Жабығып жүрсіз бе? Жалғызсыз ба? Енді не істеу керек? Өлең оқыңыз. Мейрамбектің әр өлеңі сіздегі сезім мен көңіл-күй ауанымен үндес келеді. Мейрамбектің әр өлеңі сізді өмір сүруге шақырады. Сізді сүюге баулиды. Ендеше, назарларыңызда.
Сұлтанов Мейрамбек Ғарифоллаұлы – 1988 жылы 7 қазанда Батыс Қазақстан облысы, Жәнібек ауданында дүниеге келген. Алғаш жыр жазуды 7 сыныпта бастаған. М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан Мемлекеттік университетінің түлегі.
Сезім үзіктері
Сағыныш кернеп көңілді өзіңді аңсап,
Мен сені шын сүйем, дәл ұқтым бүгін...
Атынды айтайын десем әлемге жар сап,
Тұншықты даусым, амалсыз қарлықты үнім...
Білемін, ұқтың жанымның азалы жырын,
Беймәлім әлем қол бұлғап тұрған алдымда.
Зарыққан Сен деп жеткізші жүректің үнін,
Бірбеткей қатал, меңіреу керең тағдырға.
Шағала сезім қона алмай шарқ ұрад неге?
Сен деп салатын жыр әнім ұлассын әрі...
Көңілің шалқып, сезімің толқымад деме,
Мен әзірге Жайықпын мұз астындағы...
Жанымды жаншымашы, түңілмеші,
Қарлығып шықпап еді үнім бұлай...
Өтінем күлімдеші...
Нәзігім бұрынғыдай...
Тәтті мұң арнама толтырмай,
Көңілім алқынып бұғады,
Сен десем жүрегім толқындай,
Кеудемді ұрады...
Сен менің санамда...
Тілімде...
Жанымның бөлшегі боп алдың бұ күнде...
Үмітке айналып бұлғайсың қол алдан,
Дейсің бе жанымнан түңілме?
Жүрегің мендік пе?
Жарығым?
Беймәлім бақытқа тіредің,
Бақытты жырлауға
Жете ме бар үнің?
Тіреуім?
Жанарың іздеуден талмасын,
Қос ішек секілді үндесім,
Өзекке ерітіп құймашы қорғасын,
Жаныммен біргесің..
Мен сені сүйемін,
Қарағым, сен маған,
Айтқызбай ұққайсың сөзімсіз...
Тарылды тынысым..
Неткен тар кең ғалам,
ӨЗIҢСIЗ...
Тәтті шақ өтіпті...
Масқара!
Оралмас бал кездер...
Түнеееу күн...
Сен менің жанымды жасқама
Онсыз да жүдеумін.
Жаным-ау, асылым бағалы,
Тағдырдың тым қатал талабы,
Жанымды торлайды мұнар бұлт,
Сен десем жүректен тамады...
Тәуелсіздік - тұғырым
Өткенім...
Көп көрдім тағдырдың өктемін.
Семсердің жүзінде,
Найзаның ұшында дұшпанмен алысып,
Ерліктің дәні еді еккенім...
Жанымды тас түйіп,
Ата жау тап келсе
Жебедей атылып,
Арымды таптатып - таптатып өтпедім.
Елдікті ұран қып,
Көш болып шұбырып
"Елім-ай" зары боп төккенім.
Бозторғай жанымды
Жетпіс жыл қаусырып
Қызыл ту қып-қызыл қан қылып,
Кешігіп еркіндік көктемім.
Өлмедім, көктедім.
Бүгінім...
Шартарап әлемге шарықтап тұр үнім.
Еркінмін,
Тәуелсіз азатпын,
Лақтырып бодандық құрығын.
Сәйгүлік уақытпен жарысқан
Бейбіт күн -
Бақ тарап тұлымын.
Достыққа қағылған қазықпын
Бастауы -
Татулық жырының.
Көк туым желбіреп,
Қияға самғаған қыранмын
Биікке сайлаған тұғырын.
Елтеді...
Сенімнің жетелеп желкені
Шешіліп күрмеуі тілімнің
Домбырам,
Сырлы күй шертеді.
Асқақтап айбары,
Айналып барысқа,
Жоғалып қоғамның келтеңі.
Сәулелі нұр құйған Ертеңі
...Ғажайып ертегі...
Үздік сыр
Табылмай жанымның жақұты, керегі,
Шарт сынды болаттай сезімнің сенері.
Көз жұмып қараймын,
Баураған дүние-
Кеудем бос,
Сенім пәс,
Жүрек жат себебі...
Сен десем арманды қақ жарған ақ кеме,
Сағыныш сағым боп,
Соңынан ереді...
Сен десем аққудай мәрмәрлі пәк мүсін,
Көзіме ақ көйлек орала береді.
Келемін ілбумен,
Алданыш алдағы.
Екеуміз бір өзен –
Бөлінген тармағы
Тыныштық.
Түсіністік.
Сезімде тым ыстық.
Іліпті ертерек қос тағдыр тармағы.
Білемін,
Сен маған армансың,
Тербейтін қиялды тәтті үміт таңдағы.
Еее, бірақ өлшеусіз бақыт қой,
Арманның арман боп қалғаны...
Түнгі толғаныс
Тағдырымның ұсынатын бағы у ма?
Түсінбедім сөну ме, әлде жану ма?
Жартысына келіп тұрып қырықтың,
Ғашық болдым он бестегі аруға.
Алғаш сәтте қалғаным рас абдырап,
Кете алмадым алысқа ұзап, қалды ұнап.
"Махаббат жас талғамайды" дегенге,
Қараушы едім ат үсті кеп, сандырақ...
Ақша жүзін ай көркіне теңер ем,
Оттай ыстық құшағына енер ем.
Әттең, әттең келіппін ғой ертерек,
Сәл кешігіп туылмадым неге мен?!
От күндерді шоқ түндерім шайқаған,
Хас сұлуды көріп қалай жай табам?
Он бес жылын сыйласам да өмірдің,
Он бес жасым оралмайды қайтадан.
Жалын сезім махаббаттың қорғаны,
Жалын сөнсе, махаббат та солғаны.
Жүрегімді биле, қалқам, еркіңше,
Тек басымды басынбасаң болғаны.
Осыдан соң ойға тәтті қайғы алдым,
О, махаббат, құдіретіңе қайранмын.
Менің сәби жүрегімді оралтқан,
Сенің аппақ сезіміңнен айналдым.
cуреттер:kairat.ucoz.com; zdorowie22.ru; knopka.mypage.ru;
morrano.blogspot.com, music.nur.kz
Дайындаған: Фараби Арыстанбек