Менің елім ұйқысынан оянды...

Таң – күннің бастауы, таң шапағы – түннен түгел шыққан тірі жандардың қуанышы. Таң арайлап атқанда адамдар бір-біріне "қайырлы таң" деп, жаңа күнге қадам басады. Ал әрбір күн – таптырмас мүмкіндік. Ұйқысынан оянып, Массагет беттерін парақтаған оқырманға асыл қазынаға айналған өлеңдерді ұсынамыз. 

Батқан күн, атқан таңның жыры

Мағжан Жұмабаев

Алтын күн батып барады,
Күйдіріп көктің жиегін.
Құралай көзді қарағым,
Болдың ба иіріп жібегің?
Кұралай көзді қарағым,
Қолыңа қардай бәтесті ал.
Қандай қызыл жібекпен
Ақ бәтеске өрнек сал.
Алтын Күн батып барады,
Алтын Күн ақырын өледі.
Сұр бұлттар - сорлы жар, у
Қан жылап күнді көмеді.
Күн өлді. Көк күңіренді.
Жер жамылды қарасын.
Құралай көзді қарағым,
Кестеңді қашан боласың?
Сондай сұлу сәулетай,
Бір қарашы. Аңсадым.
Суда ойнаған шабақтай
Сүйреңдейді саусағың.
Қабаққа қатар тізілген
Кірпік пе? Қара жібек пе?
Бір қарашы, қарағым,
У толды ғой жүрекке!
Қалай батыл ойнайды
Сүйрік саусақ бізбенен!
Нең кетеді, еркетай,
Өлтірсең атып көзбенен?
Қарама маған, қарағым,
Болсын көзің көргіште.
Қандай қызыл жібекпен
Ақ бәтесті кестеле!
Жер жарынан айрылып,
Жамылды қара басына.
Бота көзді бұраң бел,
Жіберші жақын қасыңа!
Қараңғылық қаптады,
Қайғы ма басқан, түн бе екен?
Сыбдыр-сыбдыр әлде не?
Жел ме? Жүрген жын ба екен?
Қабағың шытпа, қарағым,
Жаныңа жақын келейін.
Қар бетіне қанменен
He деп жаздың,- көрейін!
Тым жақындап бармайын,
Жырақтан жарар көз салсам.
He деп жаздың, қарағым?-
«Ел үшін өл, ер болсаң!»
Құралай көзді қарағым,
Жарылады-ау жас жүрек!
Көзіме қан толтырды
Қар үстінде қан жібек.
«Ел үшін өл. Ел үшін...»-
Өмірді аяп не етейін!
Сүйріктен сұлу саусағың,
Мен садаға кетейін!
Түнерген түн өледі,
Ағарған анау таңы ма?
Ақ бәтестің бетінде
Жүрегіңнің қаны ма?
«Ел үшін өл. Ел үшін...»-
Өлесің, жүрек, дүрсілде!
Құралай көзді карағым,
Кестеңе қарап күрсінбе!
Құралай көзді қарағым,
Аттанайын таңменен.
Ақ бәтес - ақ жалауым
Кестеленген қанменен.
Қош бол енді, қарағым,
Мені есіңе алғайсың!
Енді бәтес бетіне:
«Иманды бол!»- деп жазғайсың.
Алтын күн шығып келеді,
Алтындап көктің жиегін.
Кұралай көзді қарағым,
Иіре бер жібегің!
 
Таң
Міржақып Дулатов

Жарық болды, бозарып, міне, таң атып,
Биік тауға сәулесін тегіс таратып.
Үнсіз тоғай көгере жана бастады,
Айнадай суға көлеңке түсіп тағы атып.
Шілденің күні ыстығымен қыздырып,
Құстар қонды қамысты көлді жаратып.
Дуадақ пақыр шөлден жалғыз қашпайтын,
Қалыңға кеп бекінді аңдар жан атып.
Кімге пайда, кімге зиян атқан таң,
Алмақшымын оқушыға сынатып.
 
Қайырлы таң!

Мұқағали Мақатаев

Қайырлы таң, жомарт жерім, ер жерім, өзендерім, көлдерім!
Қайырлы таң, кермиықты кең далам, құба жонды белдерім!
Орманым да шуламай,
Суларым да туламай,
Ақ басты ата-тауларым да жыламай,
Ұйқысынан оянды,
Бәрісі де таң нұрына бояулы.
Айдын көлде асыр caп жүр қаз, аққу,
Ақ таңымен амандасып қазақтың
Қайырлы таң, ашық аспан, ақ аспан,
Ай, Шолпаным, жұлдызым!
Қайырлы таң әзілдері жарасқан
Сәби жанды ұл-қызым!
Бәрісі де дін аман
Бір адам жоқ жылаған,
Сәби де жоқ таң алдында қыңқылдап,
Бір үзім нан сұраған;
Менің елім ұйқысынан оянды,
Алтын арай таң нұрына бояулы.
Самалы есіп тыныштықтың бұйраттан,
Заводтарым темекісін ширатқан.
Далам менің тыныштыққа сый тартқан,
Қалам менің тыныштық деп күй тартқан.
Жер шарының тыныштығын сақтаған,
Қайырлы таң, ұлы Отаным, шат заман!
Сен күзеткен тыныштықты жырға орап,
Ұрпағыма ап барам.
Зеңбіректер атылмай,
Атомдар да уатылмай
Менің елім тыныштықта жатыр жәй.
Бәрісі де ұйқысынан оянды.
Алтын таңның шапағына бояулы!
Шуағымен шомылдырып алапты,
Тағы, міне, бейбітшілік таңы атты.
Арқалап ап ырыс-құт,
Келеді, әне, күн шығып.
Қайырлы таң, Тыныштық!
Қайырлы таң, Тіршілік!..