Мен қарапайым қарттарды сүйем

Бүгін – Халықаралық қарттар күні. БҰҰ Бас Ассамблеясының 1990 жылғы желтоқсанның 15-індегі № 45/106 қарары негізінде жыл сайын атап өтіледі. Қазақстан Республикасының Конституциясында қарт адамдардың жалпы азаматтық және арнайы құқықтары мен мүдделері, оның ішінде жасы бойынша әлеуметтік қамсыздандыру кепілдіктері бекітілген. Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының жіктеуіне сәйкес, қарт адамдарға 60 пен 74 жас, кәрілерге 75-89 жас аралығындағылар, ал ұзақ жасаушыларға жасы 90-нан асқандар кіреді.

Қазақ – қариясын сыйлаған халық. "Қарты бар үйдің қазынасы бар", - деген. Ақсақалдарды төрге шығарып, бата сұраған. Ақындар жырына қосып, амандығын тілеген. 

Азайып бара жатыр
 
Неменеге жетiстiң,бала батыр?
Қариялар азайып бара жатыр .
Бiрi мiнiп келместiң кемесiне,
Бiрi күтiп,әнеки,жағада тұр.
 
Ақыл айтып жүрмесе қасымызда,
Сонда орнайды жетiмдiк басымызға.
Жалаңашқа шекпенiн шешiп берiп,
Бiр күлшесiн бөлiскен ашымызға.
 
Арсыз күлкiң тыйылмас,жылауыңда,
Айтысың да басылмас,ылаңың да,
Араздасып ағайын кетер едi,
Бiр қария болмаса бiр ауылда.
 
Бiз қария болғанша,
Кiм бiледi,
Баламыз да шал болып үлгіредi.
Бiр-бiрiнен екi шал асамын деп
Кiм бiледi.
Бiр-бiрiн бүлдiредi.
 
Ақиқатты айқындап жариялар,
Бара жатыр азайып қариялар.
Дауыл тұрса бүлк етiп толқымайтын,
Бара жатыр сарқылып дариялар.
                                                Мұқағали Мақатаев

Ауыл қарттары

Дүниеге келер бір рет,
Дария-кеуде,
Тау-мүсін,
Құрыштан құйған құдірет —
Қарттарым,
аман-саумысың ?
 
Өздерің болсаң жанында,
Ел іші жомарт,
Еңселі,—
Дән иісі жүрген қанында
Даламның бір-бір бөлшегі.
 
Арада жылдар жөңкіліп,
Алыстап кеттім біртіндеп,
Айта алмай ауыз толтырып,
"Ассалаумагалейкум!" деп.
 
Өзге бір менде жоқ тілек,
Өздерің
көзбен баққаным,
Жайлы жер іздеп кетті деп,
Жазғыра көрме,
Қарттарым.
 
Ердім бір сиқыр қаламға,
Шығардым бөлге жыр көшін.
Болғам жоқ алаң,
Даламда,
Әулие қарттар жүргесін.
 
Жанды ғой бағы даланың,
Сендерге қуат,
дем берсін.
Киесі де оның сендерсің,
Иесі де оның сендерсің.
 
Алдында жүрші көзімнің
Асылым,
алтын қазынам.
Ауыра қалсам,
өзіңнің
Пейіліңмен-ақ жазылам.
 
Сағынтып талай жыр туар,
Оралар әлі-ақ сан жыршы.
Даламның иісі бұрқырап,
Қарттарым,
аман-сау жүрші!
                         Сағи Жиенбаев

***

Ақ қар жапқан даланы аңсадым да,
Кеткім келді алысқа, малшы ауылға.
Күлтеленіп тұр ма екен күрең арша,
Орғыл қызыл құмдардың қамсауында.

Күрең арша күлдіреп кешкі нұрмен
Егіліп бір жылаушы ед, ескі қырмен
Қойлар теуіп елтірі еркек құмды,
Айызым қанып қышырын естідім мен.

Бәлкім соны аңсадым, бәлкім басқа,
Барғым келді "Салқын тау", "Салқын тасқа".
Атың салқын болғанмен, атпал құмым,
Қалпың басқа еді ғой, халқың басқа.

Өліарасы әр айдың ылаңдатып,
Қырбық қар мен қыламық қылаулатып.
Сынық шана шиқылдап шөп тасушы ек,
Ыңырантып інгенді ылаулатып.

Бәлкім соны аңсадым, бәлкім бөлек,
Бәлкім маған бөлек бір салқын керек.
Салқын емес...
салқын ғой Алматы да,
Шөпке бірге баратын қартым керек!

Шөпке барам... сары інген аман ба екен,
Буаз ба екен биыл да, шабан ба екен.
Ақкөз аяз секілді ақи шалым
Биыл бірақ жол бастап барар ма екен,
Белі ауырып бадалып қалар ма екен.
Қамыт-бауды қайтадан тартып жатып,
Басын шайқап аларып қарар ма екен?!.

                                         Кеңшілік Мырзабеков. 1969 ж. қаңтар


Шалдарды сағыну

Әруағыңнан айналдым, ұлы шалдар,
Өздерің жоқ, сөздерің — тірі шалдар;
Сонау жылы бір ақыл айтып еңдер:
"Ақыл сырын, ұланым, дұрыс аңғар. —
Кезде де осы жыр тілі күрмелмеген,
Қиын сынды келісу күнде елменен.
Өлеңшалық болдың сен қайдан ғана —
Басқа пәле, шырағым, тілден деген?!
Талапты ерге іс көп қой жүз амалды,
Тізіп санап қайтеміз біз оларды.
Қалыңды ойлап қабынбай, қарын байлап
Талай бала тірлігін түзеп алды...
Нұрым, Ақтан — пенде боп тақ - тұққа олар,
Зарлы Аралбай айтыпты ақтық хабар ...
Пірлі арманнан не пайда, пұл болмаса
Жыр ақыры, қарағым, жоқтық болар.
Шықсаң - дағы күн болып қасқа белден,
Бақ көрмедік өлеңнен басқа келген.
Маңғыстаудың қара ойын жырмен қырған
Ізбас атты нағашың аштан өлген!.."
Ақындықпен арманым өлшенерде,
Поэзия аулына жол шегерде —
Тап осылай деп еңдер,
Қояр ем ғой
Өлең жазбау қолымнан келсе егер де.
"Күйді екен, деп, шалдардың неге жаны?" –
Самсаған ой тұтқынға мені алады.
Бір сөзіңді екі етіп көрген жоқ ем,
Сол тілекті ақтамай келем әлі.
"Шайырлықтан таппассың ырысты, ұлым,
Тірелмейді өлеңге шын іс бүгін..." —
деп едіңдер,
Мойындап қалам кейде
Сол ақылдың шынымен дұрыстығын ...
                                                      17.11.1982ж. Алматы.

ШАЛДАРДЫ САҒЫНУ – II

Жетелеп жолдың торабы,
Маңғыстау жаққа барсаңдар. —
Құдайдай күтіп алады,
Ақ шұнақ шалдар, сары шалдар.
"Жеті жұрт көшкен жерленбей", —
Маңғыстау осы дейін мен ...
Сен жаққа Қызыр көргендей
Қарайды шалдар бейілмен.
Сойғызып бағылан қозыны
Босайды сосын жан - жүйе.
Аяттарының созымы —
"Үш жүз де алпыс әулие..." 
Болмасаң, бауырым, сөзге олақ
Жатырқар дейсің ол кімді? —
Өкпелей көрме, қазбалап
Тергесе арғы — бергіңді.
Мәшһурат — кеңес құрарға
Жинайды ол бастас бар шалын.
Кезінде шыққан ұранға —
Еліңнің сен де айт жайсаңын.
Есіне өткен кезді алса,
Аруана - қарттар боздайды.
Жетпеген бізге сөз болса —
Жеті атасынан қозғайды.
Желбіреп күміс сақалы
Сайрайды Абыз Атадай.
Ширылып шыққан мақалы —
Алшы боп түскен сақадай.
Ой салып қапы тұстарға,
Бағыштар небір ерге өлең. –
Жалмауға келген дұшпанға
Ақырып қылыш сермеген.
Соғыстың ізін көптеген
Нұсқар ол, әлі өшпеген. —
"Бұл жерден кімдер өтпеген,
Басынан нелер кешпеген"...
Тербейді кенет көңілін
Жыр, күйі екі Абылдың ...
Отырар жаңа нөмірін
Парақтап "Жұлдыз", "Жалынның".
Жандарын алма жүдетіп,
Оқи біл — тірі хаттарды.
Жатады қайта түлетіп —
Қашаған, Нұрым, Ақтанды.
Болғандай бейне қасында
Бедерлеп тарих өрнегін —
Бәленшекемнің асында
Бәйгіден қай ат келгенін;
Айтады бәрін аңыз ғып,
Кімдерді кімнің жыққанын;
Мәйегін сөздің ағызып
Қай бидің қалай ұтқанын.
Жыр мен күй жетер ертіп ән,
Жарқ етер мида ғайып хал. —
Ақшора менен Белтұран,
Ақбөбек пенен Қайыптар!..
Көңілдің көгін кезсе мұң —
Кезеңді еске ап үрейлі;
Мәтжаннан өтіп,
Сөз соңын
Тобаниязға тірейді ...
Ексіміне еріп кей заңның,
Батасын бөліп жүрме тек. —
"Оңдай гөр, жолын мейманның,
Қолдай гөр, дейді, Пір Бекет!.."
Аттанар шақта, күбірлеп
Кеудеңе сенің төс басып:
"Жақсы атың шыққай, ұлым", — деп,
Қалады қимай қоштасып ...
Жетектеп жолдың торабы,
Маңғыстау жаққа барсаңдар. —
Құдайдай күтіп алады
Қара шалдар мен сары шалдар ...
Өртемей мені тынбас - ты,
Сағыныш өрті — ұлы алау.
Қиырда жүрген кіл жақсы
Азайып қалған шығар - ау.
Кеттім мен неге қасыңнан? —
Жыраққа жылдар сүйреді - ау.
Назырқап барсам басымнан
Сипайтын шалдар сиреді - ау.
Барады кеміп біртіндеп
Кеуделер — шыққан саз аңқып.
"Жабы боп кетер жұртым", — деп,
Жандарын жүрген тазартып.
Шалдарды жоқтап жас тамды
Торыққан, тозған жүйкемнен. —
Төлежіп кеткен Аспанды
Төбелерімен итерген...
                                          Светқали Нұржан. 25.05.1982. Алматы

Мен қарапайым қарттарды сүйем

Мен қарапайым қарттарды сүйем,
He деген керім еді!
He біледі осы жұрт, не біледі?!
Бабалардың баласы - қариялар
Сиреп бара жатқандай көрінеді.

Сақалыңнан айналдым, қарт-бабалар,
Ұрпағыңа не айтасың артта қалар?
О, тірі шежірелер, қалдырыңдар,
Қанеки, нелерің бар салтқа жарар?

Қанеки, нелерің бар, Аталарым?
Ұрпағыңа ұран қып апарамын.
Сенімдеріңді ақтаймын, ақтаймын да,
Сендердің мұрагерің атанамын.

Осылай деп қарттардан қалап келем,
Өнеге, өсиетін санап көрем.
Санап көрем... тоймаймын... сұранамын,
Себебі мен де бір күн жауап берем.

Қарттар бізді тастайды-ау, күйінемін,
Ой, өмір-ай, неғылған қиын едің!?
Сондықтан да садақ боп иілемін,
Сауыт болам, тек қана киіне біл…
                                                        Мұқағали Мақатаев