Мен - бақыттың гүлі едім

Мен - бақыттың гүлі едім

Ардақты оқырмандарға елімізге танымал дарынды ақын Бақтыгүл Бабаштың шығармашылығынан дәм татқызбақпыз.

Бақытгүл БАБАШ – 1981 жылы Атырау облысында дүниеге келген. Халықаралық «Шабыт» фестивалінің Гран-При иегері. «Алтын қалам», «Үркер-үміт» әдеби байқауларының, республикалық мүшәйралардың жүлдегері.

МЕН - БАҚЫТТЫҢ ГҮЛІ ЕДІМ 

 Дертіңе қалай төземін, сенсіз де сынық қанатым.

 Адасқан мен бір сөз едім – Тәңірім ғана табатын.

 

 Жазмышым жұмбақ жасырған, жауабын мен де ұмыттым.

 Жаураған мұздай ғасырдан, жанымды неге жылыттың?

 

 Жылыттың неге жанымды, өртеніп кетсін дедің бе,

 Ұмытып мүлде барымды, дерт еміп кетсін дедің бе?

 

 Көрдім де сені, күйге ендім – қалықтап көкте жүргендей.

 Үміттенуді үйрендім – үркеншек көңілім үндемей.

 

 Жер басып жүрген сүлдем тек, ақша бұлт болды аңсарым.

 Мен мүлде өмір сүргем жоқ – армандауменен шаршадым!

 

 Тұман да тұман таңдардан, қалайша таптың сен мені,

 Жазылмай қалған маңдайға, ей, тағдырымның кермегі?!!

 

 Тұмар қып жырға тағатын, қасиет тұнған көз едім.

 Сенсіз де сынық қанатым. Дертіңе қалай төземін???

 

**

 

Білмеймін, бағым ба, сорым ба,

 Шарқ ұрдым шаттанар шағымда.

 Шарадай басым жүр шайқалып,

 Беймаза бір әуен жанымда.

 

 Тағы да құсалы мынау күн,

 Мұң жапқан жанарын мұнармын.

 Мен сірә тап осы кейпіммен,

 Жынданып өлетін шығармын!

 

 Күтемін. Көңілде мұң-шер көп,

 Сәттерді сағынып тым сергек.

 Түндерде, жалғыздық жылатқан,

 Жанында жүрсем деп.

 

 Бағым боп келмейді ол, (Бол-май-ды!).

 О, бәлкім, көңілге сол қайғы?

 Қырсығам телефон көтермей,

 Сыңсыған үмітім сорлайды.

 

 Санамда салқындық - аты мұң,

 Өзге емес, өзіме жат үнім.

 Мен оның жырымын жатқа оқыр,

 Ол - менің ең ұлы ақыным!

 

 Жалғыздық жұп болып жаныма,

 Жаутаңдап қараймын арыма.

 Жүк артқым келмейді жүрекке.

 Жоғалтқым келмейді тағы да..

 

**

 

Жапырағын жанымның тағы бір жаз тонады.

 Жібімеді бірақ та тағдырымның тоңы әлі.

 Мен – бейдауа дертті емген көңіл едім қаяулы,

 Сен – білмедің аяуды.

 

 Сағынамын, - дедің де, сағынбадың шынында.

 Тағы да мұң кеудемде, тағы да шер – жырымда.

 Мен – Жібектің көз жасы ем, тамып түскен Жайыққа,

 Сен – жорыдың ғайыпқа.

 

 Ғажап дедім бар күнді, азабына мойымай.

 Ғазал-жырын жанарға жасырады мойыл Ай.

 Мен – тірліктен түңіліп, үңілгенде жүрекке,

 Сені көріп, дір еткем...

 

 (Тағдырымның ойыны-ай!).

 

 Біз – біргеміз деуші едік. Алыстады арамыз.

 «...Сезімге енді сенбеймін» (...) Сыбырлады қара қыз...

 

**

 

Мәңгілікке мекендеген Күн елін,

 Мен – Бақыттың Гүлі едім.

 Келіп еді,

 Сенің ғана жанарыңда бүр жарып,

 Сенің ғана жүрегіңе түнегім.

 

 Көзді арбаған көбелек боп серігім,

 Жүргенімде жанымды жеп жегі-мұң,

 Жолықтырдым!

 Сендей болып аялайды мені кім,

 Мендей болып саялайды сені кім?

 

 Мағынасыз күндерімнен мән ұғып,

 Көктен түскен күміс шыққа малынып,

 Өтем, жаным,

 Қысқа ғана ғұмырымда, өзіңді,

 Әлемде жоқ ақ сезіммен сағынып...

 

 Сабағыма Тәңір сызған сөзім бұл:

 Мен – гүл едім, күлтесі аппақ, көзі – нұр,

 Бақ қыламын десең-дағы өзің біл,

 Лақтырамын десең тағы - өзің біл,

 Жаным!!!

сурет ақынның жеке мұрағатынан алынды