"Менің жырым Алматыға белгісіз"

Менің жырым Алматыға белгісіз,

Малшы ауылда жатқа оқиды бірақ та.

Б.Алдияр

Менің жырым Алматыға белгісіз,

Туған жерде оқылады бірақ та.

«Туған жерің қайда?» дерсіз енді сіз,

Ол алыста, Алматыдан жырақта!

 

Еһеее...

Ол жердің адамдары пәк көңіл,

Бірін-бірі жақын тұтар аңғал тым.

Жұмақтайын...ондағы өмір – тәтті өмір,

Тәтті өмірді тастап мұнда сандалдым!

 

Мені мұнда танымайды ақын деп,

 Туған жерде қолдан-қолға түспеймін.

Алматыда ішетұғын ақын көп,

Бар айырмам – ішпеймін!

 

Менің жырым Алматыға белгісіз,

Туған жерде оқылады бірақ та.

Келешекте адам айтса сенгісіз,

Мен өзімше ақын болам – «бір-ақ тал!»

 Күз де өтті сағынышпен шөлдетіп

                    (цикл)                     

Тағы да суық таң атады,

Тағы да жатамын қарсы алып.

Дыбыссыз айқайлап жатады,

Жүрегім сені іздеп жар салып.

 

Білемін, білемін, білемін,

Сезімдер емес қой кінәлі.

Жете алмай шаршаған жүрегім,

Сені аңсап, о, талай жылады.

 

Мұңдарға жүректі түйретіп,

Талай түн сен мені ойладың...

Кішкентай жымиған суретің,

Мен соған қараудан тоймадым.

 

Мүсіркеп қарады кеше түн,

Көңілге қайғыны салар күз.

ЖАНЫМА САЯ боп өтетін...

Біз бәлкім кездесіп қалармыз!

 

Жанымнан жүргенің алыста,

Жаныма батады соншалық.

Санаммен айқайлап ғарышта

Жүрегім жатады жар салып!..

 

            Тағы да түн!              

Тағы отырмын ойланып,

Суретіңе жіпсіз ғана байланып.

Терезеден сығалап тұр сұрқыма,

Сұрқия Түн әжуалап, Ай налып.

 

Алыстасың, амал бар ма?!

Көнемін...

Жанға қуат жұпынылау өлеңім.

Ұшыраттың айықпастай бір дертке,

Өзің айтшы және емін!

 

Білесің бе?!

Өткен уақыт, өткен күнді,

Қайрылмастай қоштасып кеткен күнді.

Көкіректе құмығады тәтті әуен,

Сол бір әуен неткен мұңды!

 

Қосылуға жазбаған ба Тәңірім,

Өксуменен өтпесе екен өмірім.

Күз келгенде сендер жақа құс қайтар,

Күз келгенде күңіренер көңілім!

 

Тағы да түн!

Ұйқым келмей отырмын,

Тағы таңды оңашада атырдым.

Өлең болып өрілгенмен жанеркем,

Бағы болып бұйырмадың ақынның.

 

 Сен және өмір

 Көңілді топ...

Кетіп барам бұйығып,

Серік етіп селкеуленген сезімді.

Қаракөздер қарап өтер қиылып,

Еске салып өзіңді.

 

Алматыға биыл ерте қар түсті,

Еске салып сенің аппақ бейнеңді,

Өзің жақта ой-санамның жартысы...

Көңіл бүгін алабұртқан күйге енді.

 

Қарашада қар жауып тұр дамылсыз,

Кетіп барам көше кезіп мен де енді.

Мұңға малып сағынышты көңілсіз,

Хат жазбашы сен де енді!

 

Қарашада жауған қар әсері ме,

Адамдар да көңілсіз көшедегі?!

Қарашада жауған қар әсері де

Саған деген сезімді еселеді?!

 

...Бұл Алматы қатуланып тұр бүгін,

Ал, Алатау аппақ перде артында.

Ұры-уақыт қоя алмай тұр ұрлығын.

Басқасы ма?

...бәз-баяғы қалпында!

Тағы да түн!

Қар түседі қалықтап,

Қарға оранды ауладағы алып бақ.

Ғазиз жүрек сенделеді сыңарсыз,

Енді қашан өзіңменен жолықпақ?!

 

Қар түседі сенің аппақ арыңдай,

Атырабым аппақ түске малынды-ай.

Бір дерегі, іздегені табылмай,

Бұла сезім бұлқынады бағынбай!

 

Қар түседі сенің аппақ бейнеңдей,

Ақ қайыңдар аппақ көйлек кигендей...

Ғазиз жүрек сенделеді сыңарсыз,

Сенен басқа ешкімді де ем көрмей.

 

Қар түседі...бірақ-бірақ мекен күз,

(Қарашада танысқан ек екеуміз)

Сен де, мен де сағынамыз сарылып,

Мұны бірақ білдірмейміз... бекембіз!

 

Тағы да түн!

Қар түседі баяу тым,

Тағы таңды қарсы алдым, ояумын.

Күз де өтті сағынышпен шөлдетіп,

Енді қашан жолығамыз аяулым?!

Автор: Тұрсынбек Башар

Суреттер:dreamworlds.ru; cineville.nl; kievskaya.com.ua

Дайындаған: Фараби Арыстанбек