Мақпал Төребек: «Сүйе салшы басқаны»

Жиырмасында баспын дер ер қазақтың ұрпағы, Фариза мен Марфуғаның сарқыты, жас ақын Мақпал Төребек Массагет сайтында поэзия-блогтарын жариялап тұратын. Қаршадай қыздың қаламынан туған жанды жырлар әр бойжеткеннің жүргінен шыққандай сезім қалдырады. "Тірі өлеңімен" жұрттың жүрегін жаулап жүрген Мақпал Төребектің өлеңдерін оқып, шөл қандырыңыздар.

Ұрыспаңызшы...

Күндеріме куәгерсіз күлген көп,
Жүрегіме жүрсіз құлақ түрген боп.
Сізді маған жаман деген адамдар,
Өмір бойы жақпайтынын білген жоқ.

Білмеді ме, құтқармақ боп қиыннан,
Айырғанын алдыңызда сыйымнан.
Сізді маған лайық емес дегендер,
Өз қадірін жоғалтты оңай бұйырған.

Күндерім көп өз-өзімді ұқпаған,
Мына қала ұнамайды түк маған.
Сағынышқа тұнған алып кеудемді,
Көтеруден шаршадым жан шықпаған.

Қайырлы ісі, қалауы ма Құдайдың,
Солай болса кімнен бақыт сұраймын.
Адамдарды жек көрер ем... адамсыз...
Ұрыспаңызшы, мен тағы да жылаймын.

Сүйе салшы басқаны!

Жүрегіме салынды білдей құлып,
Жылатып ең, ең алғаш күлмей тұрып.
Сені сүю – бақытым шығар дегем,
Бақытсыздық екенін білмей тұрып. 

Тіл қатқаннан ұнайтын үндемесің,
Кетсең де анық қаралап, күндемесім.
Сені сүю – жазмышым шығар дегем,
Пешенемде жоғыңды білмегесін.

Тірлігіміз жоқ еді-ау ардан қашқан,
Бізден жан бар ма еді талғамда асқан.
Тағдыр менен оп-оңай тартып алды,
Күліп тұрып сені оңай арланбастан.

Бізді солай ақыры ешкім қоспады,
Бәрі шығар бір Алланың жоспары.
Мен тұрмысқа шыға салам әйтеуір,
Жай әншейін сүйе салшы басқаны!

Мен...

Мен бүгін көңілсізбін...
Қыз болған қандай қиын сезім болса,
Сарқылар, сабылып ой, төзім қанша.
Үндемей жүре берші... Солай етсең,
ұнатпай кетемін-ау өзіңді онша.

Мен бүгін мазасызбын...
Ықыласым аумайды өзім ұнағанға,
«Бақ бар!»-деп сабыр етем шыдағанға.
Білмегендей жүре берші... Солай етсең,
хәлімді де сұрама бірақ онда!

Мен бүгін назданбаймын...
Жақсы көру баз кешу деп тұспалдадым,
Асығып, қызығыппын құшқанға мұң.
Ұқпағандай жүре берші... Солай етсең,
Тілеші үмітімнен түк қалмауын!

Мен бүгін жымиямын...
Жымиям да түк ұқпай күрсінемін,
(Жанымда, Құдай жазып, жүрші менің).
Мен де енді үндемеймін мұнан кейін, 
Йә, негізі осындай қырсық едім!

Жазығым не жылатардай, ішің білсін,
(Бір жанмен көп суретке түсіп жүрсің).
Бұл жүрек күткеніңде бұрылмауын,
Сүймегенін сосын неге түсіндірсін!

О бастан жар болғанды сүйем дегем,
(Сүйем деп ең, басыңа бақ үйем деп ең).
Маған ешкім аттатпады босағаңды,
Саған атақ бермеді ешкім күйеу деген.

Деп едім ғой, әлі бір жан зерек ұнар,
Қамықпа, маған сабыр береді ұғар.
Саған екеу болған құп жарасымды,
Маған біраз жалғыз қалу керек шығар.

Біреу болып хәлімді енді сұрама көп,
(Бас тартуым қажет ед ұнағанда-ақ).
Сүйгендігің рас болса жалғыздығың,
тым болмаса неге жылға шыдаған жоқ?

Қарсылығы елдердің... ...құтқармадың!
Астанаға кету ма, айтшы, ұтқандағың.
Мендей емес мейірбан болсыншы ұдай,
Алдыңнан мен кеткенде шыққан бағың.

Жек көрмеймін! Шын қуандым осыған,
Күндеріңе себепкер де ем жасыған.
Мен сыйлаймын, білесің ғой бұрыннан,
Сен өмірді бастап кеткен басынан.

Сұлу сүйіп, бақ құшып, бала бағып,
Жақсы әке болатының маған анық.
Маңдайымда біреу бар, алаңдамай
Тойларыңа бір шоқ гүл барам алып.

Ол білмейді...

Ол білмейді, тағатсыздана хатын күткенімді,
Ол білмейді, суретке қарап қажып біткенімді.
Ол білмейді, өзін тыңдауға тырысатынымды,
Ол білмейді, өзіме ол үшін ұрысатынымды.
Ол білмейді, іштей өзін мойындайтынымды,
Ол білмейді, өмірінен жойылмайтынымды.
Ол білмейді, менің ұдайы дұғамда екенін,
Ол білмейді, бітпейтін өзі шығарма екенін.
Ол білмейді, маған қолы оңай жететінін әлі,
Ол білмейді, менімен ғұмыр кешетінін әрі.
Ол білмейді, ол үшін тілек түзеткенімді де,
Мен білмеймін, не үшін жүрек дыз еткенін де.

Жоғалшы!

"Періштем",- деп алдаған ба ең,
Тағат таптырмас торы мұң.
Бір сізге байланысты ма ед,
Менің бақытты болуым?!
Сонда да жалғыз қалдыршы...

Сенімді жойып санамнан түгел,
Сезімді жөн ба ед жерлеуі?!
Бір сізге байланысты ма ед,
Менің махаббатымның өлмеуі?!
Сонда да көзіме көрінбеші...

Төгіле-тұғын жастан жалықтым,
Өмірдің сіз боп бал-уы.
Бір сізге байланысты ма ед,
Көздерім құрғап қалуы?!
Сонда да қараңды батыр!

Кешіріңіз!

Қадалған жанарыңыз, сүйсінген кескініңіз...
Есіңнен адасқанмен, қайтуға кеш, біліңіз!
Жүрегін ұсынбаған біреу ем сізден жатқа,
Қалайша ойда-жоқта боп кеттім ешкіміңіз.

Күрсінсең баяғыда барым сап күлдірер ем,
Сезімім ұйықтап кетті ұдайы мүлгімеген.
Кешірім сұрай қалсаң, кешіре беруші ем ғой,
Бұл жолы сіз емессіз жанымды тілгілеген.

Түбіме жетсе мейлі осынау менмендігім,
Жанға жай таптырмайды өзіңе сенген күнім.
"Ұмыта аласың сен, оңай ғой саған!" деген,
адамға айтыңызшы, қолымнан келгендігін!

Бір болсақ кімге осы тиер ед кесіріміз?
Атыммен қалып қойды тіркесіп есіміңіз.
Сіз мені түсінсін деп басқаға бере салғам,
Сүймей-ақ бірге болу қиын ә? Кешіріңіз!

Анамның болашақ күйеу баласы туралы...

Махаббатта өзінше әркім батыр-ез,
Бақыты үшін арпалысып жатыр өз.
Сенер тұста сенбеген боп шығатын,
Мама, сенің күйеу балаң қатыгез...

Сағынамын бірге өткен күзді аңсап,
Есімде жоқ тағдырымды бұзған шақ.
Біреу үшін маған сенім жоғалтқан,
Мама, сенің күйеу балаң қызғаншақ...

Өтсе-дағы талай бірге күн қызық,
Еркелікті сабырға жүр бұрғызып.
Көңіліме қарап тұрып ренжітер,
Мама, сенің күйеу балаң тым бұзық... 

Бар бақытын жоқ қылады бірде ұрсып,
Жүргеніммен жеңе алмаймын білгірсіп.
"Ақымағым",-деп әбден жылататын,
Мама, сенің күйеу балаң бір қырсық... 

Бір өзіне бұйырғандай атақ бар,
Мінезінде мен білетін шатақ бар.
Қайтсем екен оны айтшы бір ақыл,
Мама, сенің күйеу балаң тәкаппар. 

Алла білед(і), бақ қумаймыз бөлінсек,
Қуанармыз бақытты боп көрінсек.
Алаңдағым келмегенмен, қамығам,
Мама, сенің күйеу балаң еріншек. 

Болсаңыз да қандай күнім бағымсыз,
Алла жазған маңдайыма жарым – CІЗ!
Cезімімді біліп тұрып сұрайтын,
Мама, сенің күйеу балаң сабырсыз...

Өне бойы бір көңілім толмаған,
Онан нашар, одан жақсы болмаған.
Бір Құдайға тапсырсам да айтайын,
Мама, сенің күйеу балаң оңбаған.

Жазғыруды, кінәлауды доғарам,
Тағдырым да, бар мұңым да – сол адам. 
Мама, сенің нашар күйеу балаңмен,
Ең ғажайып бақытты жан бола алам...