- Негізгі бет
- Поэзия
- Мәулен Әнербай: "Қоштасқым...
Мәулен Әнербай: "Қоштасқым келмейді, себебі..."
Мәулен Әнербай 1993 жылдың 7 қыркүйегінде Алматы облысы Кербұлақ ауданы Рудничный ауылында дүние есігін ашқан. Қапшағай қаласында мектеп тамамдаған соң, Алматы қаласында әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін бітірген. Қазіргі таңда Алматы облыстық “Жетісу" газетінің тілшісі.
Ақынның жуырда ғана "Күн қызы" атты жыр жинағы жарыққа шықты. Бұл жинаққа ақын әрі жазушы Мәулен Әнербайдың әр жылдары жазған шығармалары топтастырылған. Автор өлеңдері арқылы сыршыл лириканы жырласа, әңгімелеріне ауыл тақырыбын арқау етеді. Сол арқылы ұлттық салт-дәстүр, ырым-тиымдарды алға тартады. Өскелең ұрпаққа тамыры тереңге тартқан қатпарлы тарихты ұғындырып, ата-баба ерлігін үлгі қылып көрсетеді.
Олай болса Мәуленнің бір топ өлеңдерін оқырмандар назарына ұсынамыз.
Жүрші бірге...
Білесің бе, жолымыз бірге ме еді?
Сезесің бе, тапсырдым кімге, нені?
Жаратқан кезіктірген сәттен бастап,
Сөгілді күдігімнің іргелері,
Күні бойы күтесің xабарымды,
Сағынасың содан соң түнде мені.
Иә, солай! Айтып тұр қас, қабағың,
Тіледің аумасын деп бастан бағым.
Алақандай суретті, білсең мен де,
Күн сайын ұйықтар алдын жастанамын.
Мендей жанға қуаныш сыйлаған соң,
Сендей аппақ сезімді ластамадым.
Қалқан барда қақым жоқ күрсінуге,
Шапақ шашқан таңыма түн сіңуде.
Келешектен күтемін көп үмітті,
Сенсіз өтер өмірім құрсын мүлде.
Қазіргінің қадірін ұғынайық,
Болашақты жасайық жүрші бірге.
Қалай ғана?
Қалай ғана сезбегем бұрын мұны?
Қарақшыдай қарып жүр, сырымды ұры.
Құрық тиіп көрмеген жүрегімнің,
Шыр-пыр болып кезіп жүр құлын үні.
Естідің ғой сол үнді түріп құлақ,
"Балқытып ап, қайтадан құнықтырад".
Маған таныс ып-ыстық ықыласын,
Қырсықтығың үшін де суып тынад.
Жақсы, мұның барлығын жалған делік.
Есіңде ме? Беруші ек таңдарға ерік,
Талай түнді жамылып, сыр шертіскен.
Аспан ауса айрылмас жандар едік.
Жұлдыз санап, бақылар ай мүсінін,
Сол бір сәттер жаныма жайлы, шыным.
Көп айтылып қойған-ау біздер жайлы,
Көзі тиіп кетті екен қай кісінің?
Аппақ білегің...
Ернің де жұмсақ,
Аппақ білегің,
Талдырмаш денең, нәзік жүрегің.
Жанымда жатып ояңғың келед,
Тәңірден мен де соны тіледім.
Қылығың құнды,
Күлкің бар ізгі,
Күттім ғой ұзақ өзіңдей қызды.
Маxаббат дейтін ертегі әлем,
Тербейді, Қалқам, үнемі бізді.
Қызарған бетің,
Алау, от - жанған,
Сезім сиқырлы біз жайлы салды ән.
Мен сені күтіп күн кешкенімде,
Бізді тосады бар бақыт алдан.
Балқытар бірден,
Ыстық құшағың,
Еріксіз мен де қатты қысамын.
Денемді тінтіп демің кеткенде,
Теңізді кешіп, көкке ұшамын.
Жолығып ек екеуміз, қайдан, қалай?
Жолығып ек екеуміз, қайдан, қалай?
Ғашық боп қала берді қайран бала-ай.
Қашық қып, ғайып қылды қатал тағдыр.
Көңілім жіпсіз соған байланғаны-ай.
Қайрылмай кетесің бе, өстіп мүлде?
Елең етем, есімің естілгенде.
Жаңбыр тағы жауды ғой, бұлдап жасын,
Көз байланып, қараңғы, кеш кіргенде.
Кеш кіргенде, жел жүйіткіп, сабылған-ай.
Барады бұлт тілекті қабылдамай.
Менің аңғал көңілім сияқтанып,
Жауа берді жауын да дамылдамай.
Содан кейін.... Төгіледі бұлақ-нұр,
Жапырақта тамшыларым жылап тұр.
Кеудемдегі жұдырықтай жүрегім
Тәңірінен сені ғана сұрап тұр.
Жетем деп ем, жеткізбейтін желік бұл.
Өтем бәлкім бал қиялға сеніп құр.
Терезеден сығалаған елесің,
Қалымды емес, өлең сұрап келіп тұр.
Көктем келді ғой
Не жетсін күн көзі өпкенге?!
Сағынар сол шақты көп пенде.
Тау асып, қыр кезіп кетуші-ек,
Қыз-ұлдар жиылып көктемде.
Жыл құсы кең серпіп қанатын,
Мен үшін бұл мезгіл дара тым.
Қыстан соң қыраулы иығын,
Алатау сілкінтіп алатын.
Қанбайды-ау бір сәтке сейілің,
Күтесің көп қыздан мейірім.
Қарт ана Алматым тағы да,
Арнайтын жылылық пейілін.
Жайым жоқ көңілді қыс қылар,
Көп жандар боп алды тыс құмар.
Ұрындап келетін жігіттер,
Жатақтың түбінде ысқырар.
Көктем келді ғой...
Жиырма бес
Қабыл ап жиырма бестің жасын ерек,
Кеудеме арман біткен асылды кеп,
Жырлау үшін өзіңді, айтшы өмір,
Қанша ма ғасыр керек?
Қанша жанға сыйлар ең шабытыңды?
Тағдыр - өлең, шұмақ боп ағытылды,
Қай жағаңа тірейсің енді мені?
Енді қайда бұрасың бағытыңды?
Ғұмырда тірі жанға өшіктірме,
Сенімім кетпесінші көшіп мүлде.
Өткенімді өтінінем ұмыттырма,
Алдағы бақытымнан кешіктірме.
Бұл жылым қыз сипатты асыл мүсін,
Үміттің есіктері ашылды шын,
Жарқ етер көктен түскен жасындайын,
Беу, жиырма бес, жігіттің жасымысың?
Каспийге сыр
Қанша заман өтті екен, қанша ма адам?
Қанша қанжар жуылды қан саулаған?
Теңіздің толқынына тербелем деп.
Келіп тұр жаман балаң аңсары ауған.
Қабыл ал, албырт көңіл, пиғылымды.
Жазыпты маңдайыма сыйлы күнді,
Жел түрткен қарт Каспийдің қартаң үні,
Боздаған ақ інгендей күйлі, мұңлы.
Өтпелі өмір ендігі елер кімді?
Боп қалар басқаларға кемем үлгі,
Аман бол ақ жүректі ,батыс жұрты!
Кім білсін қашан енді келерімді.
Жаңбыр жыр
Ғажап қандай, жаңбыр жауса дамылсыз,
Тамшы-аспанға телміреді тау үнсіз.
Сипап самал, аймаласын ғаламды,
Дала жетім найзағайсыз, дауылсыз.
Күн күркіреп, күңгірт тартсын айнала,
Сіркіреп тұр нөсер біткен қайда да.
Жылғалардан жылжып аққан тұмамен,
Терек-тал да шайқалады жай ғана.
Өзен тасып, теңіз, көл де туласын,
Көрсетпейді-ау, толқын қайғы, көз жасын.
Адамзаттан қорлық көрген табиғат,
Тарықса да тарту етер олжасын.
Жел жүйткісе...
Бұлт аспаннан сөгілер,
Шуақ түссе, жапыраққа өң кірер.
Шық боп тұнған гүл біткеннің сабағы,
Шабыт түртсе өлең болып өрілер.
Ана, сенің алдыңда
Тағдыр салған әжімдей,
Салмағын-ай ғасырдың.
Хан біткеннің тәжіндей,
Алдыңа кеп бас ұрдым.
Бас ұрдым да, тәу еттім,
Қайта оралдым қасыңа.
Қырман-қырман бау ектім,
Ана, сенің жасыңа.
Жемісіндей бақтардың,
Жайқалады жаның шын.
Көңілімді ақтардым,
Арым, бағым, барымсын.
Қашықтасын қайғы, мұң,
Арайлы атар, таң білем.
Асқақтаса айбыным,
Атыңды айтам алдымен.
Не құдірет бар мұнда?
Майсайраймын тасаңда.
Ана, сенің алдыңда,
Аласамыз қашан да.
Есіңде білем...
Есіңде, білем, есімде,
Ұмытуға да xақым жоқ.
Есептесейін десем де,
Алатын бірақ ақым жоқ.
Сары мұң артқан күз кетер.
Сенсіз де өтер бұл ақпан.
Естелікті енді іздеймін,
Таңдардан. Түннен. Шуақтан.
Күтемін үзбей үмітті.
Ап келер солар жаңалық,
Шын сүйген жанға бұйырар.
Бақытты күннің бары анық.
Өткенге бір кез қол сала,
Сағындың сен де, солай ғой?!
Жолығу қиын болса да,
Кездеспей кету оңай ғой...
Күн қызы
Күңгірт кеш. Күрсініс. Тамұқ түн,
Бұлт торлап жанымды тарықтым.
Қаңғыбас қиялым кетті алыс,
Сен алыс, мен алыс....
Жаңа ұқтым.
Суларын толқытып жағаның,
Жел сынды жұлмалап соғар мұң.
Мұңая мүлгіген қайыңның
Аймалап ай тұрды сабағын.
Сен тұрдың..
Сен емес елесің,
Тіпті сол көңілді демесін.
Тағы да тұман түн жанымда,
Айтшы сен қай күні келесің?
Көп сырды таңдардан бүркедім,
Қайғымның бермейді жұрт емін.
Көлеңке тұсымды сейілтер,
Түбі мен Күн қызын күтемін.
Қоштасқым келмейді, себебі...
Селк етіп, үмітім сезілді,
Бос қиял бір сәтке көз ілді.
Таусылды, сарқылып шыдамым,
Шыңдаймын қайтадан төзімді.
Сүйгенім сорым ба, бағым ба?
Құлпыршы ақ моншақ тағын да,
Қол созып түсімде жүресің,
Өңімде айналып сағымға.
Сезім - пәк бүршіктей бүрлеген,
Сан қилы күй кешем күн де мен.
Қағида, қалыпқа сыймайтын,
Арнайын мен саған бір өлең.
Жігерім от сыйла жалынды,
Шабытым тасытшы қанымды.
Қиылған қасыңа ғашық боп,
Қиямын қолдағы барымды.
Аламын өзімді жиі алдап,
Тойым көп тағдырдан сый алмақ.
Кезім жоқ есімнен шығарған,
Сәт сайын ойлаймын, қиялдап.
Шуақ сеп қажыған жаныма,
Әр берші әр атар таңыма.
Қоштасқым келмейді, себебі,
Кездескім келеді тағы да.