- Негізгі бет
- Поэзия
- Mary Huvanna: "Қанатыма...
Mary Huvanna: "Қанатыма қолың тиіп кетпесін"
Оқырман қауым назарына "Mary Huvanna" деген бүркеншік атпен танылып келе жатқан жас ақынның бір топ өлеңін ұсынамыз. Mary Huvanna Алматы қаласында өмірге келген. Азаматтық Авиация Академиясының түлегі.
Қанатыма қолың тиіп кетпесін
Сезімдерің тарап-тарап кеткесін,
Жаның менен бір жылулық күтпесін.
Адамдардан үркіп қалғам, сондықтан,
Қанатыма қолың тиіп кетпесін.
Жүрегіңнің тыңдамаймын өкпесін,
Жолың енді басқа жаққа беттесін.
Көздеріме жанарың байланбасын,
Қанатыма қолың тиіп кетпесін.
Мені адамдар "жабайы" деп сөкпесін,
Қанатыма улы бояу төккесін,
Қорғап келем, тығып келем бәрінен,
Сондықтан да қолың тиіп кетпесін.
Енді ешкімді жүрек жақын етпесін,
Енді ешкімге анық еріп кетпесім.
Ең бастысы көңіліме сөздерің,
Қанатыма қолың тиіп кетпесін.
©eksmo.ru
***
Бүгін өлең оқыдым...
Күллі жұрттың алдында,
Содан, бәлкім, сезіктеніп қалдым ба,
Түн ішінде өксік толып кеудеме,
Түн ішінде бар жырымды алдым да,
Қамап қойдым тар тапастау бөлмеге...
Себебі бүгін өлең оқыдым,
Сезімдерді ақтарып,
Сол ісімнен қалатындай бақ дарып...
Бірақ түнде құшып алып жанымды,
Жан алдында ала алмадым ақталып,
Тізерлетіп болмысымды, барымды...
Себебі өлең оқыдым...
Әр жүректің түкпіріне мекендеп,
Мені біреу ұғынар ма екен деп,
Сыр ашудан жүрек шіркін қорқа ма?
Бірақ маған сенбей қалар екен деп,
Жанымды алып тастай салдым ортаға...
Себебі өлең оқыдым...
"Міне, - дедім, - менің жаным, көріңдер!
Тұрдым дағы кең бөлменің төрінде
Алдыменен жұлып алдым көйлегін,
Содан кейін тарқатылды өрімдер...
Неге жанды жалаңаштап сөйледім???
Себебі өлең оқыдым...
Өлеңіме кеткенім-ай кірісіп,
Жұрт алдында әрі-бері ұрысып,
Жанды сөге нық басылды қадамдар!
Жаным жатты бір бұрышта бүрісіп,
Тесірейіп қарап тұрды адамдар...
Бүгін өлең оқыдым...
Іштегімді жалаңаштап алдым да,
Тұрып алып күллі жұрттың алдында,
Бірақ жанға тыным бермей әлдене,
Содан, бәлкім, сезіктеніп қалдым ба,
Түн ішінде өксік толды кеудеме...
Жалғыз өзім қалғанда...
***
" Жалғанның жалғандығын ұғынғаныңда,
Жүрегің ауызыңа кеп тығылғанында,
Мәреге жете бере жығылғаныңда,
Жаныңда қолдайтын бір адам болад.
Бар қайғы-мұң басыңа төгілгенінде,
Жүрегің суық сөзден сөгілгенінде,
Жауындайын өз-өзіңнен егілгеніңде,
Жаныңда жұбатар бір адам болад.
Өміріңе ұсқынсыз күн ағылғанында,
Қатал тағдыр заңына бағынғаныңда,
Біреулерді өлердей сағынғаныңда,
Жаныңда сүйейтін бір адам болад.
Бір үміттен біржола қағылғаныңда,
Шабыт үшін көңілге жағынғаныңда,
Жол көрсетер бар шамың шағылғанында,
Жаныңда сөнбейтін бір адам болад.
Жаныңды бір жеңіл мұң баурағанында,
Сүйгеніңді басқа адам жаулағанында,
Боран қарып бетіңді, жаурағаныңда,
Жаныңда жылытар бір адам болад.
"Дәмін көр" деп өмірден у берілгенінде,
Бір маңызды күрестен жеңілгеніңде,
Немесе күрессіз-ақ берілгеніңде,
Саған ғана сенетін бір адам болад.
Ауыр ойға кісендей байланғаныңда,
Ашу, ыза, ренішке жайланғаныңда,
Ашынып айдаһарға айналғаныңда,
Өзіңнен де қорғайтын бір адам болад...
Ол мен болам..."
***
Сенен ғана гүл күтетін алқызыл,
Өзіңді ойлап қарсы алатын таң жүзін,
Көңілімнен шықпай қойған жалғызым–
Емессің. Тек шабытымсың.
Маған сен де мақтау айтып үн қаттың,
Әр бір сөзің соншалықты қымбат тым,
Әлемдегі ең бір сыйлы қымбаттым–
Емессің. Тек шабытымсың.
Жасырмайтын сөздерімнің ашығын,
Көрсетпей-ақ сағынатын жасырын,
Жүрегімді жаулап алған ғашығым–
Емессің. Тек шабытымсың.
Жан жағымды қараңғы қып үйіп түн,
Басқалардан тұратұғын биік тым,
Талай жаннан таңдап алған сүйіктім–
Емессің. Тек шабытымсың...
Ойнап айтам...
©the-steppe.com
Мен кіммін?
Мейірімсіз қаңбақпын,
Мейірім толы әлемнен
Мейірімге қанбаппын,
Себебі мен қаңбақпын,
Себебі мен қаңбақпын!
Бір аруға сыйланбай
Бостандықта қалмақпын,
Бос өмірді таңдаппын,
Себебі мен қаңбақпын.
Қаңбақ деген не өзі?
Ағаш та емес, гүл де емес,
Жанына кеп бір адам:
- Меніменен жүр, - демес,
Басып кетсе бір табан,
Обал да емес, мұң да емес,
Себебі қаңбақ гүлдемес,
Себебі қаңбақ үндемес!
Қаңбақ деген не өзі?
Күн көзіне күймейді,
Бұтақтары қураған,
Жалғыз өзі билейді,
Өмір жолда бұралаң,
Оны жел де сүймейді,
Алып ұшқан, тулаған,
Оны жел де сүймейді!
Мен жеңілтек қаңбақпын,
Жүгі жең іл өмірден
Ауырын алдым салмақтың,
Шықпай ешбір көңілден
Өртенбекпін, жанбақпын!
Өртенсем де, күйсем де,
Қаңбақ болып қалмақпын!
Мына әлемнің бір көзі,
Мені іздеп аңдымас,
Қаңбақ деген кім өзі?
Жүрегі жоқ қаңғыбас!