Медет Демежан: "Өлеңді сүйетінің үшін – сүйем!"

Медет Демежан: "Өлеңді сүйетінің үшін – сүйем!"

Массагет поштасына жолданған мына бір өлеңдер рухты оятып, ырғағына ілесіп әкетеді екен. Талапкермен таныса отырыңыз, оқырман! 

Медет Демежан 1988 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Ақсуат ауданында дүниеге келген. «Көктүрік» жинағының авторы. Бүгінде «Ертіс өңірі» газетінде әдеби қызметкер.


Көктүрікпін!

Көктүрікпін!

Көк бөрісін пір тұтқан бөлтірікпін,

Көк Тәңірге тәу етіп қол түріппін.

Көк пен Жерді меншіктеп, Қаған болып,

Азуымды көрсетіп от бүріктім!

 

Көктүрікпін!

Аруақтанып үстінде көк күліктің,

Көк сүңгіні көтерсем көпті үгіттім.

Абыз болып сөйлесем – кекті ұмыттым,

Қобыз болып сөйлесем – көкті ұлыттым!

 

Көктүрікпін!

Көк Тәңірдің үнімен аяттанған,

Көк бөрінің құтымен аяқтанған.

Күлкісіне сәбидің құрбан болып,

Қас дұшпанның қанымен тояттанған.

 

Көктүрікпін!

Ой сәулелі Күн сүйген басыңдағы,

Күлтегіннің жырымын тасыңдағы.

Тағылыммын тарихы терең тартқан,

Тағдырыңмын көзіңнің жасындағы.

 

Көктүрікпін!

Дана туған даламның жарғысымын,

Ақын рухты атамның ар құсымын.

Азаттықты аңсаған Алаш ұлмын,

Қаза тапқан құрбандар қарғысымын.

 

Бөлтірікпін!

Тегімді іздеп шыққанмын із ақтара,

Көшпелі өмір жолында сызат қана.

Кісінетіп күлігін Көктүріктер,

Санамыздан жөңкіліп ұзап барад...

 

Күн батады қып-қызыл мұңға тамып,

Аңызымды аспанға тыңдатамын.

Көкке қарап мезгілсіз ұз-а-а-қ ұлып,

Тегін жоқтап Көкбөрі үн қатады:

«Көк-түрік, Көк-тү-ү-рік!..» деп.

Уақыт 

Жетпей жатыр Уақыт,

Жетпей жатыр мына күн!

Өзімді-өзім уатып,

Келіп отыр жылағым...

 

Тағы бір күн босаттым,

Қос қолымды тұзақтап.

Иә, Жалған – бес-ақ күн,

Уақыт деген бір-ақ сәт!

 

Мен әйтеуір, соны ұғам,

Мәңгілікті жазбаған.

Кешегінің соңынан,

Бүгін әрең көз салам.

 

Естіден қалған есті сөз

«Уақытты босқа өткізбе!»

Уақытқа қарайтын

Уақыт та жоқ бізде!

 

Менде де жоқ уақыт!

Сенде де жоқ уақыт!

Елде де жоқ уақыт!

Жерде де жоқ уақыт!

Кім біледі, Көкте жүр?

Тоса тұршы, Уақыт!

Тоқтай тұршы, жетпегір!

 

 

Тоқтай тұршы, Уақыт!

Үлгере алмай келемін.

Құдай берген Жарыма,

Гүл бере алмай келемін.

Күйбең-күйбең тірлігім,

Күн көре алмай келемін!

Ұстап алсам, мен сенің

Сыбағаңды беремін!

Уақыт!

Мәжнүннің жолындай бұралаң

Ертістің жағасы. Күзді күн.

Сөйлейді жапырақ әр тілі...

Алғаш рет кездестік біз бүгін,

Телефон–жеңгетай арқылы.

 

Басталып арада диалог,

Іште де шыға алмай жатыр үн.

Тереңге бармаймыз ұялып,

Таныстық – алғашқы тақырып.

 

Тыныштық тербеткен бақ қалпын,

Әлем бар, өлең бар денемде!

Бақыттан билеуге шақ қалдым,

«Ақындар ұнайды» дегенде.

 

Дұрыс-ау ақындар көпке аян,

Мұрасы мәңгілік парақта.

«Тәңірдің үні олар», - деп қоям,

Ақиқат айтуға жаратқан.

 

Кейде үнсіз қаламыз «ай қарап»,

Кедей-үн.

Не дейін, амал не?..

Шіркін-ай, мен емес, аймалап

Сүйеді бетіңнен самал жел.

 

Сұлусың!

Айтамын білсең де,

Дәл қазір мұңсызбын, жоқ қайғым!

Жаныңа жақындап жүрсем де,

Қолыңнан ұстауға батпаймын.

 

Сырымды ұғады кім біліп?

Жырымды ұғасың іштей шын.

Жанарың жап-жарық Күн күліп,

«Осының бәрі де түс» дейсің.

 

Тапқандай болдық біз жарасым,

Сезім де секілді күшінде.

Күлімдеп, сен кетіп барасың,

Қол бұлғап автобус ішінде.

 

Сен ұшып жөнелдің кептерім,

Мен кеттім ішімнен құрап ән.

Өлеңді өмірге беттедім,

Мәжнүннің жолындай бұралаң!

Мен сені көріп тұрдым...

Мен сені көріп тұрдым,

Сен бірақ байқамадың.

Дірілдеп ай қабағың,

Еліктірдің...

 

Сыртыңнан тамсанамын,

Қараймын сағынышпен.

Жүрегім жанып іштен

Ән саламын!

 

Көздерің тостағандай,

Бір бақыт күлімдейді.

Жүрегім дірілдейді,

Қостағандай...

 

Көңілден нәзік тұлғаң,

Кетпейді, қалмақ тегі.

Сен кімсің арбап мені,

Ғашық қылған?!

 

Сұлулық таласқандай,

Жалт еткен қарасыңнан.

Мен ессіз аласұрам,

Адасқандай...

 

Жүрісің мың бұралып,

Жүресің үнсіз кейде.

Жадымда үнсіз бейнең,

Тұрды қалып...

 

Әр ізімде гүл көктеп...

Ешкім кінә арта алмайды Тағдырға,

Мойындауға тиісті!

Түсіп едім алдымдағы даңғылға,

Өзіңменен түйістім.

 

Тәңір бізді қосқан шығар ойынға,

Дей алмаспын «алшақ тұр...»

Жыр оқып ем қара жолдың бойында,

Сен шаттанып, қол соқтың.

 

Мен бақыттың бетін әлі өпкем жоқ,

Махаббатым-қайғылы...

Айтады жұрт «осы жолмен өткен деп

Мәжнүн мен Ләйліні».

 

Бұл мекенде қатыгездік болса да,

Ғашықтарды үлгі еткен.

Жалаң аяқ мәңгілікке жол салам,

Әр ізімде гүл көктеп...

 

Арзу

Мұңданба маған, ей, Қала!

Үш ғасыр бойғы жыртық кебісіңмен сүйреткен,

Қара қасіретіңе көзімнің жасын үйреткем.

Көкбөрі рухын ұлытып естен аластап,

Алғысын емес қарғысын атып Алашқа,

Үрке көшкенде тамырын жұлып құт елден,

Жамылып қайғы кебінін шыққан зәрумін,

Мұңданба маған, зарыңа құлақ бітелген!

 

Мұңданба маған,

Қырық жыл кием атом отына қарылып,

Дегелең-өлік жүрегі кеткен жарылып.

Тіршілік құрып, түршігіп кеткен гүл біткен,

Шошыған Ана мүгедек туып кіндіктен.

Күнәһар болдық алдында Ұлы ғаламның,

Жөргектен түсе зұлымдық көріп шыр еткен

Мұңданба маған, Дегелең – жүрек балаңмын!..

 

Бүгінде, бүгін, бүгінде!

Қара таңбалы қасірет болған ұғым де:

Қарағайлы орман қалтырап жаны түбірде,

Қара ниеттер қараңғылыққа құлшынып,

Қара көздердің жатырында сәби тұншығып,

Қара шалдардың көзінен қарап жетімдік,

Қаңғыбастардың қағбасы қоқыс секілді,

Қатыгездікке қабақпен қарап бекіндік.

 

Бүгінде, бүгін, бүгінде!

Ұран тілімді жылан тіл ұшықтағандай,

Тексіздік пенен бетсіздік мысықтабандай,

Ауыздығыма жауыздық аран ашқандай,

Күндестік пенен күлместік араласқандай,

Мұңлығым менен құлдығым қос қолдап ұрып,

Ай-күні қашқан айдыннан қасқалдақ ұлып,

Шаһарды қамап көк түтін ауамызбенен,

Сақтық қанымнан ақтық дем атылып шығып,

Бабамның рухы мен едім дауаңды іздеген.

...Мұңданба маған, ей, Қала!..

* * * 

Мен сені

Ойыңды ашық баяндайтының үшін;

Және де

Басқа қыздар сияқты боянбайтының үшін;

Жақсылықтан аянбайтының үшін;

 

Мен сені

Ешкімге ұқсамайтын қылығыңмен;

Иықтан асқан бұрымыңмен;

Әйел затына тән ырымыңмен;

 

Өкпелеп тұрып күлетінің үшін;

Сырымды айтпай білетінің үшін;

Сұлу үніңмен сиқырлайтының үшін;

Түнде де тауып ұйқы ұрлайтының үшін;

 

Мен сені

Өмірді өзгеше түйетінің үшін;

Бәрінен бұрын

Өлеңді сүйетінің үшін –

Сүйем!

Сурет: Медет Демежанның жеке мұрағаты, sunhome.ru, islamdag.ru, stihi.ru, kartinki.me

Дайындаған: Мейіргүл Оңғарова

Р. Роза