Жасұлан Исақаев - 1994 жылы туған Ақтөбе қаласының жас айтыскер ақыны. Біз бүгін жас ақынның іңкәр сезімді сұлу суреттеген "Биші қыз" атты өлеңін ұсынамыз.
Суретте: Жасұлан Исақаев
Биші қыз
Махаббатқа қалам әркез мастанып,
Сұлулыққа бас иемін сендегі.
Ақындығым кеткен еді басталып,
Бұл мектепке бір биші қыз келгелі.
Содан бері құлын жүрек жаралы,
Өзіңді ойлап, көзімді ілмей таң күттім.
Көңіл шіркін саған ғана ауады,
Маған мейрам сені көрген барлық күн.
Сен дегенде жыршы, әнші, күйшіміз.
Маған керек тек жанымды ұққаның,
Ай дидарлы, күн келбетті биші қыз,
Күндіз естен, түнде түстен шықпадың.
Мың бұралып сахнада тамсанып,
Би билейсің босатылып бар жүктен.
Махаббатпен өте ыстық қарсы алып,
Шапалақпен жібереді зал біткен.
Жанарында жұлдыз жанып тұрады,
Қарап тұрған мылқауларды сөйлеткен,
Көрерменнің көңілінен шығады,
Үстіндегі аспан түстес көйлекпен.
Сені сүю - Жаратқанның жарлығы.
Дей алмаймын қадіріңді кеш білдім.
Байлық, бақыт былай тұрсын барлығы
Сенен басқа керегі жоқ ешкімнің.
Көркің қандай күн нұрындай шашылған,
Саған әлем аруы да жетпейді.
Көлеңкемдей қалмайтұғын қасымнан,
Сенің бейнең көз алдымнан кетпейді.
Кейде ұялам қарауға мен бетіңе,
Биші қыз-ау, сенсіз қалай күн кешем?
Қатал тағдыр бөлсе бізді екіге,
Бір минут та жерді басып жүрмес ем.
Мен ғашықпын биші бикеш байқасаң,
Куә оған жұлдыз бенен нақ ай, күн.
Мен өлерде ең соңғы сөз айта алсам,
Жаным, сенің есіміңді атаймын.
Артта қалып сорлары көп сараң күн,
Бұл өмірден өз орныңды табарсың.
О, биші қыз, бәлкім менің баламның
Аялаған анасы боп қаларсың...
Сурет ақынның жеке мұрағаты мен vampodarok.com сайтынан алынды