Марлен Ғилымхан: "Күп-күрең Күзге Көктемді арнадым..."

Марлен Ғилымхан – 1998 жылы 4 наурызда Орал қаласында  дүниеге келген. М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті, филология факультетінің II курс студенті. 

Ақын жаны – жұмбақ әлем. Кеңістік пен уақыттың арасында адасқан ақын дөңгеленген дүниенің сан қыры мен сырына тереңдей бойлап, бәрін ақ қағазға төгеді. Бүгін сіздерге болашағынан зор үміт күттіретін ақын Марлен Ғилымханның бір топ лирикалық өлеңдерін ұсынамыз. 

Жолбейне 

«Құс ұшу үшін жаралған, 
адам бақыт үшін жаралған» 
                   Иван Бунин 

Шырын қылғыттым Құсалылардан, 
Бір ұрттап едім... 
Таусылды! 
Ең асқақ шыңды құшағыма алғам, 
Тез ери қойды қар сынды. 

Бағым уыстан сусып ағатын, 
Жасырары жоқ мөлдір су. 
Мендегі тынбай шу шығаратын, 
Сезім алдында көлгірсу! 

Желетектердің дегбірі қайда, 
Берекет бермей ұқпаған! 
Мен Күндіз тұрам телміріп Айға, 
Түн болса Күнге сұқтанам! 

Күп-күрең Күзге Көктемді арнадым, 
Жердегі нәзік соқпақ құр. 
Өмір досыма өкпемді арнадым, 
Уақыт дейсің бе?! 
Тоқтап тұр! 

Қай шақта өзімнен өзгеге ашылам, 
Аймалай берді Қала арын, 
Көкпеңбек тастың көзқарасынан, 
Жабығып қалған жанарым. 

Көшуге көнді-ау соры ұлып барып, 
Бұлттардың ұстап біреуін, 
Бақытқа бейқам жолығып қалып, 
Торығып кеткен Жүрегім...

*** 
Сен кетіп барасың... 

Сұрағымды басыңа жүз бәле етіп, 
Қимастықтан кеудең де сызға кетіп, 
Қарға аунаған шақтардың ызғары өтіп, 

Қайта оралмас сәттерді түстей құрап, 
Қуанышың бойыңда піспей құлап, 
Ешбіреуге тіс жармай, іштей жылап, 

Өңіңменен жабырқау күйге кетпек, 
Кескініңмен қабақты түйген ептеп, 
Сағыныштың сұлбасын сүйрелектеп, 

Боран ойың ұйытқып, таңда ысқырып, 
Сезіміме амалсыз қар құштырып, 
Жиі-жиі шаншытып жанды ішкі үміт, 

Сұлу жүзден уайымды сорғалатып, 
Соңыңдағы қалғандай жолда бақыт, 
Жүрген сайын жүгіңді тонналатып, 

Құштарлықтың қасына тағы аялдай, 
Аңсап өтер күндерді санай алмай, 
Артта қалған ауылға қарай алмай, 

Уақытты ойлап екеуміз жолығыспақ, 
Толқыныспен жаныңды соры қыспақ, 
Бір ақынның жүрегін қолыңа ұстап, 

Сен кетіп барасың... 


Иллюзия 

Ол отыр ма жарық көзін жұмғызбай, 
Түн біреуді тәтті ұйқыдан тұрғызбай. 
Ұстай қалсам сұлу Күннің белінен, 
Ту сыртымнан қадалады күндізгі Ай. 

Куәгерім - ауа да үнсіз қаңғымақ, 
Жұлдыз біткен оянған ба қалғып ап?! 
Шуақ барда елесін де еске алмай, 
Тұрам сосын басым төмен салбырап. 

Қанаттардың сусылында қалықтап, 
Менен ұшып бара ма өзі жан ықтап?! 
...Кең теңізді сүңгіп өтіп дем алмай, 
Тамшы ұшында дірілдеймін талып қап. 

Қалжырайды тінтіп інін тар ойдың, 
Таныта алмай кеңістікке сана айбын. 
Тілеуіне тілім иіп тәнімнің, 
Жүрегіме сүмірейіп қараймын. 

Кенет көңіл жанарына жас алды, 
Ғайыпқа ертті өлеңі де масаңды. 
Кеуде ішінен ес жаңыла кеуде аңсап, 
Аспан әні айтылады қашанғы?! 

Ту сыртымда Ай тұрады қашанғы?!. 

*** 
Қолдағы барын Күн қия қалған, 
Қандырған ұзақ нұры құмарын. 
Самайда шашы бірдей ағарған, 
Қос ағаш күлер бұрымы қалың. 

Біреуін жатыр аймалап аспан, 
Жел алақаны мойнын қытықтап. 
Жапырақ үндер сайрап адасқан, 
Кеудеге тәтті ой қылғынып қап. 

...Шынтақ лақтырып белдің беліне, 
Өз білегіне құсты қондырып. 
Бірі тұншығып жердің деміне, 
Шашар xош иіс ұсқыны өндіріп! 

Жүзіне гүлдей өлең төселіп, 
Көзқарасының сыры күшінде! 
Жанындағыға көлеңке сорып, 
Маңдай көрсетіп тұруы үшін бе?! 

Аласа болды ол неліктен?.. 

*** 
Сәл өктем сәтке өкпелеп қалды, 
Булығуына оны бауратқан бір дем! 
Кенет төкпелеп қалды, 
...Жаурап қалдым мен. 

Күлімкөз Көгім күркілдеп қалды, 
Өкпе ме?! 
Анық мәнісі кімге? 
Жауынның жағы біртіндеп талды, 
Дәрісі Күн бе?! 

Реніш-көңілдер басылып қалды, 
Сезген ненің де еркін қосарын! 
...Кешіріміндей мойнына асылып қалды, 
кемпірқосағым! 

Эмуляция. Ауа.

Кескінсіз дене құшып Қара жер,
Куәгер екен күллі қыбырға.
Ішірткі қылып ішіп барады ол,
Құлшыныс сыйлап түрлі ғұмырға.

Аңқаны керер будақ мақұлық,
Жұмбағы молдың нақұрысы қай?!
Тым таза тәнде тулап та тұрып
пәк иіс кейде қаңқа кезеді,
...пақыр ісін-ай! 
Мөлдір құшақта
бар демнің қаңғыр түсі көп,
Аңсар - кеудеге сезіммен
енетін сыңар.
Мүмкін,
оның шөлін қандырғысы кеп,
Адамдар шылым шегетін шығар...

Тазалық қалар!
Пәктікті аңсайды!
Қалауын ұқтық оңып қайдан біз?
Ғасырларды іштік,
Жылдарды жедік!
Шақтық қанша айды?
Аңсарын ағат жорып қойғанбыз!

...Жүрегіңді берші Адамға?! 

Құрбан 

Сүюге бәрін хақы бар еді, 
Ақтарылғаны кімге қашық? 
Өзіне ғашық Ақын әуелі, 
Әсемдігі үшін гүлге ғашық! 

Тағдыры жас жоқ ішінде мүлде, 
Өлі жанардан ауырма еді! 
Ғажайыбы аңқып түсінде жүр ме, 
Уақытқа сіңген дәуірлері? 

Тұңғиық ойын сілкіп ішкені, 
Төңкере төгіп жанашырға. 
Тізбек жылдардың күрсіністері, 
Талмай сөйлейді санасында. 

Саптыаяқтарды көтере күлген, 
Жоғалып жалын жастағы леп. 
Өктем бір шақта өте ме өмірден, 
Түсінер ме оны басқа жүрек?! 

Шексіздіктерге ұласып өңі, 
Құшақтап алған айы дұға. 
«...Ақын болғаны – кінәсі ме еді, 
Сезімталдығы – айыбы ма?» 

Қапаға қанып жүрсін дейсің бе, 
Кей кеуделерде жыр қаңғыды. 
Осыған қарап күлсін дейсің бе, 
Болашағының құрбандығы?! 

Бейнелер бұлдыр басын ұрған ғой, 
Зілмауыр жүкті арқа таңса. 
Ғұмырға сыры жасырылған ғой, 
Шешімін пенде тарқата алса. 

Жанын түңілген шағы жеп оңса, 
Жүрегі жұмбақ жеке ғалам. 
...Тәңір бұйыртқан бағы не болса, 
Сонымен сорлап кете ме адам?!