса,
Суық жылан араңнан кесіп өтіп,
Сөнбейтұғын өсектің отын жақса.
Жаның сүйіп барғанда сенен безіп,
Жоқтай болса дұшпаны сенен басқа.
Тіршіліктен көңілін неғып қайтпас,
Еңбегің болса егіндей еккен тасқа.
Адаспаса иесін табар бұл сөз,
Мағынасы шақырып дабыл қақса.
Қайтер едің, жігітім, сырыңды айтшы,
Бақытыңа кез болса мұндай һәсте?

Абақтыда айт күні

Күзетшілер оянды ерте ақырып,
Шай алуға тұтқындарды шақырып.
Бейшаралар уқалай көзін жүгірді
Тастаған ғой тізесін әбден батырып.
Шуласып жүр айт құттықтап жиылып,
Құтылсақ деп іштерінен сиынып,
“Он екі айда бір келген шәриф айт күнін
Өткізбек шадлықпен” деп күйініп.
Ac қадірін қайдан білсін қарны тоқ?
Бос адамда тұтқын үшін қайғы жоқ.
Қатын-бала, дос-жарымен мәз болып,
Ойнап-күліп, сұхбатласып құрған топ.
Хафа меи Офа екеуі де алладан,
Мойын ұсынып міскіннің көбі зарлаған.
Шаттанайын десе дағы айт күні,
Беттерінде қан тамшысы қалмаған.
Асырайды шықпастай қылып шыбын жан,
Сөткесінде екі қадақ қара нан.
Көкшіл сорпа, ширек қадақ жасық ет.
Сорлы тұтқын бәйге атындай жараған.