Мен сені жыр қылып үлгерген – әлемде алғашқы «ұлы» ақын...

Құрметті жырсүйер оқырмандар, бүгін біз сіздерге жас ақын Асхат Сыдықтың жыр дәптерінен мөлдір туындыларды ұсынбақпыз. Тәтті сезімдерден өлең өрген жас ақын қаймағы бұзылмаған қазақ әдебиетіне қарай қаламына қанат бітіріп, шабытымен шарықтап келеді. Жас ақынның жырларына кезек берейік, ендеше!

Қолшатыр

Шын сүю қолымнан келмейді екен-ақ,

Сен мені айыптай көрмегін.

Екеуміз кезіккен екенбіз бекер -ақ,

Пікірім ол - менің.

 

Қолшатыр...

Қолшатыр бәріне  кінәлі.

Ақталам осылай  ішімнен.

Ерінің...

Ерінің ұнады.

Әдемі ақ қайың мүсін ең.

 

Жаңбырға малынып бар денем,

Мен сені құшақтай беріппін.

Сен менің қарша қыз әрлеген,

Тым жұмбақ кеудемді еріттің.

 

Қолшатыр астында екі ерін,

Өбіскен жеңіп ап құмарлық.

Сәлден соң мен үйге кетемін,

Жұпарлы исіңді тұмар қып.

 

Көзіңде тұнып қап мұң бірден,

Жанарың мөлдіреп тұратын.

Мен сені жыр қылып үлгерген,

Әлемде алғашқы «ұлы» ақын.

 

Тамшылар құлайды көктен кеп,

Сейілмей бұлыңғыр бұлыт та.

Тағы бір барайық өткенге,

Қолшатырыңды ұмытпа!!!

 

Алғашқы махаббатты аңсау

 

Біз онда тым пәк едік, кінәсіз ек,

Жас едік жандыратын құлашын от.

Арада саған жазған жырлар қалды

Сол біздік махаббаттың куәсі боп.

 

Сол аймақ. Сол бір ауыл. Сол көшелер.

Асықсақ алдымыздан кездеседі өр.

Тым албырттау сол шақтың бар тілегі:

«Адасқан бақыт бізге кездесе көр».

 

Сен солай,қызғалдағым,өстің елік.

Қаңғыған қиқу сөзді естімедік.

Кеш бата мен тау жақтан құлайтынмын

Тізгінін Тарланкөктің бос жіберіп.

 

Сезініп ерініңнің түнгі ыстығын,

Жас бала жасамақшы «қылмыс» бүгін.

Көлденеңдеп қақпаңа келетін ем,

Қанжығама шұғынық гүл қыстырып.

 

Бал сүйіс,балғын дене...  бекемдірек,

Көрмесем күн өтпей ақ кетем жүдеп.

Аңғал түнде аяңдап бара жатам,

Ат үстінде ес жимай есеңгіреп.

 

Жазды күз, қысты көктем алмастырып,

Аңсайтын бірін-бірі жан да аштығып.

Кінәлар мен күнәдан пәк ауылда

Махаббатқа малындық алғаш тұнық.

 

Нала мұң жүректердің құрбысы боп,

Аз бақтың аялдап та тұрғысы жоқ.

Сен кеттің сол ауылдан қала жаққа,

Мен кеттім содан кейін жыл құсы боп.

 

Жылдар тағы жылжыды... Кездеспедік.

Төздік... Енді қайтейік, төзбес те едік.

Іздеп барып мен сені қуантпадым,

Мені де қуантпадың сен де еш келіп.

 

Қызықтап қайту үшін өңді реңін,

Мен ертең ауыл жаққа жол жүремін.

Қызғалдақ жапқан ана қырқалардан

Қып-қызыл орамал боп желбірегін.

 

Атқанда атыраптың таңы ышқынып,

Тарланды тізгінімен алыстырып.

Күн найза көтеріле жолға аттансам,

Тастар ма ед тағдыр бізді табыстырып..

Сурет: peperonity.com