Мөлтілдеген жас тамады гүлден де

Мөлтілдеген жас тамады гүлден де

Талғат Мықи - жастар арасындағы айтыс өнерінде де, жазба поэзияда да өзіне ғана тән ерекшеліктерін байқатып жүрген ақынның бірі. Бүгін жас ақынның әр түрлі тақырыптағы өлеңдерін ұсынып отырмыз. Төрелік сіздерден...

СЕН ЖОҚ ҚАЛА 

                                 ...Тірлікті  мынау,жаным-ау ,мәңгілік  деме,

                                  Бір күні  ұйықтап  кетем  де... оянбай  калам!

                                                                                         Табыл Досымов

Жасымды сүртіп жанарым жуынып қалған,

Сені ұмытайын десем де сағынам бәрбір,

...өйткен көңілім құрысын суынып қалған.

...өйткен өмірім құрысын, адырам қалғыр!

 

Саған арнап жазсам да неше түрлі өлең,

Жан  жанарымды қайтіп мен жоярмын қані...

Сені ойлап ұйықтап кеткенмін кеше түнде мен,

Сені ойлап бүгін көңілсіз ояндым тағы.

 

Сені іздеп  кетем содан соң кезіп қаланы,

Ол неге олай? Салдары қалмапты ойымда.

Белгісіз жаққа бақытым безіп барады,

Өзіммен өзім қаламын Арбат бойында.

 

Жүрегім неге жылайды, жоқтайды асылды?

Күлімдеп кейпім өтірік кей жұртты алдады.

Сұп-сұлу болып көзіме оттай басылды,

Сүйкімсіз қыздар сен болып билбордтардағы.

 

­­- Жаным! ­- деп сенің жаныңда күлетін ол кім?

Менсіз бұл  әлем  керіліп  кең  боп  барама!

Жападан жалғыз мұңайып жүретін болдым,

Біреулер үшін көңілді сен жоқ қалада...

 

Сен жоқ қаладан себепсіз жеріп кетесің,

Жыл құсындай жүргесін оралмай маған.

Жылына бір рет Оралға  келіп-кетесің,

Жылына бір рет келгенде көре алмай қалам.

 

ҚЫЛШЫҚҚҰМ

Атлантида...!

Сұм  дүниеден  әр  түрлі  жәйтті көріп,

Платон  шал  өтірік  айтты  делік...

Есенғали  Раушанов.

 

Тынышымды ала берді тыншып түн,

Түстеріме бір кірдің  де, бір шықтың,

Түндігіңнің шықпай қапты түтіні,

Кіндігімнің қаны сіңген, Қылшыққұм.

 

Айналайын, туған  ауыл, Қылшыққұм!

Мен қайғыға, ал, сен құмға тұншықтың.

Қабағымнан қара бұлтты көрдім де,

Жанарымнан жалғыз тамшы ыршыттым.

 

Қу дүние қу жанымды енді  алсын,

Барымды  алды, басқа  менің нем қалсын?

Су астында бар ма, жоқ па сол қала...?

Құм астында, Қылшыққұмым, сен барсың.

 

Көңілімнен көктем қашып, күз кеп жүр,

Тарығудан тіздім қанша тізбек жыр.

Уақыт сені жер астында қалдырды...

Бақыт мені жер үстінде іздеп жүр...

 

Кесек-кесек кеселеп у  ішетін,

Тар маңдайы тағдырынан ісетін

Бүтін Жайық бір ақынды біледі,

Жер астына "бақытсыз" боп  тусетін.

 

Ал сол ақын мен едім ғой, есі аман

Есеңгіреп жүрген жанмын - есалаң.

...құм астында бір ауыл бар  деп айтсам,

Енді маған сенер ме екен Есағам?!

 

 

ӨСЕК - ӨМІР  ГҮЛІ...

Сені күтіп жалыққан,

Ессіз мен-ақ болайыншы, есті кім?

..."өсек - өмір гүлі" дейтін халықтан,

Сен келді деп естідім.

 

Табақ-табақ тамшы жас боп төгілдім,

Сен кінәлі емессің ғой соған да.

Көрінші деп тілеп едім... көріндің,

Көрінбеуің керек еді одан да.

 

Алматыдан оралыпсың. Сенбес ем...

Көз алдымда тұрғаныңды байқағам.

Келмегенің дұрыс еді, келмесең

Кетіп бара жатпас едің қайтадан.

 

Бірде суып, мұзданып,

Бірде қатты сезіміме күйінгем.

...кондуктордан жүз теңгемді қызғанып,

Шығарып сап жатпас едім үйімнен.

 

Жан жарамды біреу келіп емдер ме?!

Жүрегіме салып кеттің қайта дау.

Сені қайтып келмейді  деп енді елге,

Жұртта өтірік айтады-ау...

 

***

- Ана, саған шағып тұрмын мұңымды,

Ешкім мені түсінгісі келмейді.

Құшағыңа қабылдап алып ұлыңды,

Қабылдамай қойса, қойсын жер мейлі.

 

 Иә, онсыз да мына әлемнің боқтығын,

 Санасына жеткізбейді жүйрік ой.

 Көре тұра әділдіктің жоқтығын,

 «Жұмақ» деген жер бетінде дейді ғой.

 

Неге сонша жүдеп кеткен реңің,

Көз ілмеген тағдырыңыз қанша атты?

Біреулердің босағасы, білемін,

Қамсыз тірлік, Ана, сені шаршатты.

 

Арманымды айдалаға тастама,

Қиындықты қиялым боп оз ақ таң.

Бұл «жұмақта» бұйырмаған баспана,

Бұйырад деп ойламаймын тозақта.

 

Мен жұмақтан туылғанмын бақ дарып,

Оған куә аспандағы бір Құдай.

Жұмақ деген жатырыңда жатқанын,

Әлі ешкім де білмейді екен, сұмдық-ай...

 

Бізге дейін кім көрмеген таршылық,

Бізге дейін кім келмеген, кім кетіп?

Мен өмірдің жүйесіне қарсымын,

Көрінгенге қоятұғын күлкі етіп.

 

Мөлтілдеген жас тамады гүлден де,

Ана, сенің көзіңнен жас тамғыш-ай.

Жатырыңнан шықпас едім білгенде...

Қараңқалғыр дүниенің қарғысы-ай...!

 

***

Сорғалаған жасын көріп жүректің,

Біреу мені сормаңдайға теліп жүр.

Еркің біліп, кеттің тастап басқаға,

Желпіндіріп жалғыз қалдым желік жыр.

Көз алдымнан кет деп едің көрінбей,

Көз алдымда елестерің неғып жүр?

Жұмасына болмаса да, жыл сайын,

Көңіліңнің садақасын беріп жүр.

О дүниенің отын жағып ертерек,

Көп кешікпей кетеріме сеніп жүр.

Ақ періште аймалаған денеңді,

Аруақ боп аймалағым келіп жүр!!!

 

«Шын ғашықтар қосылмайды шынымен,

Түк қиналмай төзіп көрем сынаққа»

- деп өзімді жұбатқандай боламын,

Маған ғашық емессің ғой бірақ та.

Мейлі, мейлі мен туралы ойланба,

Мейлі, мені өкінбеймін, ұнатпа!

Жарымдығын түсінбеймін жанымның,

Саған бола мені қатты жылатқан.

Жиырмамда жел айдаса кім білген,

Жыл құсындай кетем ұшып жыраққа.

(Сезіміңе болмаса да сеземін,

Қара жерге қаларымды тұрақтап)

Көзім тірі жүрген кезде өзімнен,

Қабірімнің қайда екенін сұрап қал!!!

 

Түсіндіріп болдым саған барлығын,

Өзің-ақ біл түсінбесең, түсінбе.

Таңдарымды сені ойлаймен атырған,

Арманымды тұншықтыру үшін бе?

«Қарға» жүрек сені қалай келіппін,

Айдындағы аққуымдай мүсіндеп.

Онсыз да сен жерлеп болдың тірідей,

Намысымды жер астына түсірме.

Сен батарсың бұл тірлікте бақытқа,

Мен жатармын бір төмпешік пішінде.

Өз қолыңмен қазып берген қабірім –

Жылуы жоқ жүрегіңнің ішінде.

 

Көп жасаған ғұмырым да жоқ екен,

Махаббаттың уын бірақ көп ішкем.

Етегіне сүйретіліп ажалдың,

Жетегіңде кетеріме келіскем.

Қайткенменен мен сүйетін жансың ғой,

Бір болам деп бір кезде сөз беріскен.

Түсімде енді сену көру мүмкіндік,

Жоқтығына күйзелемін тек іштен.

Пері қыздан құтылшы деп тезірек,

Құлағыма сыбырлап жүр Періштем.

 

Құбылаға басты керіп бір күні,

Көп ұзамай, көп ұзамай өлем мен.

Өкініштен жаның сорлап, әттең-ай,

Көз жасыңның төгілгенін көрер ме ем...

Ешкімге де керексіз деп ойлама,

Кейбір қыздар өнеріме өлермен.

Жүрегінде сырттай ғашық қыздардың,

Өлеңіммен өмір сүре берем Мен.

 

Мынау жалған махаббатқа мардымсыз,

Сені қатты сүйгеніме сенер тек.

Мен өлгенде мәйітіме бір уыс,

Топырақ сап жарылқама мені, еркем.

Жаназамды шығаруға жалғыз-ақ,

Жан-жарамды түсінгендер келер тек.

Жоқтау айтып жылауға да әй, бірақ,

Көз жасыңды қимайсың-ау Сен, ертең!..

 

Дайындаған: Қайсар Қауымбек

Сурет: жеке мұрағаттан

Қ. Қауымбек