"Менің Түнім жоқ енді, ұрлап кеткен…"

"Менің Түнім жоқ енді, ұрлап кеткен…"

Ләззат Мақаш - 1995 жылы Батыс Қазақстан облысы, Жәнібек ауданында дүниеге келген. Қазіргі таңда аудандағы жалпы білім беретін Тайыр Жароков атындағы орта мектепте білім алуда. Назарларыңызға әдебиет әлеміне аяқ басқан жас жеткіншектің жүрек жарды жырларын ұсынамыз.

Сізді, Күзді аңсау…

Жарақатын жүректің кім емдеуде?
Жанымды бір жылатпай қоймайтын күз.
Сіз екеуміз әу бастан рөлдерде,
Өзгелерге сыңар боп ойнайтынбыз.
Шыдағанмен сезімнің бар қысына,
Болушы едім бақытты жарты күндей.
Содан кейін күнімнің жартысына,
Жүретінсіз тәтті мұң тартып ылғи.
Қоңыр күз жоқ боп жатқан бізге алаң,
Біз жайында ойлауды қойғаны шын.
Амалсыздан сіз жаққа күнде барам,
Сол сүйкімсіз рөлді ойнау үшін.
Жара сыздап жылайды бүгін кеудем,
Қашан мені қарсы алар күлімдеп күз.
Әртістердің сапына ілінгенмен,
Сүйген жандар сапына ілінбеппіз…

Түн ұрланған Түн…

Менің Түнім… өзгеше сыр ұқтырып,
Жібергендей қайғымды ұмыттырып,.
Жылап тұрып үйренгем жыламауды,
Күлмеуді де үйренгем күліп тұрып.
Жүрекке мың орам мұң бүктеулі ме?
Арқама сан қасірет жүктеулі ме?
Сағынбауды үйренгем «сағындым» деп,
Күтіп жүріп үйренгем күтпеуді де.
Арбасында сезімнің сүйреулі ме?
Мендік қайғы, мендік бақ күйреулі де.
Күйе тұрып үйренгем қызғанбауды,
Сүйе тұрып үйренгем сүймеуді де.
Құдайым-ау, айтамын Түнге немді?
Үйренгенмін өзгені күндемеуді.
Өз мұңымды өзім-ақ тұншықтырып,
Үйреніп те алғанмын үндемеуді.
Жұлдыз қимай ағады зырлап көктен,
Мен бәрін де жоғалттым… жұмбақ неткен!
Тыңдамады тағы да Түнім мені,
Менің Түнім жоқ енді, ұрлап кеткен…

Күндегі Күй…

Қайғы арылтпай отырам өз басымнан,
Кеште жанған қаланың отын ұрлап.
Өшімді алам түн болса көз жасымнан,
Бәз – баяғы қалпымда отырып ап.
Белгілі ғой, бұған да шыдайтыным,
Көрсетпей жүр, қайтейін, бақыт үлгі.
Сенесің бе, бұл күні жылайтұғын,
Анықтап та қойғанмын уақытымды.
Сенің тұнық көзіңді тұнжыратқан,
Мен едім ғой, бар кінә өзімде еді.
Өз қолыммен ақырын түн жылатқан,
Мөлдір жасты сүртемін көзімдегі.
Тым кешірек өзіңе жолықтым мен,
Білмеймін де, кімге айып тағарымды.
Өзімді емес, аяйтын болыппын мен,
Жас таматын қит етсе жанарымды.
Керексінбей ұсынған көмегімді,
Түскендей ме жүрекке Айдан құрық.
Құрғамас көз жасыма өлеңімді,
Жібермесем болғаны айналдырып.
Шарасыздық шыдамды жеңді мүлде,
Мен олардың барлығын кеше білгем.
Оянам да ұйқымнан «енді түнде,
Жыламаймын!» деп тұрам төсегімнен…

Сіз…

Шығара да алмаймын бүгін өлең,
Қарғыс айттым «сіз кеткен» күніме мен.
Кетесіз-ау, білмей-ақ өзіңізді,
Қимай жылағанымды түніменен.
Ғашық едім, жанымды өпкен күзге,
Қазір суық…болғанмен көктем бізде.
«Сіз шығар» деп үмітпен қарап тұрам,
Үйіңіздің жанынан өткен кезде.
Шаттығымды бұл жұрттың алды өсегі,
Маңдайымда сорым да бар бес елі.
Сіз жүресіз мекендеп нән қаланы,
Мен жүремін мекендеп тар көшені.
Жанарымда, тек мұңға жүз де толы,
Мына әлем…бәрі де бізге долы.
Сіз жыларсыз, мен бірақ көрмеймін ғой,
Мен жылармын, көрмейсіз сіз де оны.
Қос бақыттың шыңына жетерміз де,
Жаныңыздан жымиып өтем күзде.
Тағдыр дұрыс жасаған «аз болар»деп,
Бір бақытты бұйыртпай екеумізге…

Сіз екеуміз...

Бірімізге жат болып барамыз ба,
Сізді бүгін Ай және Түн ұлықтар.
Махаббат жоқ біздердің арамызда,
Бірақ ешкім жылынбас Жылылық бар.
Мен жыладым... мұң тастап санаңызға,
Шырқын бұзып жібердім, сірә, кештің,
Болмаса да ғашықтық арамызда,
Бір Сезім бар сезінбес бірақ ешкім.
Не күтеді осы жұрт босқа бізден?
Жалған шыда, шынайы сыйластық, қал...
Жүрсек-тағы басқа ұл, басқа қызбен,
Арамызда жан ұқпас Қимастық бар.
Жауапсыздық жүрекке гүл еккен бе?
Сіз жайлы жыр жазуға тағы құштар.
Мына біздің жаралы жүректерде,
Екеумізге тән ғана Сағыныш бар...

Дайындаған: Ардақ Құлтай

Сурет: Жеке мұрағат

А. Құлтай