Мақпалдың нәзік мақамы

Поэзия «ауырлығы табыттай, жеңілдігі көбіктей екі сөзді» қатар қойғанды ұнатпайтын жанр деседі. Бүгінгі эстрада мен техниканың заманында әдебиетке орын жоқ дейтіндер де табылмай ма?! Бірақ оған кім сенсін. Жұмекен абызымыз «поэзия жаңашыл жанр, жаңалықты жаңалық қана ескірте алады» дейді. Ендеше жаңалықтың көкесін поэзиядан күтпегенде, әдебиеттен күтпегенде, неден күтпекпіз?

Жақыннан бері Мақпал Жұмабаймен танысып, білісіп, жырларына қаныққанымыз бар. Мақпал өз өлеңдерін өзі мақамдап, гитарамен айтады екен. Бұл да бір жаңалық деп қабылдаңыз. Және көп жаңалықтың басы дерсіз. Қарақұрым оқырманына жырын жеткізудің жолын тапқан Мақпалдың жыр қоржынындағы шашуын сіздердің назарларыңызға ұсынып отырмыз, мәртебелі оқырман.

Бағашар Тұрсынбайұлы

Мақпал Жұмабай

Үміт

Үміт, маған кеше керек едің Сен!

Бүгін мені мазалама.

Өтінем...

Үлпілдеген үміттерім бар еді,

Сөніп-сөніп қалды бәрі шетінен.

 

Мен есігін қаға бердім Бақыттың.

Кеудемдегі сол-ақ болды өжеттік.

Оның-дағы беті қайта бастады,

Маған неге жетпей қойды кезек түк?!

 

Мойындауға күшім жетпей.

Егілдім.

Адаспайтын секілді  еді мендік Ой.

Адам өзін аялауды қойғанда,

Өмір оны аямайды екен ғой...

 

...Көңілімнің кірпіктерін сілкимін.

Сенем! Сенем!

Дүниеде бар кәусарлық!

Тамырымда лүпіл қаға бастады

Бабалардан қалған ұлы қайсарлық.

 

Жеңілуге қақым жоғын сеземін.

Бауырымда – бота көзді ботам бар!

Шегінуге қақым жоғын сеземін.

Жүрегімде – мөлт-мөлт еткен Отан бар!

 

Үміт!

Қош келдің?!

 

Жалғызым

Жұлдыз тамып, бір-бір үміт сөнеді.

...Көк жүзіне қарамайды ел енді...

Сен аспанды көре алмай қалды деп,

Асфальттардан аршып алғым келеді...

 

Қайда барсам, қайда шықсам Ой тауы.

Ой таулардан тек мұңайып қайтамын.

Сен булығып... жылап жатыр екен деп,

Мен үнемі бесік жырын айтамын...

 

Діріл қақты, діріл қақты кіл айдын.

...Бұл адамдар қорықпайтын сыңайлы...

Сен құмығып... үрейленіп кетті деп,

Заманадан тек тыныштық сұраймын.

 

Сені көрсем, жылап-жылап жасыған,

Мен қалайша үнсіз қалам?! Басылам?!

Сен күрсініп... уайымдап  қалар  деп,

Мен өзіңнен көз жасымды жасырам,

Жерім менің...

Жерім менің...

 

Сор

Арманнан да асқақ едім...

Аспан едім. Дастан едім...

Дөп-дөңгелек дүниенің

Дүрмегінен бостан едім...

 

Екі жүзді заманаға

Қалай лайық болам, ана?!

Жан дауысы жүрегімнің

Естіледі маған ғана...

 

Менің жырым тұнық әлі...

Тас қалада құмығады.

Ұшырмақ ем, кең далаға

Асфальтқа кеп жығылады...

 

Асыл сөзім – қор болғандай.

Асыл сезім – сор болғандай.

Құлағыма үн келеді:

О, сормаңдай! О, сормаңдай!

 

Көкейімді тесті алаң...

Мың қасірет кешті далам...

Дүние, сенің бетпердеңді

Мен бәрібір шешіп алам!

 

Қарайлайды ботам маған:

Оттан ыстық Отан маған!

Жан анаңның көз жасы боп,

Жылап тұрған Отан-Анаң!

 

...Жан анамның көз жасы боп,

Жылап тұрған Отан-Анам...

 

***

Көкейімдегі көтерілістерді басып жаншыған

Мен – Көсеммін.

Заманаларда қалған   есеңмін.

Қазағым,  мен тыңдаушысы кем

шешенмін...

 

Кеудемдегі алапат дауылдардан қалай аман қалып ем?

Білмеймін.

Басыңа төнген бұлтты

сын деймін.

Қазағым, мен сел  болып тасып, Сен болып 

сөйлеймін.

 

2 млн 724 мың  900 шаршы шақырым туған жерге

жыр белгі қадап.

Әр тасыңа айтқым келеді мадақ.

Қазағым, мақпал жүрегімнің лүпілі де – азат!

Мен де – Азат!

Осы сезім ғажап!

Осы сезім ғажап!

 

МАСКА

 Жымидым.
Осылайша күлгеніме қанша уақ?!
Кетті жаным өртеніп...
Менің маскам - еркелік.

Құладым.
Тіктеле алмағаныма қанша уақ?!
Бола алмадым мұңсыз түк...
Менің маскам - үнсіздік.

Шыңғырдым.
Шындық іздегеніме қанша уақ?!
Оны жабылып... Өлтірдік...
Менің маскам - еркіндік.

 

Шындық

Мені мәңгі тастап кеткен Дауыс.

Оралды қайта...

Түйсік түбінен.

Ол да – ауыш. Мен де – ауыш.

Бірімізсіз біріміз.

Өмір

Сүре алмайтынымызды біліп ем.

 

Мені мәңгі тастап кеткен Балалық.

Оралды қайта...

Тылсым түсіммен.

Ол – жанайқай. Жанарыма қалған қамалып.

Бірімізді біріміз.

Мүлде

Ұмыта алмайтынымызды түсінем.

 

Мені мәңгі тастап кеткен Өкініш.

Оралды қайта...

Жаралы кезінен.

Ол – мен ешқашан өте алмайтын бекініс.

Бірімізсіз біріміз.

Ақырғы күні

Өле алмайтынымызды сезінем.

 

Мені бір сәт тастамайтын мың бір Мұң.

Кетеді қайда?!

Мұңстанынан...

Ол – менің шыңғырған шындығым.

Бірімізбен біріміз.

Мәңгі...

Келісімге

Келе алмайтынымызды ұғынам.

 

Ұйқысыздық

 Көзімді жұмсам...
Мөлт-мөлт етіп жанары
Маған қарап тұрар Жылдар жаралы
Олар маған мың-мың сауал қояды
Менде жауап жоқ әлі...

Көзімді жұмсам...
Жалт-жұлт етіп көздері
Маған қарап тұрар Бала кездерім.
Оған берген уәделерім көп еді.
Солар мені тығырыққа тіреді...

Көзімді жұмсам...
Таусылып бар төзімі
Маған қарап тұарар Мұңды сезімім.
Бұл күнде мен болып алдым ақылды
Ал сезімім шарқ ұрды.

Көзімді жұмсам...
Жүзі айғыз-айғыз боп.
Маған қарап тұрар Ұлы Жалғыздық.
Күні бойы одан үнсіз қашамын.
Ал ол мені түні бойы тосады.

Көзімді жұмсам...
Лүп-лүп етіп жүрегім
Өзім ылғи құстай ұшып жүремін.
Өз елесім маған тыным бермейді,
Менің мүлдем Елес болғым келмейді.

...Ұйықтамаймын...

 

Қара жәшік

Әр адамның ішінде ешкім аша алмайтын, ешқашан ашылмайтын

бір-бір «қара жәшік» бар...

Кірпігіме ілінген күннің бәрін өзіңе.

Көкіректі кернеген мұңның бәрін өзіңе.

О, алыстан мұнартқан шыңның бәрін өзіңе.

Өлеңге де айтпайтын сырдың бәрін өзіңе

Сақтап қоямын...

 

Өзім ғана сенетін шындығымды өзіңе.

Өзім ғана сүретін тірлігімді өзіңе.

Өзім ғана еститін күмбірімді өзіңе.

Мойындағым келмейтін сұмдығымды өзіңе

Сақтап қоямын...

 

Мейіріммен қараған көздің бәрін өзіңе.

Анам айтқан аяулы сөздің бәрін өзіңе.

Тағдырымды сел еткен тездің бәрін өзіңе.

Өтті деуге қимайтын кездің бәрін өзіңе

Сақтап қоямын...

 

Үзілейін деп тұрған төзімімді өзіңе.

Алданбауға үйреткен сезігімді өзіңе.

Мені Жерде бар еткен сезімімді өзіңе.

Мені түбі өлтірер сол сезімді өзіңе

Сақтап қоямын...

 

Қасіретті һәм сұлу заманымды өзіңе.

Кең даламда жаңғырған азалы үнді өзіңе.

Мөлт-мөлт етіп жас тұнған жанарымды өзіңе.

Жылап тұрып сүйетін қазағымды өзіңе

Сақтап қоямын...

Қара жәшік...

Дайындаған: Қайсар Қауымбек

Сурет: photo.99px.ru