Мерген Тоқсанбай - «Ассалаумағалейкүм», «Ностальгия» атты кітаптардың авторы. Көптеген жыр байқауларының жеңімпазы атанып жүрген ақынның өлеңдері махаббатты жырлайды. Оның өлеңдері айлы кеште оңаша шертілген сырдың дәл өзі десек артық емес: автор нағыз лирик. Онда тек қыз бен жігіттің махаббаты емес, Мергеннің қарашығында бейнеленгеннің бәрі де махаббат болып көрінеді. Асылық айтпайық, оқырман өзі талдап, өзі қабыл алар. Біздікі ұсыну...
Тек сенің жанарың оқысын
Тек сенің жанарың оқысын,
Ешкімге көрсетпе сен енді.
Көзіңнің ойнақы оты үшін,
Өмірге келген өлеңді.
О, сендік мойылдай қарашық,
Нұрынан өлеңім гүлдесін.
Өлеңге бір күліп қарашы,
Мұңайып қалып ол жүрмесін!
Бүгінгі жүрекпен жазғанға,
Иә, ертең жанарың ие ғой.
Өлеңге сәбидей мәз бол да,
Көзіңмен сүйе ғой, сүйе ғой!
Ешкімге оқыма дауыстап,
Жұрт жаттап алмасын жиылып.
Кеткенде арамыз алыстап,
Оңаша оқырсың, жымиып.
Сен оны жасыршы.
Салсаң да
Түпсіз көзіңнің түбіне.
Е, мейлі жаттап алсаң да,
Бір оқып шыға сал күніне!
Сүйсініп, сүйініп оқышы,
Көзіңнің нұрына бөлендір.
Көзіңнің ойнақы оты үшін,
Өмірге келген өлең бұл.
Құрбың да оқымай,
Оқымай жігітің,
Кішкентай құпия боп қалсын.
О, сосын ғашық боп... күні-түн,
О, бәлкім сен мені жоқтарсың?
Осылай мен аздап мұңайдым,
Жүрекке шоқ түсіп жаңа бір.
Мен сенсіз өмірге шыдаймын,
Өлеңге көз қырын сала жүр.
Ішіне бір тамшы түн құйып,
Шабытпен жаратқан Алла шын.
Мөп-мөлдір, тұп-тұнық, тұңғиық,
Көзіңді
Өлеңім сағынып қалмасын!
Бір қызға хат
Сол сұлу қыз мені алдады,
Мен аңғал ем... сенгіш ем...
Сосын мен де кек алғалы
Сені алдадым! Енді ше?
Ақымақтық қой. Түсінемін.
Кешіре салшы. Нең кетеді???
Мен кірмеймін түсіне оның,
Түсіме енбеші сен де тек!
Сен де сөйтіп алдадың ғой,
Біреулерді... өзіңді...
Қайта табу арманың ғой,
Алдай алмас кезіңді.
Өтірікті үйренбеуші ем,
Сол қыз мені бүлдірген.
Ол да мені сүйген деуші ем,
Сүймепті ғой... Кім білген?!
Алдады ол қыз, алдаса да,
Сен емес, сол ұнайды.
Аңсап, іздеп анда-санда,
Жүрек үнсіз жылайды.
Білесің бе? Қызға бола
Досты алдаған түндер бар...
Елді алдаған біз ғана ма?
Күнәдан пәк кімдер, ал?
Әлі алдаймын. Аруларға,
Өтірігім ұнайды.
Содан жанға дәру бар ма?
Алдай алмаймыз Құдайды...
Туған күніңде
Сен бүгін тойлайсың туған күніңді...
Қасыңда құрбың бар – бұрынғы, жігітің – бүгінгі.
Иә, олар бақыт пен шаттықты тілеумен
Байқамай оятып алады мұңыңды.
Оларға өп-өтірік күлесің, жанарың жүдеулі,
Есіктен күтесің біреуді.
Жаңағы мұң келіп қонады қабаққа,
Түн сайын үйренген осылай түнеуді.
Досың көп...
Кім арам? Кім адал? Тауып ал!
Осында бәрі де: ішкені, сауы бар;
Есіріп билейді содан соң барлығы,
Ал, сенің жүрегің ауырар.
Сәлден соң
Жігітің вальске шақырар құлшынып.
Орныңнан тұрасың Мұңыңа қырсығып!
Мен, біреуді сағынып жазған сол әнге,
Билейсің, билейсің күрсініп...
Бір кіріп, шығады бір есің...
Күтесің...
Келмеймін...
Білесің...
Шалқыған шаттықтың ішінде,
Мөп-мөлдір мұң болып жүресің.
Естімей ендігі айтылар тостарды,
Көзіңе - жас тұнып, бокалың - бос қалды.
Солқылдап, солқылдап жыларсың, жыларсың
Шығарып салған соң достарды...
Шаршайсың. Доғарып өп-өтірік күлуді,
Аңсайсың жылуды.
...Бір түнің бір жылға есейтті.
Ешкімді күтпейсің... есігің ішінен ілулі.
* * *
Өңімде – жалғызбын...
Өлеңде – сағыныш, сезім мен үміт бар;
Түсімде – Сен барсың...
жібітер жан мұзын
Сендік пәк, періште қылықтар.
Өзіңнен адасқан уақытым – өңім бұл.
Өксігін баса алмай өкінген – өлеңім.
Аққудың баласы сияқты көгілдір
Тәп-тәттім, Мен Сені түсімде көремін!
Түсімде:
Шаштарың иықтан төгілген...
От демің бойымды балқытты-ау!
Түсінші!
Өзіңді сағынған өлең мен
Өзіңсіз өтетін өмірден
Өзіңмен табысқан түстерім артықтау!
Өлеңде:
Тағы да сен жайлы ойларға таңылам.
Көркемім, сен жоқ та күрең күз – әлемім.
Мен сені осылай, осылай сағынам!
Әдемім!
Түсімде:
Сен – Аққу, Мен – Айдын шығармын.
Қонасың..! Толқыным аймалар төсіңді...
Астында ақ көрпе – тұманның
Тауып ап бағымды,
Жоғалтып аламын есімді...
Оянсам –
Сені іздеп сыңарсыз жүрермін...
Санамды сығымдап мың түрлі ой.
Өңімде кездесіп,
Шырынын татырсын гүл ернің,
Әйтпесе, оянбай қалуым мүмкін ғой...
* * *
Ұп-ұзақ түн өтті-ау, қамығып.
Қып-қысқа сарғайған таң – үміт.
Шоп-шолақ түсімнің иесі
өзіңді,
Оп-оңай ұмытпай, сағынып,
Там-тұмдап сабырдан арылып,
Ап-ауыр бір ойға малынып.
Шап-шағын бөлмеме сия алмай,
Үп-үлкен әлемнен сені іздеп,
сабылып...
Жап-жарық жалғанды түрлентіп,
Жап-жасыл Бағымды бүрлетіп.
Көкпеңбек көктемгі жусанның,
Жеп-жеңіл жұпарын үрлетіп.
Тап-таза көңілмен – ұдайы жас,
Біп-биік еңсем бар – мұңаймас!
Ес-түссіз жүрегім
сезімге
шіп-шикі мас бүгін, удай мас.
Тұп-тұлдыр төзімсіз қалып Мен,
Дәп-дәл сол елгезек қалыппен.
Тұп-тура жаныңа жетсем ғой,
Жып-жылдам! Жарысып жарықпен!
Қым-қиғаш жолдардан бүкіл көп,
Аман-сау жеткенге шүкір деп.
Жұп-жұқа көйлектің астында,
Нәп-нәзік Жүрегің лүпілдеп.
Тұп-тұнық жүзіңнен Ай көріп,
Жап-жарқын күлкіңде қайғы өліп.
Сұп-суық Тағдырым тоңдырса,
Ып-ыстық құшағың жай келіп.
Қап-қалың шашыңды тарқатып,
Қып-қызыл ерініңнен бал татып.
Қап-қара түн өтіп қойныңда,
Аппақ боп қасыңда таң да атып.
Тәп-тәтті қылығың ұнап қап,
Мөп-мөлдір көзіңе құлап қап.
Жап-жақын жүргенде қуансам,
Ап-алыс кеткенде жылап қап.
Кітапханада
Көкшетау. Кітапхана. Сәуір. Түс.
Жалғызбын. Ағасыз, бауырсыз.
Қаңғырып келіп ем жоспарсыз,
Қаңғырып кетермін... достарсыз.
Беймаза тірліктен қашып кеп,
Тыныштық, мен саған ғашық боп.
Отырмын тығылып осында,
Осында: ағам да, досым да...
Шаң басқан анау бір сөреден,
Күледі көп қызға арналған көп өлең.
Жүректе сезімім құлпырып,
Көзімде мөп-мөлдір жыр тұнып.
Оқимын, оқимын қызығып,
Ынтығып, үздігіп, үзіліп...
Мағжанның ұнатып Гүлсімін,
Жүректің үдеттім дүрсілін.
Басымнан өткеріп Қасымның қайғысын,
Аңсадым Жұматай Ләйлісін.
Сүйсем деп, сүйісіп көрмеген сұлуды,
Берсем деп Кеңшілік бермеген жылуды.
Жұмекен балмұздақ әперген,
Сол қызды... бақытты етер ме ем?!
Ақ раушан ішінен көрінген,
Аруды – қастары керілген.
Сүйсе деп сиқырлы сөздермен өлеңім,
Мұқаңдай жырласам деп едім!
Бар ойым бұзылды ойран боп,
Бойжеткен бір кітап алған боп,
Біресе қойған боп...
Алдымнан бері өтті, әрі өтті,
Маздатып мендегі әр шоқты, әр отты.
Жанары жәудіреп, кірпігі дірілдеп,
Жүрегім елжіреп, көздерім күлімдеп.
Қолыңнан ұстасам бүгін деп,
Қойныңда өтсін бір түнім деп,
Ар жағын несіне айтамын?
Сайрады, сөйледі сайтаным...
Өйтпеске бар ма еді амалым?
Көркіне байланды жанарым.
Бұрымды.
Бұрымы – бөксеге жетеді.
Бөксесі – бұлтың да бұлтың етеді.
Киімі кіндіктен жоғары екі елі,
Және де тізеге жетпейді етегі.
Кеудеде қос алма тырсиып,
Киімге ол да әрең тұр сыйып...
Сол күні таныстым кітаптар ішінде,
(Сол күнгі күнәмді есіме түсірме!)-
«Жаным-ау, тездетші, күттірме!»,
дедім де әкеттім түкпірге...
Еркіне қоймады мендегі қызбалық,
Ақындар қалды үнсіз, қызғанып.
Жанымды әу, баста шуаққа бөлеген,
Мұңайып қарады көп сұлу, шаң басқан сөреден...
* * *
Саған баратын жол жоқ қой енді, жол жоқ қой,
Қайтейін, жаным, ерніңе сенің шөлдетті ой.
Бұл өмір деген ойын емес қой, ботам-ай,
Бәрін басынан бастай салатын оп-оңай!
Бәрін басынан бастай алмаймыз, не етеміз?
Қай жерден кетті, білмеймін, біздің қатеміз?
Өкініп қалдым, опынып қалдым мен неге?
Жалғыз ұлыңмен отырып қалдың сен неге?
Жылайсың жалғыз суық төсекке құлап кеп,
Жалғыз ұлыңа «тек жалғыз қызды ұнат»,-деп,
ақыл айтарсың, «жылатпасын деп басқаны,
бір қызды сүйіп ұнатпасын деп басқаны...»
әкесі оның ұнатып еді тастады,
әкесі оның жылатып сені тастады...
жаның ашымай шыдарсың қалай мұндайға?
Бағың ашылмай... е, бұдан ауыр мұң қайда?!
Ерке қыз едің көтермеді ме назыңды,
Сағынып жүрсің көктемдеріңді, жазыңды.
Мұңайып жүрсің өткеніңді өмір қайтармай,
Қиналып жүрмін жұбатар түк те айта алмай...
Қыз монологы
(Маған ғашық қыздың атынан)
Ағажан!
Мен сіздің өлеңіңізге емес,
Өміріңізге енгім келеді.
Атар таңды бірге көрерімізге,
Сенгім келеді, ағажан!
Сүйемін деуге дәтім жетпейді,
Сол үшін,
Жанарымды оқып, жүрегімді тыңдаңызшы!
Өтінем, аясаңыз егер мені шын,
Түк сезбейтіндей боп тұрмаңызшы!
Сөзіңіз, көзіңіз, өзіңіз салқынсыз.
Мені жауратып,
Жылата бересіз Сіз неге?
Білесіз бе,
Сізге ұқсағасын,
Ғашық боп алдым күзге де.
Ағажан,
Мен сізді сағынып жүрмін...
Күтумен жүрмін, пайдасыз.
Мен жалғыз мұңға малынып жүрмін,
Сіз кіммен жүрсіз??? Қайдасыз?!
Сізге хат жазып жіберсем бе екен?
(Оқымайсыз ғой бәрібір!)
Туф, сөз таппай осы мүдірсем бе екен?!
Кездесейікші тағы бір...
Ағажан,
Өткендегідей, көктемдегідей,
Мейлі, үндемей тұрсақ та.
Төбем бір көкке жеткендегідей
Қуанайын!
Түсіңізге кіріп, рұқсат па?!
Дайындаған: Ардақ Құлтай
Сурет: Мерген Тоқсанбайдың жеке мұрағатынан