Мен көктемнен сұрап өтем кешірім...

Мен көктемнен сұрап өтем  кешірім...

Құрметті жырсүйер оқырмандар, бүгін біз сіздерге белгілі ақын Жанна Елеусіздің шығармашылығынан өлеңдер ұсынбақпыз. Өлең өлкесінде өзіндік өрнегі қалыптасқан ақын жырларын тебіренбей оқу мүмкін емес. Жүректі түртер жырлары тәп-тәті сезімдердің қылын шертіп, көңілде күй ойнатады. Ендеше, ақын жырларын қабыл алыңыздар!

 

Бүгін саған айттым ба:

- Сүйемін! – деп?

Жерден жауап мазалап,

Көктен сұрау.

Бір мұңымды қайыра киемін деп

Ұмытып кеткенмін-ау...

 

Күн де ертемен құшағын ашқан күле,

Жанымды үнсіз сезді ме жеткен сынау?..

Сен айтпадың,

Басқа ой, басқа әңгіме

Ұмытып кеткенсің-ау...

 

Біреу шапты қолына ту іліп ап,

Сусылдап желге ерген құрақ – тыңшы.

Селт еткізіп тірліктен суырып ап:

- Сен осы нені ұмытып кеттің? – деп

Сұрап тұршы...

*****

Қол сілтеуге бола ма тағдырыңа,

Қол сілтеуге бола ма барлығына?

Тірлік тағы тобықтан шалды, жыла:

- Қайтемін? – деп – жүректі жанды мына...

 

Керек емес біздерге жеңіс түк те,

Жазып жүрміз арманды кеңістікке.

Мен жыласам, бір гүр ет:

- Бармын ғой... – деп,

Сен құлама, иә, жаным, келістік пе?

 

Күйдіреді, бізді әлі күйдіреді,

Солар, бірақ, осыдан түйді нені?

Жұдырыққа жығылмас дүниені

Жүрегімнің ұшымен жазған өлең

Сені өзім сүйгендей сүйдіреді.

Сенем...

*****

 Қанша минут ағарымды білмеймін,

Тамып барам жерге мен.

Қандай ауыр мұң деген,

Қандай ұзақ шер деген,

Аспан жақтың мөлдірлігін

Көтеріп келемін ел көрмеген...

Тамып барам! Бұл неткен –

Бітпей қойған бір көктем!

Жерден соғар жел – суық.

Төбемдегі күн де өктем...

Тәңір үнін естимін

Адамы аз – дүрмектен...

Қанша минут қалды Жерге

Сеземін...

Бұршақ соғып жатса да, үнсіз төземін.

Мен ТЫРС!.. етіп топыраққа түскенде –

Бір өртенер өзегің...

*****

 Бақыттымын!

Жауымды көрдім ашық.

Барады өзі үйген көңді басып.

Көзімнің қиығына іліктің-ау!

Құтыла аламайсың  ғой енді қашып!..

Жүрсем де қарсы есіп дауылға мың

Білмеппін мен осынша жауым барын

Біреулерді қуантып тұратының –

Қиналып, күйзелегенім, ауырғаным

Жек көрсең:

- Жек көремін! Солай!.. дегін

Өзгертіп жатпайды ғой торай да өңін!

Шын жылап қалар жандар аздау болса,

Өмірден кетуім де оңай менің...

*****

 Жапырақ жалбырап түскен шақ

Жаныңдай аяулы,

Көрмеймін бұл жылы...

Көрем бе?

Мен сені ұмыттым аяуды

Сен мені тастап кет тереңге!

 

Теңіздей уайым түбінен

Бір өлең сүзіп ап, әкелем.

Оқисың үйлердің бірінен

Мен жазған өмірлік қатемен...

 

Оқисың, білемін, түзетпей,

Сен ғана танисың шын мәнін.

Мен жатам жүрегім дыз етпей,

Тыңдаумен су асты құмдарын...

 

Жапырақ жалбырап түскен шақ –

Аяулы.

Жанымдай... «Келем» де,

Сен мені ұмыттың аяуды

Батарда тереңге...

*****

 Көктем саған ұнайды ма?

Күлмеші...

Менің де бір кетіп жүр ғой Күнге есім

Шытыралы, жібек тінді, шілтерлі

Жүрегімнің бүркілдейді бүрмесі.

 Боп жүрмісің бір дірілге сен де алаң?

Мен өзіме жақында, жат күй кешем

Қар құшақтап есіп өткен жел маған:

- Көктем, - дейді,

Кешірмейді – сүймесең..

Қайтем енді ол да ашпаса есігін?

Сәуірдің де таңы ойлы,

Кеші мұң...

Сен көктемнен сұрап жүрсің сезімді

Мен көктемнен сұрап өтем  кешірім...

Суреттер автордың жеке мұрағатынан, nastol.com.ua, stihi.ru, favim.ru

А. Әбілхан