- Негізгі бет
- Поэзия
- Мөлдір Дарханбаева: "Көңіл...
Мөлдір Дарханбаева: "Көңіл – күңгірт, көзіңде анау күз-жаңбыр"
Қаламынан мөлдір де тұнық жыр туған жас ақын Мөлдір Дарханбаеваның шығармашылығын ұсынамыз. Жүректен шыққан өлеңге баға беретін – сіз, патша көңілді оқырман!
Бұйырмаған балмұздақ
Қалай естен бұл күнді шығарамыз,
Бақыт деген осы да сірә, нағыз.
Болды мынау тосын сый түскен көктен
Суыды деп жүргенде шын арамыз.
Ғашықтардың таңдапсың «жалғыз» бағын,
(Елемей тұр қарайған тал, біз барын).
Әзіл-шын ғып алдында айта салған
Маған деген қолыңда балмұздағың.
Түні де бұл, КазГУ-дың бағы да әсем,
Қараңғылық дәл мұнда табы бәсең.
Айлы түнде есімнен шын адасам
Жайғасқанда, жалғызым жаныма сен.
Дәл қасыңда өлген ой тірілді анық,
Тіл ұшымда тұр сезім тығындалып.
Балмұздағым байқалмай түсіп қалды-ау
Ойда-жоқта кеткенде діріл қағып.
Ашылуға ынтамен жүгінсек те-ей
Ғашықтықтың бердік-ау жырын шеттей
Бір-ақ сағат! Кездесу аяқталды
Әңгіменің мен күткен жібін сөкпей...
Мөлдір Дарханбаева
***
Мұз -кеудем
Санам-өрт, күз-көңіл,
Үмітте жүз көктеу, мың өлім.
Қайтейін қоспайды бізді өмір,
Мұны анық білемін.
Араны бөліп тұр үш адым,
Үш адым үш күндік сапардай.
Басқаның таңдадың құшағын
Өзімнен от алмай.
Ойран-ой,
Өңім-күл, түс-іргем,
Қиял-ақ біздерге ортақ үй.
Мұң-нота мезгілсіз түсірген
Жылысты жаныма жорта күй.
Сақалын салалап сабырдың,
Күш кеміп, жан азып, ес ада.
Сағындым... Сағындым... Сағындым...
Не шара?
***
Сен тағы да
Есіме түстің бүгін,
Ұмыттырып өмірдің күс тірлігін.
Бәрінен де жалтарып,
Сен сыйлаған
Сал сезімнің тәп-тәтті құштым мұңын...
...Тағы ашты «түс» түндігін...
Мүсіркеген таныс түн,
Ай –әдемі.
Таңып берген жүректің «таяды» емі
Қайта дертке шалдықтым,
Әй қара түн!
Ұрысшы маған!!!
Содан соң ая мені...
Қажытты ғой жанымды ой әлегі...
Ызғарлы түн,
Мейлі ессін мұңлы лебін,
Содан соң сен,
жанымды тілгіле мың,
Асау арман бағынсын, бағынбасын
Айнымайды өзіңнен бұл жүрегім.
Осы ғой бір білерім!!!
Сүйеді екем...
Өлеңіме өзіңді тиек етем
Басқа жаннан осылай күйе ме екем?
Ордасына ойымның басып кірген
Мен өзіңді мәңгілік сүйеді екем...
Сүйеді екем сұрамай ешкімнен де,
Сүйген жанға жарытып ес кірген бе?
Елең етіп тұрамын анадайдан
Есімің естілгенде...
Сүйеді екем себепсіз сырын таппай,
Сезім мынау не деген шырын, тәтті-ай?!
Қашан енді көктем боп ораларсың
Жүректі шырылдатпай...
Сүйеді екем жасырып, ақтарылып,
Қабырғасын сананың таптап, үгіп.
Сүйеді екем өзіңді шексіз, шетсіз
Сезімді баптап, ұғып...
***
Күндегі саз... қайталап түн-сыбызғы,
Мұң жамылған сығалап тыңшы бізді.
Қалың оймен бүк түсіп жатырмыз-ау
Қиял бойға сіңердей тылсым ізгі...
Сенің ой мен мендік ой көп кеңесіп,
Дәру іздер сан сағат дертке нешік.
Кірпіктер де қауышпай қатаяды
Бірі-бірімен қалғандай өкпелесіп.
Армандар-ай ініне «аш тығылған»,
Күйім құрсын пері-түн қастығы ұрған.
Көз моншағын көлдейін тұрған сүртіп
Болмадың-ау артық та жастығымнан...
Түн-таспада ескі күй, көмескі мұң,
Менің жаным сол күймен егесті мың.
Айдың солғын өңінде жазылып тұр
Жүрекке ерке мәңгі күш еместігің...
Күндегі саз... қайталап түн-сыбызғы,
Алып болды сәні ұшқан тыншымызды.
Жазмыштың бұл дұрыстап иірмеген
Арамызды байқаусыз ұршығы үзді.
***
Телефоным тым үнсіз құлақ түрем,
Санамда жүр шапқылап сұрақ кілең.
Титтей затқа соншама телміртердей
Шын әккі ме ең?
Халіңді айтшы кімдерден сұрап білем?!
Жараспады үн-түнсіз жоғалғаның,
Алдан тосар деуші едім зор арманың.
Білем, білем айырып тоғыстырар
Жол алда мың
Бір күні іздеп маған да қонар бағым.
Телефоным әдейі міз бақпады,
Қайран жүрек барады мұздап тағы.
Көбейеді күтумен көңілде ессіз
Жүз даққа әлі
Сонда да арым сен салған ізді ақтады.
Жалғандықты сезім-ай кеш ұқтырған,
Байғұс басым мұң отын кешіп тынған.
... Жо-жоқ тоқта, телефон қуат бітіп
Өшіп тұрған.
Тарс-тарс...
Жалт қарадым, сенбісің есікті ұрған?!
***
Сұрғылт бөлме. Шұбар сағат сыртылы,
Сыңар ойдың жел өткізер жыртығы.
Бір-бірімен кеңесет те, жебесет
Жүрек-үні, сыр-тілі...
Күннің қайтқан сәулесінен кіл сарғылт,
Сан елеспен, жан егескен мұң шалды үт.
Құрғыр қиял түсірер ме құл күйге
Мұнша албырт?..
Осы кештің дидары-үсік, өңі-дау,
Түнге ұласқан түсіреді жолына-ау.
Шылдырррррр
Уф, жүрегім, селк еттім
Есті айырды есіктегі қоңырау!
Сен екенсің, қола құйған бұ мүсін,
Қырық жылдық қайғы ерткен жүрісің.
Сұр үйіме шырақ ұстап кірмесең
Келген ісің құрысын...
Көңіл-күңгірт, көзіңде анау күз-жаңбыр,
(Жоқ болып тұр, Секірер-ор, құз-қарғыр)
Түсіндір деп қоштасудың қылығын
Сұрамаққа келдің білем қыздан бұл...
Үнсіздікке байланады тіл бекем
Жанарымда жүздей жауап жүр, көкем
Сілкілеме сырты қалған сорлыны
Құр бекер...
Алдыңда біл, күш-көктеген, әл-құрай
ақталмаған ар тұр-ай!
...Шығып кеттің, бейнеңді ертіп күнәсіз
Кешір!
Есік-тағдыр ашық қалды жартылай...
Р. Роза